Жамбыл облысының әкімі жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың артуына байланысты қоластындағыларға сөгіс берді
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі
Жамбыл облысының басшысы Ербол Қарашөкеев жаңа оқу жылы басталғалы бері кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған ауыр қылмыстар санының көбейгеніне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, соңғы екі аптаның ішінде болған үш қайғылы жағдай қабылданып жатқан шаралардың күткен нәтиже бермей отырғанын көрсетеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әкімнің сөзінше, өскелең ұрпақты тәрбиелеу мектеп, ата-ана және қоғамның бірлескен жұмысынсыз мүмкін емес.
"Бала – елдің болашағы. Оның қауіпсіздігіне, рухани дамуына, тыныш жағдайда білім алуына жағдай жасау – әрқайсымыздың басты міндетіміз. Бұл саладағы олқылықтарға жол беруге болмайды. Қазіргі балалардың дүниетанымы жылдам өзгеріп келеді, сондықтан тәрбие мен құқықбұзушылықтың алдын алу тәсілдері де уақыт талабына сай жаңартылуы қажет", – деді Ербол Қарашөкеев.
Сонымен қатар ол осы мәселеге қатысты бірнеше рет нақты тапсырмалар бергенімен, жауапты тұлғалардан әлі күнге дейін тиімді қадамдар мен нақты нәтижелер көрмей отырғанын атап өтті.
Әкім әрбір ауылдық округке жеке учаскелік полиция инспекторын бекітуді, бос орындарға шұғыл мамандар тағайындауды тапсырды.
Кеңес қорытындысы бойынша бірқатар лауазымды тұлғаларға тәртіптік жаза қолданылды. Облыс әкімінің аппаратына облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлімге "ескерту" жариялау жүктелді.
Ал Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке, Шу ауданының әкімі Бақытжан Жанибековке, облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршубековке, сондай-ақ Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлан Сламбековаға және Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевқа "қатаң сөгіс" түріндегі тәртіптік жаза қолдану тапсырылды.
Бұған қоса, білім басқармасына Тараз қалалық және Шу аудандық білім бөлімдерінің басшыларының, сондай-ақ басқа да жауапты тұлғалардың қызметке сәйкестігін тексеру міндеттелді.
Өңір басшысы жасөспірімдер қылмысының алдын алу мақсатында мониторингтік топ құруды тапсырды.
Жамбыл облысында оқушылар қатарласын ұрып өлтірді деген күдікке ілінді
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында жасөспірімдер арасында төбелес болып, тағы бір мектеп оқушысы көз жұмғанын жазған едік. Мектеп дәретханасында жасөспірімдер арасындағы төбелес болып, соның салдарынан бір оқушы көз жұмды. Әлеуметтік желіде тараған дерекке сәйкес, сыныптасы оған “жүйке торабына” соққы жасаған. Полиция департаменті бұл ақпаратты растады. Қазір Қылмыстық кодекстің “жәбірленушiнiң өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру” бабымен тергеу жүріп жатыр. Күдікті жасөспірім ұсталып, уақытша изоляторға қамалды.

"Суды артық пайдаланса, тариф 30% қымбаттайды": Қазақстандықтар су нормасы туралы жаңа ережеге қарсы шықты
