Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында жабылып қалған балабақшадан 80 тәрбиеші айлық алып отыр

Жамбыл облысында екі жыл бұрын жабылып қалған балабақшада 80 қызметкер үйде жатып жалақы алып отыр. Ал екі елдімекеннің тұрғындары ұл-қыздарын беретін бос бөбекжай таппай босып кеттік дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скрин

Бұл бөбекжайдың ашылуынан жабылуы тез болды дейді жаңатастықтар. Бар болғаны бес-ақ жыл жұмыс істепті.

"Жап-жаңа балабақша. Бір үш жыл ма жұмыс істеді. Жабылып қалды. Содан бері тұр. Мына асхана жағы жарылған дейді. Жабық тұрғанына қаншама жыл болды ғой. Содан бері жөндейтін уақыты болды ғой”, – дейді Жаңатас қаласының тұрғыны Ардақ Жаманбаев.

Ата-аналардың айтуынша, асханасындағы жарықшақты желеу еткен басшылық бала қауіпсіздігі үшін бөбекжайды жөндемек болған. Бірақ мемлекеттік сараптама ғимаратты апатты емес деп тауыпты. Осылайша үш жыл бойы "Болашақ" балабақшасының қауіпті-қауіпсіз еместігіне нүкте әлі қойылмаған. Соның кесірінен екі ауылдың тұрғындар ұл-қыздарын қайда берерін білмей жүр.   

"Жаңатас қаласында балабақшаның барлығында бала толық. Балаларын бере алмай көбісін үйінде отыр. Біздің Малоэтажка, Дегерес екі елдімекеніндегі балабақша істемей тұр. Біздің балалар қалаға қатынап жатыр. Ол жақта онсыз да адам көп”, – дейді Жаңатас қаласының тұрғыны Самат Жанқожаев.

Ең қызығы, мемлекеттік балабақшаның 80 қызметкері бос ғимаратқа қолы бос уақытта келеді дейді жұрт.


Ақтөбе облысындағы балабақшалардың бірінде жәндік қосылған ботқа дайындалған


"Заң бойынша айлықтары жүріп жатыр. Бұл балабақша апатты деп танылған жоқ. Күрделі жөндеуден өтуі қажет. Міне көріп тұрсыздар ғой. Сырты жарылып кеткенннен кейін күрделі жөндеуге қойып жатыр”, – дейді "Болашақ" балабақшасының меңгерушісі Эльмира Сәтиева.

Ал жаңадан қызметке кірістім деген білім бөлімінің басшысы қызметкерлердің жалақы алуы заңды дейді. Ал, бес жылда бүлінген су жаңа ғимаратқа қайта жөндеу үшін 355 миллион теңге бөлінді, құрылыс жақында басталады деп сендірді.

Еске салсақ, осыған дейін Алматы облысында тұрғызылғанына жарты ғасырдан астам уақыт болған жатақхана апатты жағдайда тұрғанын жазғанбыз.

Талқылау