"5 миллион теңге төлеу керек деген": Блогер Елікбаев салық комитетін сотта жеңгенін мәлімдеді

Фото: Іnstagram.com/yelikbayev
Қазақстандық блогер Әлішер Елікбаев салық комитетінің биыл ақпан айында “салық төлемеді” деп блогерлердің соңына түскенін еске алды. Блогер өзінің берешегі жоқ екенін дәлелдеу үшін өзін 5 миллион теңге салық төлеуге міндеттеген комитетті сотқа берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлішер Елікбаев әріптестерінің салық комитетінен 20-100 миллионға дейін салық төлемегені туралы хат алғанын айтты. Олардың кейбіріне миллиардтаған сома есептесе, ондаған инфлюенсер жүздеген миллион теңге салық төлеуге міндеттелді. Ал Елікбаевтың өзіне екі жылда 5 миллион теңге есептелген.
“Әріптестерімнің бір бөлігі салық комитетімен келісімге келуге тырысты. “Бастарын иіп, енді ешқашан олай істемейміз” деп уәде берді. Біреулер калькулятор ұстап мемлекеттік кірістер комитетімен саудаласты. Сөйткен көбі көрсетілген соманы азайта алды. Бізге де “Кінәңізді мойындаңыздар, аз болса да төлеңіздер, біз “блогерлерді тексеріп, салық салу операциясын сәтті аяқтадық” деп есеп береміз, әйтпесе, басыңыз даудан арылмайды” деген емеурін танытты. Басқа да танымал адамдар мен мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін туыстарым маған сұхбат бермей, адамдармен келісуге кеңес берді. Бірақ қалай болса да, қазынаға бір тиын болса да ақша салу керек екенмін”, – деп жазды блогер.
Бірақ Елікбаев мұнымен келіспей, қиын жолды таңдап, өзінің ешқандай берешегі жоқ екенін дәлелдеуге кіріскен.
“Мәселе мынада: осы уақытқа дейін мен барлық салықты төлеуді, жарнаманы таңбалауды қолдап келдім, халық ашуланатындай шалқып өмір сүрмедім, ресейлік жұлдыздарды шақырып той өткізбедім, өзім ұйымдастырған қайырымдылықтан түскен қаржыға Birkin сөмкесін сатып алмадым, 600 000 теңгелік тортқа да тапсырыс бермедім. Сөйте тұра мен бұл тізімде қандай жүрмін? Мемлекеттік кірістер комитеті мені өздерінің елшісі етудің орнына, қасақана салық төлемейтіндер қатарына қосты. Біз салықшылардың қабылдауында болдық. Өзімізбен чек алып барып, түсіндірдік: міне, біз балалар хосписіне арналған реанимобильге ақша жинағанбыз, оны сатып алып, тапсырып бергеніміздің дәлелі, бұл оқырмандармен бірге Минскіде екі бүйрек трансплантациясын жасауға ақша жинағанымыздың дәлелі, қаласаңыздар, сол пациенттерді сіздерге алып келеміз. Міне, Украинадағы соғыс басталған алғашқы күндері менің тікелей эфирімде Украина елшісінің өтінішімен киевтік дәрігерлерге дефибрилляторлар сатып алғанбыз”, – деп есеп бергенін айтты блогер.
Әлішер Елікбаев бұл қаржы өз қалтасынан шыққан ақша болмағандықтан салыққа жатпайтынын атап өтті. Оның сөзінше, қаражат түскен бойда бірден қайырымдылық қорларына, клиникаларға, автокөлік өндірушілеріне немесе медициналық жабдық дистрибьюторларына жіберілген.
“Біздің уәжімізді мемлекеттік кірістер комитеті тыңдамады. “Ештеңе білмейміз, төлеңдер де, тәубелеріңе келіңдер” дегендей болды. Біз сотқа жүгінуді ұйғардық. Шынымды айтсам, соңына дейін сот шешімінің біздің пайдамызға шешілетініне сенбедім. Бірақ Дмитрий Казанцев командасының кәсібилігі және ұстымының мықтылығының арқасында сот біздің тарапқа шықты. Салықшылардың әрекеті заңсыз деп танылып, толыққанды салықтық тексеру жүргізуден бас тартылды”, – деп жазды Әлішер Елікбаев.
Қазақстандық блогерлерге 53 миллиард теңге төлеуге бір ай уақыт берілді
Оның айтуынша, өзінің мемлекетке ешқандай берешегі жоқ екенін дәлелдеу үшін алты ай уақыты кеткен.
Алайда Мемлекеттік кірістер комитеті бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
“Сот оның талабын мәні бойынша қараған жоқ және салық органдарының әрекетін заңсыз деп таныған жоқ. 2025 жылы 15 тамыздағы жағдай бойынша, оның ішінде мемлекеттік кірістер органдарының әрекетінің заңсыздығын растайтын немесе жолданған хабарламаларды құптайтын сот шешімдері жоқ. Мемлекеттік кірістер органдарының әрекетін заңсыз деп тану туралы таратылған ақпарат шындыққа жанаспайды. БАҚ-ын тексерілмеген деректерді жарияламауға шақырамыз", – деп атап өтті мемлекеттік кірістер комитеті.
Желі қолданушылары блогерді қолдап, жеңісімен құттықтады.
“Қандай керемет, үміт бар екен ғой”, “Өз абыройың үшін күресу керек”, “Сотта жеңіске жеткеніңізбен құттықтаймын”, “Жарайсыз, Әлішер! Әйтпесе, салықшылар әбден бетімен кетті”, “Дұрыс, өз құқығыңды қорғау керек”, – деп жарыса жазды желідегілер.
Еске салсақ, бұған дейін Әлішер Елікбаев Қазақстандық8 мың блогерге салық төлемегені туралы хабарлама келіп жатқанын мәлімдеген еді. Айтуынша, 2022-2023 жылдарға арналған есеп мүлде ақылға қонымсыз түрде есептелген.
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді