Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэні атып өлтірген адам өмір бойына сотталды

Фото: reuters.com

Жапония соты 2022 жылы елдің бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэні атып өлтірген Тэцуя Ямагамиді өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотталушы өз кінәсін толық мойындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жаспа хабарлайды. 

Ямагами жасаған қылмыстан кейін адамдар “кейбір діни ұйымдар адамдарды қорқытып, мәжбүрлеп ақша жинай ма?” деген сұрақты талқылай бастады.

Айыптаушылар 45 жастағы Ямагамиге өмір бойына жаза тағайындауды сұрап, бұл қылмысты “соғыстан кейінгі Жапония тарихындағы бұрын-соңды болмаған қылмыс” деп атады. Ал қорғау тарапы соттан жаза мерзімін 20 жылдан асырмауды өтінді. Адвокаттардың айтуынша, Ямагами “діни қысымның құрбаны” болған. Ал оның “қайғылы балалық шағы” қылмыс жасауына себеп болған.

2022 жылдың шілде айында Ямагами Нара қаласында сөз сөйлеп тұрған Синдзо Абэге қолдан жасалған қарумен екі рет оқ атқан. Ауыр жарақат алған экс-премьер ауруханада көз жұмды.


Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Абэнің өліміне қатысты жаңа мәліметтер пайда болды


“Мұндай мықты саясаткер енді бізде болмайды": Жапонияда Синдзо Абэ жерленді


“Мұның бәрі шындық. Мұны мен жасағаныма еш күмән жоқ”, – деді Ямагами 2025 жылы қазанда өткен алғашқы сот отырысында.

Сотта ол “Бірігу шіркеуіне” қарсы болғанын айтты. Бұл ұйым 1954 жылы Сеулде діни қайраткер Мун Сон Мён тарапынан құрылған.

Ямагамидің айтуынша, анасы осы шіркеуге жалпы сомасы 100 миллион иен (шамамен 600 мың доллар) көлемінде қайырымдылық жасаған. Бұл олардың отбасын банкроттыққа әкелген. Сотта Ямагамидің әпкесі қорғау тарапының куәгері ретінде сөз сөйлеп, анасының шіркеу қызметіне араласуына байланысты олардың балалық шағы ауыр жағдайда өткенін айтты.

Бастапқыда Ямагамидің негізгі нысанасы шіркеу басшылығы болған. Алайда кейін ол назарын Синдзо Абэге аударған.

Ямагамидің айтуынша, 2021 жылы экс-премьердің шіркеуге байланысты іс-шарада видеоүндеу жасағанын көрген соң, Абэ мен ұйым арасында байланыс бар деген қорытындыға келген.  Алайда прокурорлар Ямагамидің шіркеуге деген наразылығын не себепті Абэге бағыттағанына логикалық түсінік жоқ деп тапты. Сот бұл уәжбен келісіп, айыптау тарапының позициясын қолдады.

Еске салсақ, Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэге Нара қаласында сөз сөйлеп тұрған сәтінде белгісіз біреу оқ атып, қаза тапқан болатын.

Синдзо Абэні өлтіргені үшін ұсталған 41 жастағы Тецуя Ямагами Жапонияның бұрынғы премьер-министрі отбасын қаржылық қиыншылыққа ұшыратқан бірнеше "адамдар тобының" қатарында болғанын айтқан.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 21 Қаңтар, 2026 18:01