"Жеке мәліметтерді сататын топтар бар": Алаяқтар жеке шоттардан ақшаны қалай ұрлап жүр?
Қазақстанда интернет-банкинг уақыт өткен сайын қарқынды дамып жатыр. Онлайн және мобильді банкинг тұтынушыларға тиімді мүмкіндіктер сыйлағанымен, екінші жағынан мұны алаяқтар да құр жібермеуде. Әсіресе, азматтардың банктегі жеке шотына қол салушылар көбейіп кетті. Алдаудың түрлі жолын пайдаланып жатқан алаяқтар банктегі есепшотты қалай оп-оңай шешіп алып жатыр? Интернет-банкингтерде қауіпсіздік барынша сақталғанымен, әккі айлакерлер қуылғын қалай жүзе асыруда? Заңгер Думан Базарбеков Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында соңғы уақытта интернетте кең тараған алаяқтықтың осы түрі туралы баяндап берді.
Алаяқтар адамдардың жеке мәліметтері мен деректерін сатады
Заңгер Думан Базарбеков ғаламтордағы алаяқтар азаматтарды алдау үшін түрлі қулыққа баратынын айтады. Әрі психологиялық-моральдық амал-тәсілдер арқылы адамдардың сезімімен ойнайды. Алматы қаласының адвокаттар алқасының азаматтарды қабылдау күндері алаяққа алданғандар міндетті түрде келеді. Олардың дені есепшотындағы қаржыларынан айырылғандар дейді заңгер.
"Қабылдау күндері осындай шағыммен келетін азаматтар міндетті түрде болады. Олардың айтуларынша алаяқтар телефондарына банк атынан қоңырау шалып оларға моральдық-психикалық айла-тәсілдерімен түрлі шабуыл жасаған. Осылайша өздерінің жүйелері арқылы қажетті ақпараттарын алып алған. Артынша мобильді қосымшаларындағы ақшаларын қалай аударып бергендерін білмей қалған",- дейді заңгер.
Белгілі заңгер алаяқтардың адамдар туралы жеке мәліметтерін қандай жолмен анықтайтынын айтып берді. Сөзінше, олар өздері сияқты қылмыстық топпен тығыз байланыста болады. Адамдардың жеке мәліметтері мен деректерін сататын топтардан алады. Сондықтан олар қоңырау шалғанда адамның толық аты-жөні мен қаржылық жағдайынан хабардар болып тұрады.
"Алдына-ала мәліметтерді олар сатып алады. Банк, колл-орталықтар, дисконтты карта тізімдері бар. Олар банктердің барлық жүйесін біліп алған. Мәселен, Халық банкте көбіне зейнеткерлер, Каспи банкте кәсіпкер тұтынушы көп екенін және екінші деңгейдегі банктерді кім жиі қолданатынын да әбден зерттеп алған. Сіздің есепшотыңыздан ақша ұрланып жатыр деген желеумен моральдық-психикалық әдіс тәсілдерімен қорқытып үркітеді. Мысалы біреуі қоңырау шалғанда дабыл қағып, адамды шок жағдайына жеткізетіндей сөздер айтады, енді бірі банк қызметкері ретінде хабарласып, адамды жұбатып, дұрыс жолын көрсеткендей сыңай танытады. Өз қауіпсіздігіңіз үшін осындай қосымшаны көшіріп алыңыз, қаржыңызды сонда сақтаңыз деген сияқты әңгімелерді айтып, соны жасатқызып алады. Осылайша алаяқтық жолмен ақшаларын жымқырып кетеді",- деп түсіндірді Думан Базарбеков.
Жасанды интеллект алаяқтардың көмекші құралы
Жасанды интеллект оның ішінде нейрондық желілердің жетістігі адамзатқа қауіптілігін де ала келді. Мамандардардың айтуынша әккі айлакерлер соңғы уақытта адамдарды жасанды интеллект көмегімен алдауға көшкен. Заңгер телефон алаяқтығының жаңа схемасы кең тарап жатқанын көмек сұрап келген жәбірленушілердің өзі мойындап отыр дейді. Сарапшы сөзінше, алаяқтар кез-келген адам туралы ақпаратты ашық-дереккөздерден де оп-оңай жинайды. Ашық дереккөздерге әлеуметтік желідегі парақшалары мен интернетте жарияланған дербес мәліметтері жатады. Осыдан кейін олар анонимді телефон нөмірлерімен қоңырау шалады. Ондағы мақсат дауыс жазбасын жазып алу. Жасанды интеллекттің көмегімен дыбыстық жазбаны өңдеген соң, алаяқтар түрлі алдау схемаларымен жымысқы әрекеттерін жүзеге асыра береді.
Банк шотынан ақша шешетін алаяқтардың әдісі
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері бойынша соңғы 11 айда елімізде 19864 интернет-алаяқтық ісі тіркеліпті. Оның ішінде төлем карталары бойынша 267 қылмыстық іс тіркелген.
Тек Астана қаласының өзінде 11 ай қорытындысы бойынша 4250 интернет алаяқтық, банк қызметкерімін деп таныстырған қоңыраулар бойынша 493 іс тіркелген.
Астана қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Айдар Қонысбек алаяқтар банк карталарының деректерін алудың түрлі әдісін ойлап тапқанын айтады. Оларға картаның нөмірі мен оның артқы жағындағы жағындағы үш таңбалы кодты (CVV/CVC коды) біліп алса жеткілікті дейді.
"Банк шоттарынан алаяқтық жолмен ақша шешіп алу кейінгі жылдары қатты дамып кетті. Кең таралған біреуін айтайын. ОЛХ сияқты қосымшаларда түрлі хабарландырулар бар. Сол хабарландыруға сатып алушы кейіпінде алаяқтар хабарласады. Олар тауардың ұнағанын, алайда басқа қалада екенін айтады. Курьерлік қызмет арқылы тауарыңызды алсам дейді. Сонымен сізге сілтеме жібереді. Ол жерге адамдар банк карточкаларындағы мәліметтерін тереді. Карта нөмірі мен арт жағындағы үш таңбалы кодты теріп енгізеді. Алаяқтар поштаның курерлік қызметі келіп тауарды алып кетеді және сол курьер ақшаны береді деп сендіреді. Адамдар соған сенеді. Осылайша олар фишингтік сайтқа сілтеме арқылы өтеді. Ал ол пошталық қызмет көрсететін сайтқа ұқсас болып келеді. Соны терген бетте, алаяқтар оны көре алады. Артынша ақшаны картадан оп-оңай шешіп алады",- дейді полиция өкілі.
Полиция басқармасының өкілі ОЛХ және басқа да қосымшаларда курьерлік қызмет мүлдем жоқ екенін ескертеді. Адамдар өздерінің қауіпсіздігі үшін интернет-банкингтердегі лимитке шектеу қойып қою керек дейді полиция өкілі. Ал ол тетік ашық тұрса, алаяқтар картадағы қаржыны еш кедергісіз шешіп алады.
“Алаяқтар ақшаны шешіп алу үшін өздерінің онлайн платформаларын пайдаланады. Олар адамдардан Anydesk, Teamviewer, Rustdesk сынды арнайы бағдарламаларды жүктеп алуын сұрайды. Осы қосымшаларды жүктегеннен кейін қашықтықта отырып-ақ телефондағы барлық мәліметке ашық қол жеткізе алады. Тіпті осы бағдарламалардың көмегімен өзге адамның атынан несие де рәсімдей алады”,- дейді полиция аға лейтенанты Айдар Қонысбек.
Банк қоңырауы: Есепшотқа ақша аудартудың жаңа схемасы
Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкіл кең тараған интернет алаяқтықтың тағы бір түрін айтты. Алаяқтардың банк қызметкері ретінде таныстырып қоңырау шалуы да Қазақстанда көбейген.
"Аляқтар өздерін банк қызметкері ретінде хабарласып, “сіздің есепшотыңыздан біреу ақша шешкелі жатыр немесе сіздің атыңыздан несие алуға осындай адам банк бөлімшесіне келіп тұр” деген желеумен хабарласады. Оған жол бермес үшін сіз арнайы бағдарлама жүктеуіңіз керек, сол бағдарламалар арқылы шотыңыздағы ақшаны сонда аударуыңыз керек деп адамдарды сендіруге тырысады. Осы әрекеттерін жүзеге асырған соң, олар аударылған қаржыны басқа шоттарға бірден аударып жібереді. Бізде қалыптасқан термин бар – дропер деген. Сол дроперлерге шотына ақша аударады. Ол дроперлер ондай жұмыстарды интернет арқылы табады. Ол көбіне телеграмм желісінде болады. Мысалы тез ақша табу, оңай ақша деген секілді",- дейді полиция өкілі.
Алаяқтар қажетті деректерді қайдан алады?
Короновирус пандемиясынан кейін Қазақстанда онлайн бизнес қарқынды дами түсті. Интернет дүкендердің қызметі тұтынушыларға ыңғайлы мүмкіндіктер қарастырып қойған. Алайда бұл мүмкіндікті алаяқтар мен хаккерлер де құр жіберумеуде. Құзырлы орган өкілі алаяқтардың интернет дүкендерін пайдаланып жеке тұлғалардың есепшоттарынан қалай ақша жымқыратынын түсіндіріп берді.
“Адамдар көп жерлерде сілтемелерге өздерінің жеке мәліметтерін қалдырады. Олар түрлі интернет дүкендерде сауда жасайды. Сосын бонус жинау үшін және түрлі жеңілдіктер мен байқауларға қатысу үшін өздерінің жеке мәліметтерін анкетаға толтырып қалдырады. Ондай интернет дүкендерде банктік деңгейдегідей қауіпсіздік қатты қарастырылмаған. Ол сайттарды хакерлер оп-оңай бұзып алуы мүмкін. Осындай сайттарға шабуыл жасаған хакерлер, адамдардың жеке мәліметтері мен банктік төлем карталарының мәліметтерін алып басқа алаяқтарға сатады. Осылай ортада бизнес жүреді”,-деп түсіндірді жедел уәкіл Айдар Қонысбек.
Басқа шотқа аударған ақшаны қайтаруға бола ма?
Құзырлы органдар үшін интернет желісі арқылы жасалатын алаяқтықтың бір кемшілігі олардың шетелде отыруында дейді. Басқа мемлекетте отырып-ақ шабуылдарын жасай береді. Тек ол үшін адамдардың жеке мәліметтерін біліп алса жеткілікті.
“Ақшаның кеткен жолын іздеу үшін біз банктің соттық санкциясын алу арқылы шоттарға сараптама жасаймыз. Алаяқтар өз шоттарына аударып алған ақшаның қажетті процентін өздеріне алып қалып, қалғанын криптовалютаға айналдырып жібереді. Біз тек ортада делдал болған дроперлерді анықтап, олардың үстінен қылмыстық іс қозғаймыз. Жәбірленушілер сол дроперлерден ақшаларын қайтарып алуына мүмкіндік бар. Тікелей алаяқтардан иесіне қайтарылған ақшалар болған, бірақ ол санаулы ғана. 99 пайызында шоттарда ақша қалмайды. Өйткені ақша түскен бетте басқа шоттарға аударып жібереді, одан әрі оны криптовалютаға айналдырып, ол ақша шетелге кетіп қалады. Криптавалютаға кеткен ақшаны қайтару қиындау”,-деп қортындылады сөзін Астана қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Айдар Қонысбек.