Жамбыл облысында аудан басшысы халық мәселесін көтерген ауыл әкімін сотқа бермек
Фото: Видеодан скрин
Жамбыл облысында ауылдың мәселесін көтерген әкімнің басы бәлеге қалды. Халықтың мұң-мұқтажын жоғарыға жеткізбек болған басшының үстінен қызметтік тексеру тағайындалып, ісі тәртіптік кеңесте қаралмақ. Сондай-ақ Сарысу ауданының әкімі оны сотқа бермек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия 1 арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жайылма ауылының тұрғындары ауыз суды тасып ішетінін айтып, шағым білдірді.
"Ерте ағып қалса, ала алмай қаламыз. Сол үшін сағат он бірден бастап осы жерде қарауылдап отырамыз. Суды кезекпен аламыз. Бәріміз үш ретпен аламыз", - дейді ауыл тұрғыны.
Ауыл тұрғындары бәріне су жетпейтінін, оның бір-ақ сағат берілетінін айтты.
"Суды сағаттап күтеміз. Өйткені ауылдағы ағайынға ауыз су жетпей қалуы мүмкін. Су бір-ақ сағат ағады. Бір сағатта алсақ алдық, алмасақ сусыз қаламыз. Су болмаған соң ащы су ішеміз. Одан денсаулығымыз құрып жатыр", – дейді олар.
Ауыл әкімінің сөзінше, ауыз су жүйесі тозғандықтан төрт рет жобалық-сметалық құжат дайындалған. Алайда белгісіз себептермен қаржылық қолдау таппай, толық жөндеу көрмепті. Он жылда ескі құбыр бірнеше рет жарылып, жауапты мекеме жұмысшылары жарықты жамап уақыт өткізген екен. Мәселені көтерген ауыл басшысы облыс әкімінің жеке қабылдауына төрт айдан бері кіре алмаған.
"Халықтың мұң-мұқтажы болғандықтан, өзім ішіп отырған соң шағым білдірдім. Халыққа обал болды ғой. Неге бұл мәселе қолдау таппайды? Астанаға барып, жатып алса да, ақшаны бөлгізетін уақыт болды ғой", – дейді әкім.
Жайылма ауылында бұдан бөлек бірқатар мәселелер шешім таппай жатыр екен. Ауыл әкімі мәселені көтергені үшін аудан басшысы қызметтік тексеру тағайындапты. Енді ол тәртіптік жазаға тартылмақ. Ал Сәкен Мамытов болса мені негізсіз айыптады деп отыр.
"Бірінші кезекте сотқа беремін. Бізде әдеп жөніндегі өкіл бар. Соларға беремін. Ол өз жұмысын білуі керек. Ал ауыз судың жайы жуық арада шешілмейді. Себебі су мұнарасын жаңалауға 1,7 миллиард теңге қажет", – дейді аудан әкімі.
Қазір құбырдың тозу көрсеткіші алпыс пайызға жеткен. Қомақты қаржы биыл бөлінбесе, тұрғындар суды тәулік бойы тұтына алмайды. Бәз-баяғыша суға таласып, кезекке тұруына тура келеді.
Айта кетейік, бұған дейін Әкім қызғалдақпен суретке түскені үшін қанша айыппұл төлейтіні туралы жазған едік.

"Баланы тұз қосылған суға шомылдыру, омырауын сығу" сынды салттар қаншалықты дұрыс – Мамандар жауап берді
