Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Баланы тұз қосылған суға шомылдыру, омырауын сығу" сынды салттар қаншалықты дұрыс – Мамандар жауап берді

Фото: Stan.kz/ChatGPT арқылы жасалды

Желіде қазақтардың тазалыққа сәби күнінен бастап ерекше көңіл бөлгені айтылған жазба жарияланды. Онда баланы тұз қосылған суға шомылдыру, жуындыратын кезде күміс бұйымға салу және нәрестенің омырауын сығу сынды мысалдар бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Малика Дүйсенбаева есімді Threads қолданушысы қазақтардан жағымсыз иіс шықпайтынын айтып, оған бірнеше мысал келтірді. Оның сөзінше, қазақтардан иіс шықпауының себебі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тазалық дәстүрінің сақталуы: 

Тұзды суға шомылу

Сәбиді ересектер 40 күнге дейін күнделікті тұз қосылған суға шомылдырады. Бұл теріні тазартып, баланың күш-қуатын нығайтып, "тазалық иммунитетін" жасайды.

Суға күміс салу

Баланы дезинфекциялау және түрлі аурудан қорғау үшін шомылатын суына күміс қасық немесе сақина салынған. Күміс тіл көзден сақтап, суға емдік қасиет береді.

Баланың омырауын сығу

Нәрестелерде сүт бездерінің ісінуі жиі кездеседі. Әжелеріміз қабыну мен жағымсыз салдарды болдырмау үшін баланың сүт безін мұқият сығып алған. Бұл да баланың болашақ денсаулығы мен тазалығына септігін тигізеді. 

Жуындыру мәдениеті

Әрбір қазақтың үйінде, әсіресе киіз үйде дәретхананың жанында жуынуға арналған шәйнек болған. 

Бұл салттардың мәні не?

Аталған салт-дәстүрге қатысты Stan.kz тілшісі этнограф Бұлбұл Кәпқызынан пікір сұрап, мән-жайды сұрап білді. 

Этнографтың айтуынша, баланы тұзды сумен шомылдыру оның ширауына көмектеседі. 

“Бала туған соң 40 күн тұзды суға түсіреміз. Себебі тұзды суға шомылған бала тез ширайды. Жарақат алса терісі тез жазылып кетеді. Баланы бірінші, тұзды суға шомылдырады. Екі сағаттан соң құйрық маймен майлайды. Осылайша сәбиді тұзды суға ширатып, құйрық маймен денесін жібітіп, майды сабын сумен шайып тастаймыз. Мұның ержеткен соң баланың денсаулығына әсері мол. Мысалы, жаңа туған баланың денесінде тоң қалады. Ол анасының ішінде жатқаннан болады. Сол тоңды құйрық майды сорғызып түсірген. Оның барлығы баланың денсаулығына, ішкі құрылысының тазалығына әсер етеді. Ішкі құрылысында тоңы қалған баланың аузынан сасық иіс шығады, аурушаң болады. Бұл ананың омырау сүтін емізбей тұрып жасалатын салт”, – дейді этнограф. 

Бұлбұл Кәпқызының сөзінше, баланы қырқынан шығаратын кезде шомылдыратын суға күміс бұйым салынады. Ол баланың бойындағы негативті өз бойына жиып алады екен.

“Күміс суды таза күйде ұстайды. Мәселен, қолыңда күміс жүзік немесе білезік болса, дәреті бар адаммен бірдейсің. Күміс бір жағынан адамға қуат береді, екінші жағынан тіл көзден сақтайды”, – дейді Кәпқызы. 

Дәрігер Айдана Аязбек қазақ дәстүрінде жаңа туған баланы тұз қосылған суға шомылдыру дәстүріне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл салт ата-бабамыздың айтуымен жасалады. Бұл медицинада дәлелденбеген дейді маман. 

“Судың температурасына қатысты ғана кеңес бере аламыз. Балада қабыну процестері болса, денесіне бөртпе шықса сол кезде тыныштандыратын шөптерді, марганец ерітіндісін береміз. Тұздың нақты мөлшерін айта алмаймыз. Оны тек судың көлеміне қарай салуға кеңес береміз. Тұз қосылған суға шомылдырса денесіндегі жара тез кетеді, ширақ болады деген түсініктер бар. Оны тек ата-бабамыз айтып кеткен. Нақты дәлелденбеген. Балаға зиян келтірмеу үшін тұздың мөлшері қолдың бір уысындай болса жетерлік. Оның үстіне судың мөлшеріне де қараған жөн”, – дейді дәрігер.

Сондай-ақ маман жаңа туған нәрестені шомылдыратын судың градусына қатысты ғана кеңес бере алатынын айтты.

“Біз судың градусын ғана айтамыз. Жаңа туған баланы шомылдыратын судың температурасы, бастапқы 1-2 аптада 36-37 градус болу керек. Сосын 33-34, әр күні шомылдырған сайын бір градусқа төмен шомылдырып үйрету керек. Екі апталық баланы шомылдыратын орын мен жатқан жерінің температурасы 22-23 градус, енді туған нәрестелерде 23-24 градус болу керек”, – дейді Айдана Аязбек. 

Сәбидің омырауын сыққан жөн бе?

Ал баланың омырауын сығу салтына қатысты онкомаммолог Гүлмира Молдағалиқызынан пікір сұрап білдік. Маманның айтуынша, жаңа туған баланың бойына анасынан қан арқылы гормондар бөлінеді. Ол гормондар баланың денесіне барған соң әсерін беріп, кішкене кеудесі ісініп тұрады.

“Сүт секілді кішкене бөліну болады. Бірақ оның балаға ешқандай зияны жоқ. Ол қабынбайды әрі оны сықпау керек. Қазір оның өзінен өзі қайтып кететіні дәлелденген. Омырауын сығып, қабынудың алдын аламын деген қате түсінік. Бұл балаға анадан физиологиялық тұрғыдан берілетін гормондар әсерінен туындайтын клиникалық көрініс. Кей аналар оны кішкене сығамын деп, қаттырақ қысып жібереді. Қаттырақ сыққан жағдайда омырауын дамытатын ұрықтарды құртып жібереді. Сондықтан сықпау керек. Ол ұлда да, қызда да бола беретін қалыпты нәрсе”, – деді онкомаммолог.
Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 25 Сәуір, 2025 17:55
Талқылау