Астаналық әйел тірі ұлын "өлтіріп", 100-ге жуық әріптесінен ақша жинаған
Фото: Threads.com/@mmr.kz
Астанада Гүлмира Ашимова есімді әйел “ұлым терезеден құлап кетті” деп өтірік айтып, әріптестерін 2 миллион теңгеден астам ақшаға сан соқтырып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мадина есімді желі қолданушысының сөзінше, Гүлмира Ашимова 25 тамыз күні ұлының 4-қабаттың терезесінен құлап кетіп, ертесі күні комаға түскенін айтқан.
“Жылап жазды. 27 тамыз күні есін жиған. Сүйектері көп жерден сынып, көкбауырын алып тастады деді. Қаңқалық құрылымды орнату үшін операция керегін айтты”, - деп жазды жәбірленуші.
Фото: Threads.com/@mmr.kz
Әйел құрылғыны алу үшін қомақты қаражат керек екенін, оны алу үшін банктен несие алғалы жатқанын айтқанда әріптесі жұмыстағылардан ақша жинап, 500 мың теңге салып жіберген. Сондай-ақ Гүлмира басшылыққа аудиохабарлама жіберіп, кезеген жүйке стимуляторын сатып алуға қаржылай көмектесуін сұраған. Стимуляторды баланың зақымданған омыртқасына орнататынын айтқан. Оған бейжай қарай алмаған әріптестері ақша жіберен.
Фото: Threads.com/@mmr.kz
“Басшылық та әйел сұраған қаражаттан көп мөлшерде қаржылай көмек көрсеткен. Қырғызстан, Қазақстан мен Ресейдегі әріптестері баланың денсаулығына қатты алаңдады. Гүлмира өтірік айтуын тоқтатпады. Ол баланың зонд арқылы тамақтанып жатқанын, тек су ішіп, құсып жатқанын айтты. Бірде оған ота жасалды, бірде отаның жасалып, 8 сағатқа созылғанын айтты. Осылайша ұялмай, “емге” деп ақша жинай берді. 5 қыркүйекке қараған түні Гүлмира балам қайтыс болды деді. Ол әріптесіне денені сойып, ашу үшін мәйітханаға алып кеткенін айтқан. Ақша үшін “ұлым өлді” деп айтты. Енді ол ұлының жерлеуіне ақша жинаған. Гүлмираның өзімен сөйлескен Ләззат деген әріптесі басқалардан ақша жинап, көз жасына ерік беріп, барынша қолдау көрсетті”, – деп жазды желі қолданушысы.
Фото: Threads.com/@mmr.kz
Сөйтіп ол Гүлмираның қазіргі күйеуімен хабарласып, жағдайдың жай-жапсарын сұрастырған. Алайда күйеуі қайтыс болды деген Әмірдің сабақта екенін, ал Гүлмираның өзі жұмыс орны сұлулық салонында екенін айтқан. Әйел ақша үшін өтірікті қиыннан қиыстырған. Барлығы әшкере болғанда өзімен сөйлескен әріптесіне ешкімге айтпауын сұрап, бәрін түсіндіремін деп уәде берген.
“Әріптестерінің картамен аударған қаражаты мен қолма-қол ақшасыз жасалған аударымдар күйеуінің жеке кәсіпкерлік шотына түскен. Әртүрлі жағдайлар болады, бірақ адамгершіліктен аттауға болмайды. Біз қанша күн бала үшін уайымдадық. Адамдардың сезімімен ойнауға болмайды. Мұны ақтап алуға келмейді”, – деп жазды Мадина.
Фото: Threads.com/@mmr.kz
Stan.kz тілшісі Гүлмира Ашимовамен сөйлескен жәбірленуші Ләззатпен сөйлесті. Айтуынша, жәбіренушілер Гүлмираның үстінен полицияға арыз жазған.
“Жәбірленушілердің саны шамамен 100-ге жуық. Келтірілген шығын 2,5 миллионнан астам. Полиция қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша іс қозғады. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Гүлмираның өзімен сөйлескен жоқпын, басшылық сөйлесті. Барлығын қайтаруға уәде берді”, – деп жауап берді жәбірленушілердің бірі.
Сондай-ақ жәбірленуші өздерін сан соқтырып кеткен Гүлмира Ашимованың Ұлттық ұландағы подполковниктің әйелі екенін айтты.

Астаналық әйел тірі ұлын "өлтіріп", 100-ге жуық әріптесінен ақша жинаған
