"Kaspi-ден тапсырысыңыз келді": Алаяқтар қазақстандықтарды арбауына түсіретін жаңа әдіс ойлап тапты

Қазақстандық қыз Kaspi қосымшасы арқылы затқа тапсырыс беріп, алаяқтардың арбауына түсе жаздағанын айтты. Ол жеке деректерінің алдаушылардың қолына қалай түскеніне таңданысын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстандық қыз жағдайдың мән-жайын Threads желісіндегі парақшасында баяндады. Ол Kaspi Магазин арқылы йогаға арналған кілемшеге тапсырыс берген екен. Осыдан кейін алаяқтар хабарласып, код сұрапты.
“Алаяқтар мені де алдайды деп мүлде ойламаппын. Кеше ғана Kaspi арқылы йогаға арналған кілемшеге тапсырыс бердім. Бүгін жеткізілуі тиіс болған. Десе де белгісіз нөмірден қоңырау шалып, өзін курьер деп таныстырып, затты бір сағатта жеткізетінін айтты. Дауысы сенімді естілді. Сосын үйде жоқ екенімді, басқа адам күтіп алатынын жеткіздім. Ал әлгі адам тапсырысты күтіп алатын адамға рәсімдейтінін айтты. Сосын менен төрт таңбалы код сұрады. Сонда ғана күмәнданып, алаяқтық әрекет екенін түсіндім”, – дейді қазақстандық.
Осылайша ол қазақстандықтарды сақ болуға шақырып, SMS арқылы келген кодты ешкімге айтпауды сұрады.
“Әлі күнге дейін бір сұрақ мазалайды. Kaspi Магазиндегі дерек алаяқтардың қолына қалай түседі? Олар аты-жөнімді қайдан біледі? Телефон нөмірімді қайдан алған? Бұл жағдай неге тапсырысыммен тұспа-тұс келіп отыр? Ең қорқыныштысы жеке деректердің біреудің қолында жүргенін түсіну”, – деді ол.
Фото: Threads
Аталған жағдайға Kaspi.kz тарапы пікір білдірді. Олардың мәліметінше, клиенттің дерегі заңға сәйкес қорғалады және бөгде адамдарға берілмейді.
“Kaspi.kz клиенттерінің дерегі банк құпиясы туралы заңнамаға сәйкес қорғалады және үшінші тұлғаларға берілмейді. Өкінішке қарай, алаяқтар мәліметті көбіне ашық дереккөздерден — әлеуметтік желілерден, хабарландыру сайттарынан, түрлі сервистер мен Kaspi-ге қатысы жоқ базалардан жинайды. Кейде адамды алдау үшін телефон нөмірі немесе жеткізілімді күтіп отырғаны туралы ақпараттың өзі жеткілікті болады”, – делінген жауапта.
Сонымен қатар Kaspi.kz тарапы қазақстандықтарға маңызды ескерту жасады:
- Kaspi қызметкерлері ешқашан SMS арқылы келген кодты сұрамайды;
- барлық хабарлама мен операция тек Kaspi.kz қосымшасында көрсетіледі;
- егер күмән туындаса, әңгімені бірден тоқтатып, банкке жүгінген дұрыс.
“Жеке деректерімнің қауіпсіздігіне алаңдаймын”
Cондай-ақ басқа да желі қолданушылары осындай жағдайға тап болғанын айтып, басынан өткен жағдайды баяндады.
Тағы бір қазақстандық қыз алаяқтардың құрығына түсе жаздағанын айтты. Ол да Kaspi арқылы тапсырыс беріп, жеткізу тәсіліне постаматты таңдаған. Сол кезде өзін курьер ретінде таныстырған адам қоңырау шалып, постамат істемей тұрғанын, үйге жеткізетінін айтып, код сұраған екен.
“1414 нөмірінен растау коды келді. Осы сәтте күмән туып, әлгі адамға қазақша сөйлей бастадым. Қазақ тіліне қызмет көрсетуді сұраған кезде, ол ашуланып: “жаңа ғана орысша сөйлестік қой” деп дөрекі жауап берді. Мен де қалыспай, Kaspi мен 1414-тің қандай қатысы барын сұрадым. Сол кезде ол ашуға беріліп, “иә мен алаяқпын” деп жауап берді”, – дейді қазақстандық қыз.
Фото: Threads
“Маған да біреу хабарласты. Өзін курьер ретінде таныстырып, жеткізу қызметі екенін айтып, ЖСН нөмірімді сұрады. Алайда, ол маған үш жыл бұрын тұрған мекендайымды айтқан соң, бірден бұғаттадым".
“Өзін курьер деп таныстырған біреу WhatsApp арқылы қоңырау шалды. Жеткізетін зат барын айтты. Өзім басқа қалада жүрген едім. Тапсырыс бермегенім де анық. Сонда да, жеткізе беріңіздер, үйдегілер қабылдап алады деп айттым. Сол кезде әлгі адам төрт таңбалы код сұрады. Бірден күмәнданып, қоңырауды өшіре салдым. Нөмірім еш жерде тіркелмеген. Үш жылдан бері осы нөмірді қолданып жүрмін. Осы оқиғадан кейін жеке деректерімнің қауіпсіздігіне алаңдап қалдым”, – деп жазды бірі.
Фото: Threads
“Мұндай қоңыраулар тек Kaspi-ге қатысты емес. Маған да біреулер хабарласып, өзін Temu қызметкері ретінде таныстырды. Олар аты-жөнімді толық айтты. Алайда мен ешқандай тапсырыс бермеген едім. SMS арқылы растау коды келген соң бәрін бірден түсіндім”.
“Жеке мәліметтер кез келген жерден тарап кетуі мүмкін. Мәселен, ұялы байланыс операторынан, маркетплейстерден, тамақ жеткізу қызметтерінен. Мәселен, жақында менің де жеке деректерім тарап кетті. Екі аптадан бері алаяқтар үздіксіз хабарласып жүр. Бірде “Kaspi жеткізу”, бірде Temu, енді бірде “Қазпоштадан” деген сылтаулармен хабарласады".
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық зейнеткер алаяқтарға 10 миллион теңгеден астам ақша аударып жібергені туралы жазған едік.
Қазақстанды дүр сілкіндірген оқиға: Өзінен 12 жас үлкен әйелмен некелескен Кристина Чернышева оның қолынан қалай көз жұмды