Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Пәтер алуға ақша жинап жүрген, бірақ үлгермеді": Үстіне ағаш құлап мерт болған әйел жайлы әріптестері естеліктерін бөлісті

Үстіне ағаш құлап мерт болған ТатьянаФото: Stan.kz / Татьянаның суретін әріптестері жіберді

Алматыда басына ағаш бұтағы құлап қаза тапқан әйелдің әріптестері Татьяна туралы тебірене айтып, оқиғаның қалай өрбігенін Stan.kz тілшісіне баяндады. Ол жергілікті компанияда бухгалтер болып қызмет атқарған. Сол күні ол әдеттегідей дүкенге шығып, әріптесімен бірге жолда келе жатқанда, желсіз ауа райында ірі бұтақ кенеттен сынып кеткен. Қас-қағымда болған бұл жағдай оның өмірін қиды. Ұжымы 29 жастағы әйелді мейірімді, пысық, кәсіби білікті жан ретінде еске алып, бұл қазаны орны толмас қайғы деп отыр.

Әріптесі Валерияның айтуынша, сол қасіретті күні Татьяна әдеттегідей дүкенге шыққан. Ол өте шапшаң, пысық, әрқашан біреуге көмектесуге дайын адам еді дейді ұжымдастары. Сол күні кеңседен шығып дүкенге бара жатқанда жолда тағы бір әріптесімен кездесіп қалған.

“Өкінішке қарай, Татьяна дәл сол мезетте, дәл сол жерде болмауға тиіс пе еді деген ой келеді. Олар кеңсенің жанында кездесіп, бірге дүкенге қарай беттейді. Жолды кесіп өтіп, бұрылып, Шарипов көшесі бойымен төмен түсе бастайды. Сол сәтте, біздің түсінуімізше, ағаш бұтағы сынған дыбыс естілген. Қыздар қолдан келгенше жылдам қимылдап, әркім әр жаққа қашуға тырысқан. Бір әріптесіміз шетке секіріп үлгерді, оны сәл ғана шалып өткен, қатты емес. Алайда Татьяна дәл сол бұтақтың астында қалып қойды. Бұтақ сырттай қарағанда қурап тұрғандай көрінген. Әрі ол кезде желсіз ауа райы еді, сондықтан "неге бұтақ жайдан-жай құлап кетті?” деген сұрақ көп”, – деп түсіндірді әріптесі.

Марқұм Татьяна сағат 10:55-те кеңседен шыққан, ал 10:58-де әріптесі басқа қызметкерге жылап хабарласып, болған жайтты жеткізген. Екі әріптесі жүгіріп жеткенде, үлкен бұтақтың астында жатқан Татьяна ес-түссіз күйде болды. 

“Сол сәтте жедел жәрдем шақырылған еді, олар тез жетті, бірақ бірден оның қаза болғанын айтты. Біз ең алғаш жеткендердің қатарында болдық. Жедел жәрдем келгенше бұл өте ауыр сезім еді, себебі оның тіршілік белгісі жоқ екенін көріп тұрсақ та, іштей бір үміт болды. Бәлкім тірі шығар, біз дәрігер емеспіз, тамыр соғысын сезе алмаймыз. Ол өте кішкентай, нәзік, арық еді. Бірақ дәрігерлер келген соң бәрі анық болды. Не істерімізді білмедік. Бір жағынан, екінші әріптесімізді жұбатуға тырыстық, себебі ол оқиғаның тікелей куәгері болды. Екінші жағынан, өзіміз де сөзбен жеткізгісіз күйзеліске түстік. Кеңседен шыққаннан бастап, оқиғаға дейінгі аралық бар болғаны 3–5 минут еді. Өте ауыр… Шынымен өте ауыр”, – деді әріптесі Валерия.

Валерияның сөзінше, Татьяна ұжымда өте сыйлы, мейірімді, ашық мінезді, кәсіби білікті маман ретінде есте қалған. Ол алматылық компанияда бухгалтер болып қызмет атқарған. 

“Таня” есімі нағыз “үлкен әріппен жазылатын адам” еді, оған әрдайым қарапайым адами кеңес алу үшін де, жұмыс бойынша да жүгіне беруге еді. Ол ешкімге көмектен бас тартпайтын. Бізде “өлген адам жайлы жақсы нәрсе айту керек немесе ешнәрсе демеу керек” дейді. Ал ол жайлы нашар нәрсе ойлау да мүмкін емес, жақсы естеліктер мен жылы сөздер ғана айтылады. Жұмысында Татьяна нағыз кәсіби маман еді, өз ісін шынайы сүйетін жан еді”, – дейді әріптесі Валерия.

Сырттай нәзік көрінгенімен, Татьяна іштей өте мықты, талай сынақтан сүрінбей өткен жан еді дейді әріптесі. 

“Татьянаның энергиясының басты көзі отбасы еді. Ол ең алдымен солар үшін тырысты. Жолдасымен 6 жыл сүйіспеншілік пен татулықта өмір сүрді. Үш жасар сүйкімді қызы бар. Солар үшін өмір сүріп, жайнап жүрді. Болашаққа үлкен жоспар құрып, жұбайымен бірге ұзақ уақыт бойы пәтер алу үшін еңбек етіп, ақша жинап жүрген. Бірақ үлгере алмады. Татьяна өзінің табандылығымен, ішкі күшімен жігерлендіретін. Өмірде талай қиындықты бастан өткерді, алайда ештеңе оны сындыра алмады. Мақсатына қарай алға жылжи берді. Одан көп нәрсені үйренуге болатын еді”, – дейді әріптесі Валерия.

Валерияның айтуынша, басшылық ең алдымен марқұмның отбасына толық қолдау көрсетіп, барлық ұйымдастыру жұмыстары мен өзге де мәселелерді өз мойнына алған. Ұжым ішінде де әріптестер бір-бірін демеп отыр. 

“Бұл әрқайсымыз үшін өте ауыр соққы болды, бәрімізге қабылдау қиын”, – дейді ол. 

Қала тарапынан қолдау жайлы Валерия айта алмайтынын жеткізді, себебі қазір іс тергеу сатысында. Соңғы деректер бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Еске салайық, бұған дейін 13 тамыз күні Алматыда Әди Шәріпов пен Қарасай батыр көшелерінің қиылысында ағаш бұтағы құлап, 29 жастағы әйел – есепші Татьяна қаза тапқанын жазған едік. Оқиға "Қарасай паркі" тұрғын үй кешені маңында болған. Қыз әріптесімен бірге кеңсеге бара жатқанда бұтақ оның үстіне түскен, екінші қыз қашып үлгерген. Марқұмның артында күйеуі мен 3 жасар баласы қалды. Полиция оқиға орнын қоршап, қылмыстық іс қозғады, мән-жайы анықталып жатыр.

Айым Атамбаева
Жұма, 15 Тамыз, 2025 11:53
Талқылау