Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамаубаев Назарбаевтар отбасының кеден жүйесіндегі жемқорлыққа қатысын ашып айтудан бас тартты

Вице-премьер – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Мәжіліс алаңында Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарының кедендегі "сұр" схемаларға қатысы бар ма деген сауалға жауап беріп, алайда Қазақстанның тұңғыш президентінің атын атамады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жамаубаевтың сөзінше, 2022 жылы кедендегі тексеріс нәтижесінде экономикалық операторлардан шамамен 50 млрд теңге өндіріп алынған. Алайда ол кедендегі "күмәнді схемаларға" экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мен айналасындағы адамдардың қатысы бар ма деген сұраққа нақты жауап бере алмаған.

Ол мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы кеден саласындағы тәртіпті қалпына келтіруді тапсырғанын растады.

"Былтыр президент кеден саласында тәртіп орнатуға тапсырма берген. Соған байланысты біз көптеген заңсыздықты анықтадық. Бас прокуратурамен және өзге де құқық қорғау органдарымен жұмыс тобы құрылды, анықталған фактілер құқық қорғау құрылымдарына берілді. Қазір тергеу жүріп жатыр", - деді Жамаубаев.

"Бұған тұңғыш президенттің төңірегіндегілердің қатысы бар ма?" - деп сұраған журналистер. 



"Былтыр заң бұзғандардан шамамен 50 млрд теңге өндіріп алынды. Ол жерде бірнеше экономикалық оператор заң бұзған", – деді министр. "Кімнен өндіріп алынды" деген сұраққа министр "заң бұзушылардан" деп жауап берген.

"Кеден экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мен айналасындағылардың бақылауында болды ма және ақырғы бенефициары ретінде соларды атауға бола ма?" деген журналист сұрағына Жамаубаев "ақырғы бенефициарларды өзіңіз атадыңыз" деді. Оның сөзінше, 15-тен астам экономикалық оператор болған.

Министр "Заң бұзғандар арасында экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды немесе Назарбаевтың өзі бар ма?" деген сұраққа да жауап бермеді.

"Ол жерде жұмыс тобы болды және негізгі жұмысты құқық қорғау органдары жүргізді. Олардың қимылдау алгоритмі, жұмыс, тергеу шарты бар. Егер олар бұл жайттарды ашса, сауал жіберіп, сұрап көріңіздер. Органдар оны жария етпейді", - деді Жамаубаев.

Қаңтар оқиғасынан кейін елде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалы әлсіреп, оның туыстары мен айналасындағы адамдар түрлі қызметтен шеттетіле бастаған шақта президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан-Қытай шекара бекеттеріндегі бейберекеттікті реттеуді" тапсырған.

Талқылау