Жалған IMEI көрсетілген: Қазақстандықтар жаңадан алған телефондарын тіркей алмай жатыр

Фото: depositphotos.com
Қазақстандықтар жаңадан алған телефондарын тіркей алмай жатқандарын айтып шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желі қоданушылары “құрылғыларды верификациялау өтініштерінің ұзақ қаралғанына, жүйенің жұмыс істемейтініне” шағымданды. Пайдаланушылар екі-үш апта бойы құрылғыларын тіркей алмай жүргендерін айтады. Құрылғыны сатқандар “өтініш берілді, бірнеше күннен кейін бәрі расталады, жүйе жұмыс істемей тұр” деп сендірген.
Тексеру нәтижесінде мәселе жүйеде емес, сатушылардың өздерінде екені анықталды.
Абоненттік құрылғыларды верификациялау ақпараттық жүйесінің жеткізушісі ATS Mediafon KZ компаниясының деректері бойынша, өтініш берілгеннен кейінгі алғашқы тәуліктің ішінде-ақ жүйе арқылы тіркеуге қойылады немесе өтініш кері қайтарылады. Жалған құжаттар мен жарамсыз IMEI номер көрсетіліп, құрылғы мен деректер сәйкес келмеген жағдайда жүйе өтінішті кері қайтарады.
Алайда сатушылар, өз пайдалары үшін тіркеуге жарамсыз, сату құқығы жоқ құрылғыларды тұтынушыларға сатқан. Артынша верификациялау жасай алмағандарды “жүйе жұмыс істемейді, күтіңіз” деп сендірген.
Сатушы “күтіңіз, бірнеше күнде тіркеледі деген” IMEI бойынша ATS Mediafon KZ компаниясына ресми сауал жолданды. Көрсетілген IMEI нөмірді жүйе алғашқы 12 сағатта-ақ кері қайтарған болып шықты.
Шын мәнінде жүйеде қандайда бір ақау жоқ. Мәселе тек әкелу ережелері бұзылған немесе жалған деректер ұсынылған жағдайларда ғана туындайды.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда дұрыс тіркелмеген смартфондар бұғатталатыны айтылған еді.