Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Желіде Түркістан облысындағы мектептердің бірінің директорының балағаттап, төбелескен видеосы тарады

Желіде Түркістан облысындағы Қазығұрт ауданындағы мектептердің бірінің директорының туысымен төбелескен видеосы тарап кетті. Мұнда директер өте агрессивті түрде жағадан алып, балағат сөздер айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Кадрларда ер адам қарсыласын ұрып-соғып, оған күрес тәсілін қолданғысы келген. Одан бөлек, балағат сөздерді де естуге болады. Оларды куәгерлер әрең дегенде ажыратады.

Түркістан облысының білім басқармасы осы оқиғаға қатысты пікір білдірді. Олардың айтуынша, төбелес екі жыл бұрын болған. Ал бейнежазбаның неліктен желіде қазір ғана тарап кеткенін басқарма нақтылаған жоқ.

"Оқиға Түркістан облысының білім басқармасының бақылауында. Оқиға 2021 жылы директордың туысының үйінде болған. Бейнежазбадағы жағдайға келсек, директор спирттік ішімдік ішпеген, ашуланғандықтан әдепсіз сөздер айтқанын жеткізді. Оған қатаң сөгіс берілді", – деп сендірді Түркістан облысы бойынша адами даму басқармасының баспасөз қызметі.

Видео авторы мектеп директорының ұлы полиция инспекторы екенін және ол әкесінің барлық қателігінің артын жабатынын жеткізген.

Ал тәртіп сақшылары бұл ақпаратты жоққа шығара да, растай да алмады. Бірақ олар әріптесінің әрекетін қызметтік комиссия тексеретінін алға тартты.

"Бұл оқиға Түркістан облысы Қазығұрт ауданында екі жыл бұрын болған. Бұл факті бойынша полицияға ешкім арызданбаған және хабарламаған. Тексеру барысында бұл факті отбасылық жағдай екені анықталды. Яғни видеодағы ер адамдар бір-бірінің туыстары. 2021 жылы маусым айында отбасылық мереке болып, туыстар арасында түсініспеушілік орын алған.Артынша жанжалдасып қалған екі жігіт татуласқан. Қазіргі уақытта қызметтік тексеріс жүргізілуде. Оқиғаға учаскелік полиция инспекторының қатысы бар-жоғын және оның тарапынан қандай да бір заң бұзушылық фактілерінің бар-жоғын анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде", – деп хабарлады Түркістан облысы ҚДП баспасөз қызметінің өкілдері.

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 23 Маусым, 2023 10:42