Қазақстандықтардың банк шоттарына енді жасанды интеллект талдау жүргізеді
Фото: Ru.freepik.com
Қаржылық алаяқтарды анықтап, қазақстандықтардың жинақтарын қорғау міндеті жасанды интеллектке жүктелмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңашылдық туралы Ұлттық банктің өкілдері мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, нейрожелі киберқылмыскерлерді азаматтар ақша аудармай тұрып анықтай алады.
“Біздің міндетіміз – деректерді толық көлемде талдауды үйрену. Яғни мобильді қосымшада адамның өзін қалай ұстайтыны, қандай беттерді ашатыны, оған кім қоңырау шалғаны сияқты процестерді зерделейді. Бірақ бұл ретте біз нақты адамды талдамаймыз. Ал мұның тұлғаның жеке ақпаратына қатысы жоқ. Яғни бізге бұл деректер анонимді түрде түседі. Ақпарат күмән тудырса, оны бірден бұғаттаймыз”, – дейді Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Бинұр Жаленов.
Жобаның пилоттық нұсқасын биыл іске қосу жоспарланып отыр. Жасанды интеллект банк шоттары мен телефон қоңырауларын дәл сол сәтте саралайды. Егер адам бейтаныс абонентке ірі көлемде ақша аудармақ болса, банк бұл операцияны уақытша бұғаттап, клиентпен байланысып, оның бұл әрекетті өз еркімен жасап жатыр ма, анықтайды.
Кейінгі 10 айда елде 60 мыңнан астам алаяқтық дерегі тіркеліп, 2,5 миллиард теңгенің ұрлануының алдын алды. Қазақстанда ең көп таралған алаяқтық түрі – өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, полиция немесе ұялы байланыс операторларының қызметкері ретінде таныстырып, алаяқтық жасау. Екіншісі – түрлі қаржы пирамидалары. Үшінші орында – "дропперлер", яғни өз атына ақша түсіріп, кейін оны алаяқтарға жіберетіндер. Ең сирек тараған алаяқтық түрлеріне – жалған лотереялар мен ұтыс ойындары, өтірік сатып алушылар мен сатушылар жатады.

"Күйеуім бала көтертпеу үшін вазэктомия жасатты": Екі баласымен корей азаматына күйеуге шыққан әйелдің өмірі қалай өзгерді
