Биыл “Қазақстан темір жолы” жолаушылар вагондары паркін қаншалықты жаңартпақ

Фото: Үкімет
Әлеуметтік желіде Қазақстан Темір жолы вагон паркін толық жаңартады деген ақпарат таралған еді. Осы орайда ҚТЖ басшысы Талғат Алдыбергенов үкімет отырысындағы брифингте жаңа пойыздардың қашан қолданысқа түсетінін айтты.
Талғат Алдыбергеновтің айтуынша, жолаушы вагондар паркін жаңарту жұмыстары мемлекет қолдауы аясында жүргізіліп жатыр. Сөзінше, 2023 жылы 94, 2024 жылы 118 вагон жаңартылған. Ал 2025 жылы 170 вагон жаңартылмақ. Оның ішінде 107-сі "ЗИКСТО", 12-сі МВЖҚ, 51-і Stadler өндірісінен.
“2025 жылдың соңына дейін Stadler компаниясының алғашқы 51 вагоны елге жеткізіледі. 2030 жылға қарай ұлттық тасымалдаушының жолаушылар вагондары толық жаңартылады. Қазір "Жолаушылар тасымалы" АҚ құрамы ғана емес, сонымен бірге 14 жеке тасымалдаушының вагондары қатынайды. Алайда жеке компаниялар паркінің басым бөлігі ескірген, бұл жолаушылар тарапынан жиі сын туғызады”, – деді Алдыбергенов.
Оның сөзінше, жеке тасымалдаушылардың жұмысын бақылау құзыреті көлік саласындағы уәкілетті органға тиесілі. Жалпы тапсырыс бойынша 2030 жылға дейін 557 жаңа жолаушылар вагоны шығарылады. Ал отандық өндірістен шыққан алғашқы вагондар биыл желтоқсанда "Жолаушылар тасымалы" АҚ компаниясына беріледі. Stadler компаниясы жаңа вагондарға 20 жыл бойы сервистік қызмет көрсетеді.
“Қыркүйек айында жолаушылар вагондары Кеден одағының ТР ТС 001/2011 техникалық регламентіне сәйкестігін тексеру мақсатында сертификаттау процесін бастады. Вагондар Қазақстанның солтүстік өңірінде сынақтық бағыттан өтіп, жылыту жүйесі мен ауа айналымының жұмыс тиімділігі тексерілді. Климаттық сынақ нәтижесінде вагон ішіндегі температура сыртқы ауа –10 °C және одан төмен болғанда да +22 °C деңгейінде тұрақты сақталды”, – деді Алдыбергенов.
Бүгінгі таңда ҚТЖ-ның жолаушыларға қызмет көрсететін жылжымалы құрам паркі 2 167 бірлікті құрайды. Оның ішінде 732 Talgo вагоны, 1 321 стандартты вагон және 114 мотор-вагонды құрам бар.
"Акушерге, дәрігерге, медбикеге бересің": Қазақстандықтар мемлекеттік перзентханалардың ақша бермесең қарамайтынын айтып, қызу талқылады