Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңаөзендіктерге медициналық және мұнай қалдықтары көмілген жерге үй салып жатқан билікке шағым білдірді

тұрғындар шағым білдірдіФото: Astana TV

Жаңаөзендегі апатты үйлердің тұрғындары Маңғыстау облысы әкімдігіне келіп, шу шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Astana TV арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Тұрғындардың айтуынша, оларға берілетін үй бұрын медициналық және мұнай қалдықтары көмілген қоқыс алаңында салынып жатыр.

"Біздің үйлерді апатты деп таныған соң, жаңа пәтер береміз деді. Ал іс жүзінде ол үйлерді медициналық және мұнай қалдықтары көмілген жерге салып жатыр. Үстін тек құммен жұқалатып жауып қойған. Іргетасы небәрі 25 сантиметр, кірпіші үшінші сорт. Мұның бәрін көзімізбен көрдік, бірақ олар тез арада цементпен жамап тастады", – дейді тұрғын Бекболат Базаров. 

Қазір теміржол вокзалы маңындағы 1970 жылдары салынған ескі үйде тұрып жатқан тұрғындар, баспаналары бір күні опырылып түсе ме, деп қорқып отырғанын жеткізді. Ал жаңа үй салуға 400 миллион теңге бюджеттен бөлінген.


Ақтөбеде үлескерлерді алдаған компания басшылары сотталып, тұрғындар 5 жылдан бері үйсіз жүр


"Әр жаз сайын қазып тастайды": Алматылық тұрғын қала тұрғындарының салығы негізсіз жұмсалып жатқанын айтып шағымданды (видео)


"Бізге наурыздан бері уәде беріп келеді. Шілдеде пәтер аласыздар деді, күттік. Екі ай сайын "міндетті түрде береміз" деп уәде етеді. Енді соңғы рет "жаңа үйлерге көшіретін болдық" деді. Бірақ біздің естуімізше, сол уәде орындалмайды, бізді сол даулы құрылысқа көшіруі мүмкін", – дейді тағы бір тұрғын Гүлрух Кушалова. 

Шенеуніктер болса, кешігуді мемлекеттік сатып алудағы сәтсіз конкурс нәтижелерімен түсіндірді. Жаңа пәтер сатып алуға тендер үш рет өткен, бірақ жеңімпаз анықталмаған.

"Биыл жыл соңына дейін адамдар апатты үйлерден көшіріледі. Өз баспаналарының орнына жалдамалы пәтер беріледі деп уайымдауына негіз жоқ. 1 қаңтардан бастап заңға өзгеріс енгізілді. Бұрын қоныстанғанда пәтерді жекешелендіру қарастырылмаған, енді бұл қалдық құны бойынша мүмкін", – деді Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Бердібек Қартбаев. 

Жаңаөзендіктер бұл соңғы ескертуіміз дейді. Егер бұл жолы да уәде орындалмаса, құқық қорғау органдарына жүгінетіндерін мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда тұрғындар мемлекеттік бағдарламамен салынуы керек мектепті жекеге өтті деп шағымданғаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 15 Тамыз, 2025 11:17
Талқылау