Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Күн сайын 20 000 теңге беруге уәде берген": Қазақстандық азамат ИП-сін жалға беріп, алаяқтардың құрбаны болды

Иллюстрация: Stan.kz

Қазақстандық азамат жеке кәсібін жалға беремін деп, алаяқтардың құрбаны болды. Енді ол кәсібінің атынан істелген заңсыз әрекеттер үшін салық органдары мен банктің алдында жауапты болудан қорқып отыр. Stan.kz ақпарат агенттігі адвокат Нұрсұлтан Нұрлановтан алаяқтардың құрбанына айналған адамға қандай жауапкершілік артылуы мүмкін екенін сұрап білді.

Оқиғаны кәсібін жалға берген азаматтың Саида деген қарындасы әлеуметтік желіде айтып берді. Саиданың сөзінше, ағасы “балаларға арналған тауарды сатамыз” деп ұсыныс жасаған белгісіз адамдардың сөзіне сеніп, жеке кәсібін қолдануға рұқсат берген. Олар ағасына өтемақы ретінде күн сайын 20 000 теңге төлеуге уәде берген. Оның үстіне, “таза кәсіппен” айналысатындарын, келісімшарт жасап, жеке кәсібін заң бойынша пайдаланатынын айтқан.

Қазақстандық азамат алғашында ештеңеден күдіктенбеген. Дегенмен біраз уақыт өткеннен кейін ол жеке кәсібі арқылы ірі сомадағы қаржылай операциялар жасалатынын, қомақты ақша аударылып, лезде шешіліп жатқанын байқаған. Кейін ол жеке кәсібін балаларға арналған тауарды сатумен айналысатын саудагерлер емес, ақша шығарумен, яғни дропперлік қызметпен айналысатын алаяқтар екенін білген.

Дереккөз: https://www.threads.net/@saidaturl

Қазір ол алаяқтармен байланысқа шыға алмай отыр, жалға алғандар іс-түссіз жоғалып кеткен. Ал барлық заңды жауапкершілік жеке кәсібін қолдануға берген азаматтың мойнында қалған. 

“Осы істі істеген әйелдің бірінің фотосы мен жеке куәлігінің суреті бар. Қазір оларды іздеп жатырмыз. Танитындар болса, айтсаңыздар”, – деп жазды Саида әлеуметтік желідегі парақшасында.

Заңгер Нұрсұлтан Нұрлановтың айтуынша, жеке кәсібін жалға беру Қазақстан заңнамасы бойынша қылмыс болып саналмайды. Дегенмен адвокат мұндай іспен айналыспауға кеңес береді. Себебі жеке кәсібін пайдалануға берген адам басқа да қауіп-қатерге тап болуы мүмкін. 

“Көбіне алаяқтың құрбаны немесе өздері білмей алаяқтың серіктесі болып кетуі мүмкін. Әдетте алаяқтар жеке кәсіпті, банк картасын дропперлік қызмет үшін қолданады. Яғни өзге біреудің атынан үлкен сомадағы заңсыз, ұрланған қаражатты аударып, шешіп алады. Мұндай кезде адам дроппер ретінде күдікке ілініп қалуы мүмкін. Оған қоса кейбір алаяқтар өзге біреудің жеке кәсібін жалға алып, ол арқылы Kaspi.kz-тің онлайн дүкеніне тауар салады. Бірақ клиенттің ақшасын алып, тауарды бермей, алдап кетуі мүмкін. Мұндай кезде әлгі клиент арызданса, сол жеке кәсіп кімнің атына тіркелсе, сол жауапты болады. Сол себепті Kaspi.kz жеке кәсіпті жалға алуға-беруге болмайтынын ескертіп жазып қойған”, – дейді Нұрсұлтан Нұрланов.

Заңгердің сөзінше, жеке кәсіп атынан жасалған аударымдарға, операцияларға сол кәсіп иесі ғана жауапты болады. Сонымен қатар ол өзгелердің аударымына, қаражатына байланысты келген барлық салықты, төлемді төлеуге де міндеттеледі. Ал банк күдікті жеке кәсіптердің шотын бұғаттап, арестке қояды.

“Жеке кәсібіңізді жалға беріп, бірақ кейін оның заңсыз әрекеттер үшін қолданылып жатқанын байқасаңыз, бірден полицияға барыңыз. Мән-жайды толық түсіндіріңіз. Сонда сіз алаяқтың құрбаны болып саналасыз”, – дейді маман.
Наргиза Аршидин
Дүйсенбі, 21 Сәуір, 2025 17:22
Талқылау