"Жаппай төбелестің жанынан өтіп кетті": Астана тұрғыны полицейлердің әрекетіне шағымданды
Астана тұрғыны жаппай төбелес кезіндегі полицейлердің әрекетіне шағымданды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Елорда тұрғыны әлеуметтік желіде жазба жариялап, өз көзімен куә болған оқиғаны баяндады.
“Бүгін 23.04.2023 түнде ұйықтар алдында серуендеуге шықтым, уақыт – 01:36. Мен үйді айналып өттім, сонда... "Панаехали" кафесінің жанында төбелес болып жатыр екен, жастар, 10-12 адам. Көшеде шамамен 25 адам бақылап тұр. Бірте-бірте төбелес "АСИ" ТК-не қарай жылжыды, мен төбелестің жанынан өтіп, серуендеуді жалғастырдым. Осы кезде полиция патрульі өтті. Бірнеше төбелесуші көлікті көріп, қаша бастады”, – дейді жазба авторы.
Алайда, куәгердің жазуынша, патрульдік полиция қызметкерлері 200 метр өтіп, көлігін тоқтатады.
“ Борттық нөмірі 022. Маған қызық болды, қарап тұрдым. Қашқандар қайтып келіп, төбелес жалғасты. Мен жолдың бойында, патрульге қарама-қарсы тұрып, әрі қарай не болатынын күттім. Содан кейін... екінші патруль төбелесіп жатқан жастардың жанынан өтіп, әрі қарай кетті. Жол бойында тұрған патруль, қадала қарап тұрғанымды түсініп, “Қобыз” сарайына қарай кетіп, сонда тоқтады. Бір-екі минуттан кейін олар кетіп қалды”, – дейді ол.
Автордың жазуынша, төбелес әрі қарай басқа тұрғын үй кешініне қарай ауысқан. Даладағы шу тағы 30 минутқа созылған. Куәгер Есіл АІІБ оқиға болған жерге жақын орналасқанын айтты.
Аталған жағдайға Астана қаласының полиция департаменті түсініктеме берді.
“Бұл факт бойынша полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеру тағайындалды, нәтижелері бойынша құқықтық баға беріледі.
Сонымен қатар, елордада қоғамға жат және қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзу әрекеттерінің жолын кесу мақсатында тәртіп сақшылары құқық бұзушылықтың куәгері болсаңыз, дереу 102 арнасына хабарлауыңызды ескертеді.