Зейнеттегі Бердібек Сапарбаевтың немен айналысып жүргені белгілі болды
18 жыл бойы әкім болған Бердібек Сапарбаев президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясында дәріс оқып жүр. Бұл туралы мемлекет және қоғам қайраткері Facebook желісінде жазба жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Сонау 2018 жылдың сәуір айында басылым беттерінде менің "демалысқа шыққанда жастарға сабақ берсем деймін" деген ойым жарық көрген екен.
Сол ойымды 53 жылдық жұмыс өтілімді аяқтаған соң, мемлекет басшысы жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының білім алушыларына арналған дәрістерімнің аясында жүзеге асыру туралы шешім қабылдадым. Бүгінгі дәрісімді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуындағы сөзіндегі нақты 8 бағыт пен тапсырмалары жөнінде жастармен пікір алмастым”, – делінген жазбада.
Сапарбаев өз кезегінде осы бағыттағы жұмысын одан әрі де жалғастыратынын жазған.
Бердiбек Машбекұлы Сапарбаев 1953 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы Бесарық ауылында туған.
1977 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітіреді. Еңбек жолын 16 жасында "Задарьинский" кеңшарында қатардағы жұмысшы болып бастаған.
Бердібек Сапарбаев 1995-2022 жылдар аралығында еліміздің бес облысына әкім болған. Бұл жағынан ол рекорд иесі. Жалпы министрліктегі қызметтерін есептегемегенде тек 18 жыл әкім ретінде қызмет еткен.
Ол екі рет Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, екі рет премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарды. Әр жылдары министрлер кабинеті аппаратының жетекшісі, кедендік бақылау агенттігі төрағасы, қаржы министрінің орынбасары болған.