Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жастарға берілетін мүмкіндік: Тәжірибесіз қалай жұмысқа тұруға болады

Бүгінде елімізде оқуын тәмамдап, жұмыссыз жүрген жас азаматтар жетерлік. Бірақ “Алғашқы жұмыс орны” жобасы туралы естіген жастар еңбектеніп, еліміздің дамуы үшін үлестерін қосып жатыр. Олардың ұлттық жоба бойынша жұмысқа қалай орналасқанын, қазіргі таңда еңбек жолы қандай екенін Stan.kz сайтынан оқыңыз.

Суретте Ақнұр Қыпшақ 

21 жастағы Ақнұр Қыпшақ – Қызылорда облысы Арал қаласының тумасы. Ол Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің “Әлеуметтану” мамандығын қызыл дипломға бітірген. 

“Оқуды бітіре салысымен бірден жұмысқа тұрып кетпедім. Өзімнің жеке шешімім бойынша, туған жерімде ата-анамның, бауырларымның жанында екі айдай демалуды жөн көрдім. Тамыз айының ортасынан бастап қана өз мамандығым бойынша жұмыс қарастыра бастадым. Алғашқы еңбек жолымды еліміздің елордасы – Астана қаласынан бастауды жөн көрдім”, —  дейді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі.

Жас маман үшін Астана мүмкіндіктерге толы қала болғандықтан, елордаға көшіп барды. Келе салысымен құжаттарын реттеп, еңбек мобильділігі орталығына тапсырды.

“Орталық қызметкерлері Астана қаласында менің мамандығым бойынша қандай мекемелерде бос жұмыс орындары барын айтып, таныстырды. Солардың арасынан “Аманат” партиясының Астана қалалық филиалын таңдаған болатынмын. Дәл сол күні маған осы мекемеге жұмысқа тұруға сұхбаттан өтуге жолдама келді. Ұзаққа созылған сұхбаттан кейін мені “Аманат” партиясының Астана қалалық филиалына жұмысқа қабылдайтынын айтты. Қуанышым қойныма сыймады”, — деді ұлттық жоба қатысушысы.

Суретте Ақнұр Қыпшақ 

Қазіргі таңда Ақнұр “Аманат” партиясының елордалық филиалының саясат бөлімінде еңбек етіп жатыр. 

“Осы мекемеде, дәл осы бөлімде жұмыс істеп жатқаныма өте қатты қуанамын. Себебі өз мамандығымды сүйіп оқыдым. Әлеуметтанушы үнемі халықпен етене жұмыс істейтіндіктен, осы мамандықты таңдадым.  Халқыма жақын болғым келді”, — дейді Ақнұр Қыпшақ. 

Маманның айтуынша, бәріміз бір социумда өмір сүріп, күнделікті мәселелерді көріп жүргенімізбен, сол жағдайларды көріп қана қоймай, олардың шешілуіне себепші болуымыз қажет. Халықтың дауысы билікке жетуі үшін ортада дәнекер болу – жауапкершілігі мол іс. 

“Халықпен жұмыс істеу оңай шаруа емес. Адамдар әр түрлі болады, бәрінің бірдей көңілінен шыға алмайсың. Жиырма бір жасымдағы күш-қуатымды өзіме ғана емес, халықтың жағдайына араласуға жұмсап жатқаныма қуаныштымын”, – деп қорытты әңгімесін Ақнұр.

Бүгінгі күні еңбек етемін деп, талпынып тұрған жандарға мүмкіндік көп. Ұлттық жобалардың тиімді пайдаланса болғаны. Қазақта “Атаңның баласы болма, адамның баласы бол”, – деген өсиетті сөз бекер айтылмаған. 

Ақбота Ермекбаева Қызылорда облысы Арал қаласында орналасқан “Маржан тіс” тіс емханасында мейірбеке қызметін атқарады. 2022 жылы “Мейірбеке ісі” мамандығы бойынша Семей медициналық колледжін тәмамдаған.

Суретте Ақбота Ермекбаев

“Бала кезімде медицина саласында жұмыс істеймін деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Бірақ өсе келе бұл мамандық ұнай бастады. Сол себептен оқуымды аяқтағанымда көзім осы бағытқа түсті”, — деді жас маман.

Оқуын бітіре салысымен, түлектің алдында жұмысқа орналасу мәселесі тұрды. Тәлімгердің ұсынысымен еңбек мобильділігі орталығының көмегіне жүгінді. Онда оған “Алғашқы жұмыс орны” жобасы арқылы тіс емханасында мейірбеке болып жұмыс істеу ұсынылды.

“Жаңа жұмыс орнымда білмейтін көптеген қызықты медициналық ақпарат алу үстіндемін. Жұмыс барысында мейірбеке мамандығына қызығушылығым артып, өз ісімді сүйе бастадым. Қазір өз жұмысымнан тек қана ләззат аламын”, — деді мейірбеке.

Ақботаның айтуынша, “Алғашқы жұмыс орны” жобасы – жас маман иелеріне берілетін үлкен мүмкіндік. 

“Оқуын тәмамдап, дипломмен келген түлектер үшін жұмысқа орналасу қиын. Ал бұл жобаның ең үлкен артықшылығы тәжірибеге қарамай, жастарды жұмыспен қамту. Не дегенмен тәжірибе уақыт өте келе келеді деп ойлаймын”, — деді жоба қатысушысы.

“Маржан тіс” клиникасында Ақбота тәжірибе жинауға, күрделі дүниелерді меңгеруге, өз ісінің шеберлерінен тәлім алуға мүмкіндік алды. Рентген аппаратына түсіруді, тіс хирургиясында қолданылатын құралдар, тіс күтімі жайлы пайдалы ақпарат алып, пациенттермен қалай араласу керектігін осы мекемеде үйренді. Қазіргі уақытта бойжеткен өз мамандығының қыр-сырын қанық біліп, тәжірибе жүзінде меңгерді. 

“Жалпы адамға жаңа ортаға бейімделу қиындау болады ғой, бірақ менде ондай жағдай болған емес. Бастықтарымның барлығы жақсы. Бұрында тіс емханасында жеке тәжірбием болмағандықтан, үйренерім көп болды. Аға-апаларым үйретіп жатыр. Әлбетте, әлі де үйренерім жетерлік. Маған ұнайтыны – әр күніміз неше түрлі қызықтара толы болатыны”, —  деп ойын бөлісті ол.

Бүгінде Ақбота білімін жетілдіруді жоспарлап жүр. Тәжірибе жинап, мықты маман болатынына сенімді. Оның ойынша, адам қашан да өз-өзін дамыту үстінде болуы керек. 

“Оқу, даму керек. Ешқандай қиындыққа мойымай, тек алға жүрсең ғана арман-мақсаттарыңа жетесің”, — деп өз ойын қорытындылады.

Еске сала кетсек, “Алғашқы жұмыс орны” жобасы – бірінші қызмет орнында кәсіби білім мен дағдыларды дамыту үшін 35 жастан аспаған жастарға арналған мансап. Атталмыш жоба бойынша жұмыс орнындағы қызмет ұзақтығы 18 айдан аспайды, аяқталғаннан кейін қатысушыға кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орны беріледі. Жолдама алу үшін тұрғылықты жері бойынша еңбек мобильділігі орталығына жүгіну қажет.

Талқылау