Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Мұндай мықты саясаткер енді бізде болмайды": Жапонияда Синдзо Абэ жерленді

Жапонияда елдің бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэ жерленді. Ол өткен аптада Нара қаласында көпшілік алдына шыққан кезінде арқа тұсынан оқ тиіп, көз жұмған еді. Көптеген тұрғындар саясаткермен қоштасу үшін Токио көшелеріне шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі BBC порталына сілтеме жасап.

Сейсенбі күні таңертең Жапония астанасының ең көне ғибадатханаларының бірі Дзодзёдзиде шектеулі адамдар үшін жерлеу рәсімі өткізілді. Бірақ тілшілердің айтуынша, ғибадатханаға жүздеген адам гүл ұстап келген.

Содан кейін Абенің мүрдесін тасымалдаған көлік бүкіл астананы аралап өтіп, көптеген көрнекті орындардан, соның ішінде жылдар бойы басқарған либералды-демократиялық партияның штаб-пәтерінен, премьер-министрдің резиденциясынан өтіп, Жапонияның қазіргі премьер-министрі Фумио Кисида мен басқа да Үкімет мүшелерінің алдынан өтті.

Синдзо Абэ Токиодағы жерлеу залдарының бірінде кремацияланды. Мемлекеттік жалаулар бүкіл ел бойынша төмен түсірілді.

Ол 67 жаста еді. Соңғы уақытта оның елдегі рейтингі төмендегеніне қарамастан, көптеген жапондықтар үшін ол соңғы онжылдықтағы ең беделді орындағы саяси қайраткер болып қала беретінін жеткізді.

Олар білетін ең жақсы Премьер-министр

Таңертеңнен бастап адамдар Токиодағы Дзодзёдзи храмына жиналып, ғимарат жанында арнайы орнатылған үстелдерге гүл шоқтарыын қойды.

Жерлеу рәсімі кезінде тұрғындар Дзодзёдзи храмынан парламент ғимаратына дейінгі аралықта жолға шықты.

Жерлеу кортежі жақындаған премьер-министрдің резиденциясының алдында тұрған жұртшылықта толық тыныштық орнады. Тек тікұшақтар дыбысы ғана естілді.

Адамдар катафалка көлігінің алдыңғы орнында отырған Абе ханымға тағзым етті. Оның қолында өлгеннен кейін рухын мәңгі сақтау үшін қайтыс болған адамның есімі жазылатын буддистік ихай тақтайшасы болды.

Жиында тұрғандар көздеріне жас алып, бұндай саяси тұлғаның орнының ерекше болғанын жеткізіп, алғыстарын айтты. 

“Мұндай мықты саясаткер енді бізде болмайды”,- деді көпшілік.



Синдзо Абэ сөзсіз өз кезегінде даулы тұлға болды. Оның екінші дүниежүзілік соғыс тарихына деген көзқарасы өзгелердің жиі алаңдаушылығын тудырды.

Бірақ бүгін қоштасуға келген мыңдаған жапондықтар Абені олар ең жақсы премьер-министр деп мойындады. 

Абе соғыстан кейінгі кезеңдегі ең ұзақ премьер-министр қызметін атқарған және елдің қазіргі тарихындағы ең ықпалды саясаткерлердің бірі болды.

Оның осындай өлімі атыс қаруын қолдану қылмыстары өте сирек кездесетін Жапония үшін қатты соққы болды.

Алдын ала болжам бойынша, Абеге оқ атқан 41 жастағы Тэцуи Ямагами. Қазір полицейлер қылмыскердің бұл әрекетке баруының себебін және қылмысқа тағы да басқа адамдардың қатысы бар ма, соны анықтауда.

Абэнің өліміне әлемдік көшбасшылар қайғырды

Абенің өлімі көптеген әлемдік көшбасшыларды таңғалдырды.

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон бұл оқиғаны жиіркенішті шабуыл деп атады.

АҚШ президенті Джо Байден кісі өлтіруді Жапония үшін қайғылы оқиға деп атады.

"Абе біздің халықтар арасындағы достықтың үлкен байланыстырушысы болды", – деп жазды Байден твиттер парақшасында.

Еуропалық Кеңестің президенті Шарль Мишель Синдзо Абэні шынайы дос және көпжақты тәртіп пен демократиялық құндылықтардың қатал қорғаушысы деп атап, оған шабуыл жасаған адамды қорқақ деп санады.

"Мен осындай керемет тұлғаны қатыгездікпен өлтіру қылмысын ешқашан түсінбеймін. Жапония, еуропалықтар сіздермен бірге қайғырады", – деп жазды Мишель әлеуметтік желілерде.

Австралия премьер-министрі Энтони Албаниз Абэ Австралияның әлемдік аренадағы ең жақын достарының бірі екенін айтты.

Еске салсақ, Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэге Нара қаласында сөз сөйлеп тұрған сәтінде белгісіз біреу оқ атып, қаза тапқан болатын.

Талқылау