Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жеке басында психологиялық проблема бар": Бас әскери прокурор Челахтың жыл сайынғы шағымдарына қатысты түсініктеме берді

Бас әскери прокурор Арқанкерген шекара бекетіндегі қанды оқиғадан соң өмір бойына бас бостандығынан айырылған Владислав Челахтың жыл сайынғы шағымдарына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: kaz.nur.kz

Сәкенов сенат кулуарында журналистерге Челахтың жыл сайын прокуратураға арызданатынын, алайда жаңа мәліметтер көрсетілмейтінін айтты.  

“Челах ісі бойынша сот үкімі 2012 жылы күшіне енген болатын. Оның ісі апелляциялық сотта, Жоғарғы сотта қаралды, бірақ үкім өзгерген жоқ. Алайда содан кейін талай рет шағымданған болатын. Бірақ В. Челахтың іс бойынша айтқан деректері дәлелденген жоқ. Менің ойымша, сондықтан соттың үкімі заңды", – деді ол. 

Бас әскери прокуратура оларды жан-жақты қарастырып келеді. Мәселе кейбір психологиялық ерекшеліктермен байланысты болуы мүмкін екенін жеткізді. Оның барлық шағымдары органдарға жіберіледі.

"Ол өз шағымында тың мәліметтер көрсететін шығар деп оның айтқандарын тыңғылықты зерттеп келеміз. Бірақ ол бұрынғы мәліметтерді жазып жатыр", – деді Бас әскери прокурор.

Сондай-ақ, журналистер Бас әскери прокурордан "Арқанкерген" заставасындағы оқиғалардың шынайылығына қатысты пікірін сұрады.

"Мен мемлекеттік органның өкілі ретінде және адам ретінде егер үкім бірнеше рет шағымданғаннан кейін заңды күшіне енсе және қандай да бір жаңа дәлелдер келтірілмесе, демек, солай болды деп есептеймін. Мен бұл процеске қатыстым, ол ашық түрде өтті, барлық қылмыстық іс жүргізу нормалары сақталды. Менде үкімге күмән келтіруге негіз жоқ", –  деді ол.

Еске салайық, 2012 жылы мамырдың 27-сінен 28-іне қараған түні Алматы облысының "Арқанкерген" шекара бекетінде 14 шекарашы және бір қорықшы қаза тапты. Аман қалған он бесінші сарбаз Владислав Челах шекара бекетінен 20 шақырым жерде орналасқан қыстаудан табылды. Тергеу жұмысы барысында В.Челах басты күдікті ретінде қарастырылып, қамауға алынды. Бұл іс бойынша сот үкімі 2012 жылы 11 желтоқсанда шығып, сот Челахты 15 адамды өлтірді деп таныды. Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды.


 

Талқылау