Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"1 жыл бойы стресте жүріп, ауруым бар екенін білмегем": Қатерлі ісікке шалдыққан 22 жастағы музыкант қазақстандықтардан көмек сұрады

Фото: Райымбек Дауылбаевтың жеке архивінен

22 жастағы атыраулық Райымбек Дауылбаев қатерлі ісікпен ауырады. Студент музыкалық жарысқа дайындаламын деп жүріп, уайымы көбейгеннен осы ауруға шалдыққанын айтты. Ауру шап пен кеуде қуысына шауып, қазір ол Оңтүстік Кореяда ем алып жатыр. Музыкант жігіт денсаулығын қалпына келтіру үшін қазақстандықтардан көмек сұрайды. 

“Қатерлі ісік екенін білгенде қатты қорқып кеттім”

Райымбек Дауылбаев Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 3-курсында "Шертер" мамандығында оқиды. Жігіт ауруға шалдыққанын 2024 жылдың қазан айында білген. 

"Бұл кезде "Шабыт" халықаралық конкурсы болған еді. Конкурсқа дайындықты бастағанда оң жақ жұмыртқам үлкейе бастады. Кейін ауырғаны жиілеп, ісіді. Сол кезде болмашы бір ауру бар деп, мұндай аса бір қатты дәрежеге жетеді деп ойламадым. Алматыға барып қаралғанда қатерлі ісік бар екенін айтты. Қатерлі ісік екенін білгенде қатты қорқып кеттім. Не істерімді білмедім... Қатерлі ісік сол кезде мүлдем жазылмайтын ауру деп ойладым. Ауруым туралы ғаламтордан іздеп, зерттедім. Сол кезде бұны емдеуге болатынын біліп, тек жүйелі түрде ем-дом жасау керек екенін түсіндім", – деді Райымбек Дауылбаев.

Райымбек қазір химия терапияның төрт курсынан өткен. Оған 3-сатыдағы "Оң жақ шап аймағындағы аралас герминогенді ісік" диагнозы қойылған. Райымбектің сөзінше, бір жұмыртқада бірнеше обыр жасушасы табылған. Бұл – әлем бойынша 600 адамнан ғана табылған обыр жасушасының бір түрі. Соның ішінде бірнешеуі өте белсенді болған. Студент бұл аурудың бар екенін елемей, 1,5 жылдай білмей жүре берген.

"Конкурсқа дайындалғанда қатты қобалжыдым. Себебі осыдан 4 жыл бұрынғы байқауда сәтсіз өнер көрсеткеннен кейін өзімді осы жолы жақсырақ, мықтырақ көрсеткім келді. Сайыс кезінде дұрыс отыра алмайтыныма қарамастан, екі номинацияға қатыстым. Екі кезеңде сәтті ойнап, ансамбльмен І, ал өзім ІІ дәрежелі орын алдым. Музыкалық конкурсқа дайындалып жатқан кезде дұрыс режим сақтамау, иммуниттің төмендеп кетуі, ұйқы режимінің бұзылуы стреске әкеп соққан. Содан кейін бұл аурудың асқынып кетуіне ықпал етті. Сол кезде жұмыртқа үлкейіп, асқынып, метастаза берген. Іш қуысы ағзаларыма, соның ішінде бауыр, асқазан және ішек жатады, кеуде қуысы ағзаларыма тарап  кеткен", – деді Райымбек.

“Операцияға 7 күн қалды”

Райымбек Дауылбаевтың жақындары мен достары бастапқыда оның мұндай дертке шалдыққанына сенбей, қабылдамаған.

"Ең бірінші әкеме айттым, ол абдырап қалды. Әкеме ешкімге айтпаңыз десем де, анама айтып қойған. Сөйтіп жақындарым бұл жаңалықты төбесінен жай түскендей қабылдады. Маған екі күндей хабарласпады. Кейін естерін жиып, қолдау көрсете бастады”, – деді Райымбек.

 Өкінішке қарай, Райымбекте химия терапия қабылдағаннан кейін денсаулығында қиындықтар басталған.

"Саусақтарым өте сезімтал болып кетті, өйткені пернелерді басқанда қатты ауырады. Денем ісіп, пневмония пайда болды. Кейде жүріп келе жатқанда арқам бірден ұстап қалады. Тісім ісініп кетеді, басым ауырады, тынысым тарылып, ентігемін. Қол-аяқтарым ауырсынып, бір әрекет жасасам, саусақтарым жансызданып қалғандай болады. Мұрыннан қан судай ағады. Құлағым шыңылдайды, аз ғана қозғалыстан шаршап қаламын. Кейде "бұл неге менің басыма келді?" деп ойланамын. Кейін мұндай жағдай жақындарымның емес, өзімнің басыма келгеніне шүкір дедім", – деді Райымбек.

Фото: Райымбек Дауылбаевтың жеке архивінен

Студентке Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында алғаш рет ісікке ота жасалып, бір курс химия терапия қабылдаған. Алайда дәрі-дәрмек сапасының төмендігі қиындық тудырған соң, туыстары Оңтүстік Кореядағы Сунчонхян клиникасына апаруға шешім қабылдайды. Қазір ол төрт курс ем алып, оң нәтиже байқалып жатқанын айтты.

Дегенмен Райымбек химия терапияның бір курсының өзі 2 миллион теңгеге шыққанын айтады. Скринингтің өзі 3 миллион теңгеге жеткен екен. Ал жатын-орны 500 мың теңгеден асып жығылған. Тамақтары өте қымбат дейді. Студент жігіт енді осы айдың 28 сәуірінде өзін екі үлкен операция күтіп тұрғанын еске салды. Сол уақытқа дейін ақша жинап үлгеру керек екенін айтып, қазақстандықтар көмек сұрады.

Көмек көрсету үшін реквизиттер: 💳 Kaspi Gold: 4400 4303 9507 6000, Halyk Bank: 4405 6397 5382 0495, 📱телефон нөмірі: +7 771 901 50 76 (Артур Исанов)

"Бірінші ең күрделі отаның бірі  бүйрекке жасалады. Мұнда операцияның құны – 40 миллион вон, шамамен 14,5 миллион теңге болып тұр. Екінші операцияның қанша теңгеге жететінін білмеймін. Әлі нақтылап сұраған жоқпыз. Бұдан бөлек ауруханада жатып-тұру мен анализдерді қосқанда көп шығын кететін секілді. Бірінші операцияның өзі 20 миллион теңгеден асып кететін шығар деп ойлап отырмыз", – деді Райымбек Дауылбаев.

Фото: Райымбек Дауылбаевтың жеке архивінен

Райымбек ауыра бастаған соң достарының, туыстарының, жақындарының қадірін бұрынғыдан да артық түсінгенін атап өтті.

"Кез келген нәрсе, соның ішінде ауру да жайдан-жай келмейді. Әр нәрсенің бір қайыры болады. Мүмкін бұл Алланың маған деген ерекше мейірімі шығар. Мен мұны сынақ емес, мені шынықтыру үшін берілген мүмкіндік деп қабылдадым. Сол сәттен бастап өзіме бәрін жеңіп шығамын деп уәде бердім. Арманым – елге көмегім тиетін адам болу. Әсіресе, музыка саласында арманым көп. Бұл арманға бірден емес, бірақ біртіндеп, мақсат қойып, соған ұмтылсам, жетуге болады деп сенемін", – деді Райымбек Дауылбаев.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 21 Сәуір, 2025 17:15
Талқылау