Жаңбыр жауып, жел күшейеді: Қазақстанда сәуір айының алғашқы күндеріне арналған ауа райы болжамы жарияланды
Қазгидромет 1, 2 және 3 сәуір күндеріне арналған Қазақстан бойынша ауа райы болжамын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Синоптиктердің мәліметінше, барикалық жүйелердің ауысуына байланысты Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады. Найзағайлы жаңбыр жауады, ал солтүстік және шығыс аймақтарда түнгі уақытта жаңбырдың қарға айналу ықтималдығы бар.
Ал Қазақстанның орталығы мен оңтүстігінде негізінен жауын-шашынсыз ауа райы болжанады. Батыс, солтүстік және шығыс облыстарда жел күшейіп, таулы аймақтарда тұман күтіледі.
"Елдің басым бөлігінде күндізгі температура 8-13 градустан 15-20 градусқа дейін көтеріледі, оңтүстікте 18-23 градустан 20-28 градусқа дейін, оңтүстік-шығыста 12-20 градустан 18-23 градусқа дейін жылы болады. Шығыста температура негізінен 5-15 градус жылылық шамасында сақталады, ал батыста 15-25 градустан 13-22 градусқа дейін төмендеуі мүмкін", – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін 2025 жылдың көктеміне арналған ауа райы болжамын жарияланғаны туралы жазған едік.