Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Суды артық пайдаланса, тариф 30% қымбаттайды": Қазақстандықтар су нормасы туралы жаңа ережеге қарсы шықты

140 литр су неге жетеді/Фото: Unsplash.comФото: Unsplash.com

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі судың тұтынуға арналған тәуліктік нормасын бекітті. Бұл норма 13 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Енді бір адам тәулігіне 140 литрден артық су пайдаланса, тариф 30% қымбаттайды. Министрлік осылайша суды үнемдеуге қадам жасамақ. 140 литр деген норма неге жетеді және бұны мамандар қолдай ма? Су мамандары не дейді? Stan.kz ақпарат агенттігі анықтап көрді.

Енді бір адамның тәуліктік су нормасы – 140 литр. Бұл дегеніміз айына 4200 литр. Егер тұрғын бұл нормадан асыра жұмсаса, судың төлемі ол үшін 1,3 коэффициентімен 30% жоғары болады. Ал норма шегінен аспаса, судың ақысы базалық тарифпен есептеледі.

Министрліктің мәліметінше, бұған дейін әр өңірде су бағасы әртүрлі есептелген. Сондықтан топтық және жергілікті жүйелердегі тарифті мемлекет субсидиялап келген. Бұл бюджетке салмақ түсіретін көрінеді.

"Шектемей, керісінше суды аз тұтынатындарды қолдауға болар еді"

Экобелсенді Базарбек Қамысбаев бұл шешімді құптайды, дегенмен 140 литр деп норма бекітуден де бұрын суды үнемдеп қолданып жүргендерді неге қолдамасқа дейді. Ол биліктің жазалауға ұқсас позициясынан гөрі ынталандыруға ұмтылатын позитив ұстанымды құптап отыр.

"Осы норманы қабылдап жатқандар халықтың қалтасын қағар кезде ғана бірнәрсені өзгертуге ұмтылатынын байқаймын. Егер 140 литрді бір адамға толық жететін тәуліктік мөлшер деп есептесе және көп жағдайда бұл мөлшерден аспаса, онда мен мұны қалыпты қолдануға болады деп есептеймін. Олар осы арқылы суды көбірек қолданбауға, суды үнемдеуге ынталандырғысы келіп отыр. Мұндай ереже болса, онда тұрғындар қымбат төлемеу үшін аз қолданады. Бірақ бұл жерде екінші жағын да ойластыру керек. Мысалы, неге 140 литр деп шектік норма қойды? Неге тәулігіне 100-120 литр немесе одан аз су тұтынатын тұрғындарды ынталандырмасқа? Неге оларға 1,5 есе арзан баға қоймасқа? Адамдарды жазалағандай етіп шектемей, керісінше күнделікті әрекетін позитив тұрғыдан ынталандырып, "суды аз қолдансаң, аз төлейсің" деген қолдау шарасын ойластыру керек сияқты", – деп пікір білдірді ол.

"140 литр деген меніңше көп сияқты"

Егін суға жауапты гидротехник Жазерке Төреханова да суды үнемдеуді қолдайды. Бірақ оның пікірінше, 140 литр деген көп.

"Әрине, суды үнемдеу керек. Су жылдан жылға тапшы болып жатыр. Тәулігіне 140 литр деген меніңше көп сияқты. Өзім егін су тұрғысынан айта аламын. Егін суға тәулігіне 100 литр су алады. Жері көп шаруалар одан көп алады", – дейді ол.

Суды үнемдеу үшін қандай шаралар қолға алынып жатыр?

Ал "Алматы су" мекемесінің ресми өкілі Серік Шағыров 140 литр күнделікті санитарлық гигиеналық қажеттікке жұмсалатын ең қажет көлем дейді. Ол 140 литр деген норма Алматыға қатысты емес екенін айтты.

"140 литр күнделікті санитарлық гигиеналық қажеттікке жұмсалатын ең жеткілікті көлем. Бұл аз емес, бұл – әлемдік стандарт. Ауыл мен қаланы салыстыруға болмайды. Қалада суды пайдаланатын неше түрлі құрылғылар бар, ыдыс жуатын машина, кір жуатын машина, яғни су көбірек керек. Бұл Алматыға қарасты емес, өңірлерге бекітілген норма. Алматының нормасы былтыр бекітілген. Ол үлкен қала үшін бөлек, екі түрлі тарифпен есептеледі. 140 литрді 30 күнге көбейтсек, 4200 литр. Бұл мысалы, Алматыға көп те, аз да емес", – дейді ол.

Сонымен қатар ол суды үнемдеуге қатысты қандай шаралар қолға алынғанын айта кетті.

"Суды үнемдеу керек. Қазір дүниежүзінде, оның ішінде Қазақстанда таза ауыз су тапшылығы жылдан жылға артып келеді. Судың бағасы Қазақстанның басқа өңірі болсын, Алматы болсын бәрінде ең төмен бағада беріліп жатыр. Қазір дүкенде 0,5 литр су 200-300 теңге тұрады. Ал тұрғындарға 100 теңгеге 1000 литр беріледі. Сондықтан суды үнемдеу керек. Үнемдеу бірнеше сатыдан тұрады, 140 литр деген норма қарапайым тұрғындарға арналған. Бұдан бөлек өнеркәсіпке бекітілген нормалар бар. Жаңа су кодексі қолданысқа енгізілгелі суды көп пайдаланатын мекемелер, автокөліктерді жуатын орындар мен үлкен кәсіпорындар суды қайта пайдалануға болатын арнайы құрылғыларды қоюға тиіс. Одан басқа мектептер мен балабақшаларда, университеттерде су ресурстарын үнемдеуге бағытталған сынып сағаттары өткізіледі.

Кейінгі 20-30 жылда бұл мәселеге көп көңіл бөлінбеген. Үйде, жұмыста, өндіріс орындарында болсын суды үнемдеу шаралары жоқ деп айтуға болады, су ысырап болып жұмсалып жатыр. Басты шара – есептеуіш құрылғыларды орнату. Қазір Алматы бойынша есептеуіш құралдар тұрғындардың 80%-ында бар. Бірақ бұл да әлі аз. Үлкен қала болсақ та, судың тапшылығы жоқ. Бірақ соған қарамастан жылдан жылға экология мәселелері, жаһандық жылыну бар, ауыз судың қоры азайып жатыр. Сондықтан осы мәселелерге көңіл бөліп, су ресурсын реттеуді қолға алмасақ және әр тұрғынға осыны жеткізбесек, болмайды", – дейді Серік Шағыров.

Ал желі қолданушылары бұл жаңалыққа мәз емес. Тұрғындар "бір күні ауа жұтуға болмайды дейтін шығар" деп әзіл-шыны аралас пікір білдірді.

“Үйдегі бассейндерге тыйым салыңдар, сауналарды жабыңдар, зәулім үйлерді тексеріңдер, әкімдіктегі адамдарды, шенді, депутат, министрлерді қысқартыңдар, 20 млн халыққа 20 министр, 10 депутат жетеді”, “Өзімізге де сол керек, қойға ұқсап қайда қайырса сол жаққа жүріп жүрміз. Бір күні ауаға ақша төлетеді бұлар”, “Судың да сұрауы бар. Келешек ұрпақ үшін үнемдеуді үйрену керек. Ыдыс жуғанда астына шұңғыл ыдыс құйып жуу керек, шарылдатып далаға ағызбау керек”, “Енді жуынбай, кір жумай, сасып өлтіретін заманға жеттік пе?”, “Өзіміз төлеп жатырмыз ғой, суда нелері бар?”, “Автожуу мен сауна, бассейндерге де ауыз суды пайдалануға тыйым салынған, сол орындалуын жіті бақыласа екен”, “Заңмен тыйым салынғанмен оны орындап жатқан жоқ”, – деп жазды олар. 

140 литр су неге жетеді және бұл әлемдік норма ма?

Ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша, тәулігіне 140 литр деген көрсеткіш әлемдік стандартқа қарағанда көбіне тұрмыстағы қажеттілік үшін орташа норма ретінде келтіріледі. 140 литр адамға күнделікті тұрмыстық қажеттіліктер үшін көбіне қалада, жақсы инфрақұрылым бар жерлерде орынды және жинақы норма болып саналады. Бұл көлем жуыну, ас әзірлеу, ыстық су, тұрмыстық тазалық, дәретхана қызметтері үшін жеткілікті.

Кейбір елдерде су тапшы немесе сумен жабдықтау инфрақұрылымы әлсіз болғанда, адамдар әлдеқайда аз су қолданады (мысалы, тәулігіне 50-100 литр). Түрлі мәдениеттерде, экономикалық жағдайларда, ауыл-қала айырмашылықтарында судың қолжетімді болуы мен тұтыну әдістері әртүрлі болғандықтан, орташа тұтыну көлемі өзгеріп отырады. Кей елдерде нақты бір норма заңмен ресми бекітілмеген немесе нормативтік құқықтық актілерде нақтыланбаған.

Бүгінде осыған ұқсас нормалар Швеция, Ұлыбритания, Норвегия және Израиль елдерінде қолданылады. Мысалы, Швецияда 140 литр, Ұлыбританияда 142 литр, Норвегияда 140-180 және Израильде 137 литр. Су тапшылығы бар, мысалы, кей Африка елдерінде бар болғаны 20–30 литр су қолданып жатады, ол тек ішу мен гигиенаға әрең жетеді.

140 литр су күнделікті мына нәрселерге қолданылады:

  1. Орташа 10 минуттық душ – 60-70 литр
  2. Қол жуу, тіс жуу, бет жуу – 5-10 литр
  3. Дәретханада бір рет су ағызу – 6-9 литр, күніне 4-5 рет қолданса – 25-40 литр
  4. Ас әзірлеу, қолмен ыдыс жуу – 15-20 литр. Егер ыдыс жуғыш машина болса – 10-15 литр
  5. Автомат кір жуғыш машинамен бір рет киім жуу – 50-70 литр
  6. Еден жуу және басқа тұрмыстық аздаған шаруалар – 5-10 литр.

Жаңа норма 13 қыркүйектен бастап күшіне енеді делінген. Осы күннен бастап әр адам 140 литрден артық жұмсағаны үшін қымбатырақ төлейді.

Еңлік Сақтан
Жұма, 12 Қыркүйек, 2025 19:47
Талқылау