Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов "Қасиетті қазақ елі" фестивалінің қатысушыларымен кездесті
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов "Қасиетті қазақ елі" халықаралық өнер фестивалінің қатысушыларымен кездесіп, шараның маңыздылығы туралы айтып өтті. Сонымен қатар фестивальдің тарихы терең Тараз өңірінде өтуі үлкен мәртебе екенін жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуде сөз сөйлеген аймақ басшысы отанға оралған қандастардың 79,3 мыңы Жамбыл облысына қоныстанғанын айтты.
“Тәуелсіздік жылдары қаншама қандас бауырларымыз елге, Отанға оралып, мемлекет қамқорлығына алынды. Оның 79,3 мыңы біздің облысқа қоңыстанды. Ағымдағы жылдың өзінде өңірге қоныс аударған 350 отбасының 474 адамына қандас мәртебесі берілді. Бүгінде сырттағы ағайын-бауырлармен мәдени-рухани байланыстарды жандандырудың түрлі жолдары қалыптасуда. Оның бір дәлелі – өздеріңіз қатысқалы отырған "Қасиетті қазақ елі" халықаралық өнер фестивалі”, – деді ол.
Фестивальге әлемнің 9 елінен 35 өнерпаз қатысуда.
“Былтыр аталған фестиваль Кереку жерінде ұйымдастырылса, биыл Әулиеата аймағында өткелі отыр. Алыстағы ағайынды құшақ жая қарсы алу – Жамбыл облысы жұртшылығы үшін үлкен мәртебе. Бірегей ұлт қалыптастыру – бүгінгі Жаңа Қазақстан саясатының ұстанымы”, – дей келе Нұржан Нұржігітов фестиваль жұмысына сәттілік тілеп, қатысушыларға алғысын жеткізді.
Бұдан соң "Отандастар қорының" президенті Абзал Сапарбекұлы, Өзбекстан Республикасы делегациясын бастап келген Мейрамбек Әбдіқалиев, Ресей Федерациясы делегациясын бастап келген Арман Байзуллаевтер сөз алып, тарихи Тараздың бүгінгі жарқын келбеті туралы ойларын ортаға салып, алған әсерлерімен бөлісті. Сондай-ақ олар халықаралық өнер фестивалінің өтуіне қолдау білдірген облыс басшылығына деген ризашылықтарын білдірді.
Айта кетейік, "Қасиетті қазақ елі" халықаралық өнер фестивалі әр елдегі қазақ ұлты өкілдерінің шығармашылық және ағартушылық әлеуетін арттыру, талантты азаматтарды анықтау және қолдау, ұлттық өнерді дамыту, өскелең ұрпаққа атажұртты таныстыру мақсатына негізделген.