Жекеменшік емхананың директоры Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 80 миллион теңгеге жуық қаражат ұрлаған

Фото: “Kozachkov offside”
Жақында өткен Үкімет отырысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаражат жымқырылғаны анықталды. Қомақты қаржын жекеменшік медициналық мекемелер арқылы жымқырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Kozachkov offside” Telegram арнасының мәліметінше6 2023 жылы Дархан Нұрлыбеков өзіне тиесілі медициналық мекемеге заңсыз шамамен 16 мыңға жуық науқасты тіркеген. Оның бұл ісіне Денсаулық сақтау министрлігінің “Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының” елордалық филиалында маман болып жұмыс істеген Еркебұлан Абдрахманов көмектескен. Олар Астана қаласының ештеңеден бейхабар тұрғындарына, сондай-ақ елордадан және елден көшіп кеткен адамдарға өздері құжат рәсімдеген.
Кейін бұл адамдар дәрігерлердің қабылдауына жазылған, бірақ әрине, олар қабылдауларға бармаған. Ал құжат жүзінде дәрігердің әр қабылдауы ӘМСҚ қаражаты есебінен төленген. Қабылдауға жазылып, бармағандардың арасында жетім балалар да болған.
Нәтижесінде емхана шамамен 30 мың көрсетілмеген қызмет үшін ақы алып келген. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан аударылған қаражаттың жалпы сомасы 79 миллион теңгеден асып түскен.
Мемлекеттік органдардың тексерісінен кейін бұл заңсыз әрекеттер әшкереленіп, соған байланысты ӘМСҚ Нұрлыбековтен артық төленген қаражатты өндіріп алу үшін азаматтық тәртіппен сотқа жүгінді. Сондай-ақ бұл туралы құқық қорғау органдарына хабар берді.
Нәтижесінде қылмыстық іс қозғалып, іс тек Нұрлыбековке емес, оның сыбайласы Абдрахмановқа қатысты да тергелді. Тергеу барысында Абдрахмановтың да бұл схемадан өз үлесін алып отырғаны анықталды.
Сот екеуін де алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, Дархан Нұрлыбековті 5 жылға бас бостандығынан айырып, ал Еркебұлан Абдрахмановты 2 жыл 4 айға соттады. Екеуі де жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда өтейді.
Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.