Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Желі қолданушысы 1 жыл бұрын 1,9 миллион теңгеге салынған муралдың сапасына шағымданды (видео)

Әлеуметтік желіде Жетісу облысы Қаратал ауданының әкімдігі жол бойындағы 6 баннер мен кіреберіс арка үшін 1 миллион 900 мың теңге қаржы бөлгені туралы ақпарат тарады. Жергілікті тұрғындардың бірі осыдан бір жыл бұрын салынған баннерлердің сапасы сын көтермейтінін айтып, қаражаттың есебін сұрады. Бұл туралы Stan.kz тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  Жетісу облысы бойынша департаментіне сұрау салды. 

Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желі қолданушысы өз парақшасында Жетісу облысы Қаратал ауданы әкімдігінде мемлекеттік салу бойынша бірнеше құқықбұзушылықтар анықтағаны туралы видео жариялады. Айтуынша темірге салыған муралдың сапасы сын көтермей, бетіндегі бояуы кете бастаған. 

“Бояуды тат басқан. Бұл кепілдік шарттарына сай емес. Құжатта баннер 36 ай дейін шыдас береді деп көрсетілген. Бояудың кете бастағанына темір бетінің тегістелмеуі немесе сапасыз материалдарды қолданғандары себеп болса керек. Бұл жобаға мемлекет бюджетінен 1 миллион 900 мың теңге ақша бөлінген”, – деп жазды желі қолданушысы.

Оның айтуынша, мурал тіпті, жаңа емес, бұған дейін баннер ілген ескі металл конструкциясына салынған.

Осыған байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті пікір білдірді. 

“2017 жылы Талдықорған-Үштөбе облыстық автожолының 22 шақырымында баннерлер үшін металл конструкциясы (қаңқасы) мен кіреберіс арка қойылды. 2023 жылғы 7 тамызда "Қаратал ауданы Елтай ауылдық округі әкімінің аппараты" ММ эстетикалық дизайн қызметтеріне баға ұсыныстарын сұратуға конкурс жариялады”, – деп мәлімдеді ведомство.

Тендерлік құжаттамаға сәйкес қызмет құнына мыналар кіреді:

  • Келісімге келу үшін дизайн өңдеу;
  • Сурет салатын темір бетін дайындап, тегістеу;
  • Темір бетіне сурет салу;
  • Арканы "Қош келдіңіздер" және "Жолдарыңыз болсын" деген жазып, бүріккіш бояумен безендіру. 

Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша, 2023 жылы 14 тамызда "Тендер саласы" ЖШС 1900,0 мың теңге ұсынып, лот жеңімпазы атанған.

“Хаттама негізінде 2023 жылғы 21 тамыздағы №64 келісім шарт жасалды. Жасалған шарт бойынша шартқа қол қойылған күннен бастап 20 күнтізбелік күн ішінде қызмет көрсетілу керек. Бұл жұмыс түріне жобалық-сметалық құжаттама дайындалмайды. Қызмет құнын шамамен тапсырыс беруші коммерциялық ұсыныстар негізінде өзі белгіледі”, – деп жауап берді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті.

 

Талқылау