Жамбыл облысында құлдықта болғанын айтқан балалардың анасы күйеуін қорғап шықты (видео)
Фото: polisia.kz
Жамбыл облысында өгей әкесін ұзақ жылдар бойы зорлық-зомбылық көрсетіп, жұмысқа жеккен деп айыптаған жасөспірімдер оқиғасы қоғамда үлкен резонанс туғызған еді. Балалар құлдықта болғанын өгей әкесін айыптады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлдардың анасы, Назерке қазір тергеуде отырған күйеуі Ұзақбайды қорғап шықты. Ол журналист Руслан Утепбайға берген сұхбатында балалардың бәрін ойдан шығарып, өгей әкесін жала жауып отыр деп мәлімдеді.
Әйелдің айтуынша, олар күйеуімен 2019 жылдан бері бірге тұрады, осы уақыт ішінде ол ерінің тарапынан ешқандай зорлық көрмеген.
"Егер ол бес жыл бойы оларды ұрып-соқса, неге олар ертерек қашып кетпеді?" – дейді ол.
Жасөспірімдердің денесіндегі көгерген іздер мен намазға мәжбүрлеу туралы сұраққа Назерке күйеуінің ешкімді ұрмағанын айтады.
Әйел өз сөзінде күйеуі де, балалар да намаз оқитынын, ал ер адамның оларды ояту үшін тек қамшымен жерді ұрғанын айтқан. Кейін ол тергеу күйеуінің кінәсін дәлелдесе де, оны қорғауға дайын екенін жеткізіп, соңына дейін баратынын мәлімдеген.
Журналист одан "Сіз үшін кім қымбат күйеу ме, әлде балалар ма?" деп сұрағанда, Назерке "екеуі де қымбат, күйеуім де, балаларым да" деп жауап берді.
Айта кетейік, Назерке алты баланың анасы. Ол Ұзақбайға тұрмысқа шыққанда, алғашқы некесінен үш ұлы бар еді.
Еске салайық, бұған дейін желіде тараған видеода екі бала денелеріндегі көгерген іздерді көрсеткен. Оның бірі бес жыл бойы қорлық көргенін, қамшымен ұрылғанын, сыртқы ортамен байланыссыз қалғанын және ауыр жұмысқа жегілгенін айтқан. Кейін полиция бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Күдікті өгей әкесі қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына тоғытылды. Ішкі істер министрі бұл істі өз бақылауына алды.

"Киіктерді өз өмірінің құнымен қорғаған батыр": Қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің қаруланған броконьерлерді қуамын деп қалай қаза тапты
