Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ауруханаға бес рет жүгіндім": Қарағанды ​​облысының тұрғыны үш жасар ұлының өліміне дәрігерлерді кінәлады

Қарағанды ​​облысы Абай ауданы Южный ауылының тұрғыны Диана Жұмабекова үш жасар ұлының өліміне дәрігерлерді кінәлауда. Түрғынның айтуынша бірнеше рет жедел-жәрдем шақырып, тіпті ауруханаға өздері барса да ақ халаттылар ұлының жағдайына салғырт қараған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ekaraganda.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Динараның ұлы Алан 12 шілдеде жағалауға барған кезінде өзін жайсыз сезіне бастаған.

"Біз ол жерде аз ғана уақыт болдық. Бірақ Аланның кенет қызуы көтеріле бастады. Үйге келгенде дене температурасы көтерілген. Біз дәрі арқылы түсіргенімізбен түнде қайтадан көтерілді. Келесі күні тағы да жоғары температурады тіпті дірілдеп ауыра бастады. Түскі сағат 12-де медбикені шақырып ол ыстықты түсіретін екпе салып, кетіп қалды”, - деді Диана.

Анасының айтуынша, бала түні бойы ұйықтамаған. 14 шілде күні таңғы 9-да әйел баласымен бірге Топарға өзі барған.

"Таңғы сағат 9-дан 12-ге дейін Топар ауылындағы аурухананың қабылдау бөлімінде күтіп отырдық. Кезекші дәрігер баланың қиналып жатқанын көрді. Бірақ келмеді, ештеңе істемеді - анамнезіне қарамады, дене қызуын өлшемеді. Хирург түсіп, ұлымның аяғын рентгенге түсірді де: "Аяғында ештеңе жоқ, не істейін кесіп тастап гипс салайын ба енді? Бұл менің құзіретіме жатпайды” - деді. Кейін тұрғылықты тіркелген жер бойынша терапевтке немесе балалар бөлімшесіне өзіміздің бару керек екенімізді айтты. Біз анамның үйіне бардық. Бірақ кешке қарай тағы да аяғының ауыратынын көрсетіп шағымданды.Топар ауруханасына қайта бардық. Ол жерге реаниматолог шақырылып, екпе салып, жұқпалы аурулар бөліміне жіберді. Ол жаққа барған бойда Аланның шұлығын шешсек өкшесі түгелімен көгеріп кеткен. Олар бізді қалаға жіберуге шешім қабылдады. Фельдшер келді, алайда мен ұлымның қалаға дейін мына түрімен жете алмайтынын айттым", - деп жалғастырды Диана Жұмабекова.

Кейін Динара көлікте отырған кезінде алдында отырған ұлының көзі айнала бастаған.

"Мен көлікті бұрып, оны жансақтау бөліміне апаруын өтіндім. Жансақтау бөлімінде әлі де мені шақырып "мама, мама" деп жатты. Сосын ол көз жұмды. Олар маған қолдарынан келгеннің бәрін жасағандарын айтты. Медициналық мекемелерге бес рет бардым. Бір рет жедел жәрдем шақырдым. Кейін өзім келдім, тіпті балама термометр де бермеді. Олар тіпті баланың ішін ұстап та қарамады. Мұндай салғырттық танытқандар жазалансын", - деді марқұм баланың анасы.

Қарағанды ​​облысының денсаулық сақтау басқармасы бұл факті бойынша тексеру жүргізілетінін хабарлады.

"Қазіргі уақытта адам өліміне әкеп соқтырған оқиғаға сараптама жүргізілуде. Алдын ала анықталғандай, баланың ата-анасы медициналық көмекке жүгінген кезде орталық аудандық аурухана мен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызуға бірнеше рет кеңес берген. Алайда ата-анасы аталған ауруханалардың жағдайында емделуден бас тартқан. Толық сараптама қорытындысы кейінірек айтылады", - деп хабарлады ведомство.

Алайда баланың анасы ауруханаға жатқызудан бас тартуға қол қоймағанын айтады.

Сондай-ақ, Қарағанды ​​облысының полиция департаментінде түсініктеме берілді.

"Бұл дерек тіркелді. Өлімнің алдын ала себебі - екі жақты пневмония. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша қосымша жауап беріледі", - деді ведомство.

Талқылау