Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зейнеткерлер, оппозиционерлер мен өзге ұлт өкілдері: Мәжіліске сайланған жаңа депутаттардың құрамы қандай

Қазақстан Республикасының парламенті мәжілісінің VIII шақырылымына сайланған депутаттардың толық құрамы белгілі болғаны мәлім. Еліміздің тарихында алғаш рет жеті партияның алтауы мәжіліске өткенін ескерсек, бұл оның айтарлықтай жаңарғанын көрсетеді. Сайланған депутаттардың орта жасы – 50 жастан төмен. Сонымен қоса зейнет жасындағы депутаттар да баршылық. Осы кезекте Stan.kz ақпарат агенттігі мәжіліске өткен депутаттар жайлы бір шолып шықты.

депутаттар

Жалпы партиялардың құрамындағы депутаттардың ішінде 12 өзге ұлт өкілдері бар. Олардың көпшілігі "AMANAT" партиясының құрамында. Өзге ұлт өкілдерінің басымы – орыс ұлтынан шыққан.

Ең егде жастағы депутат та жоғарыда аталған партияның ішінде - Бақтықожа Ізмұхамбетов 75 жаста. Жас мөлшері бойынша екінші орында президент сайлауына түскен "Ауыл" партиясының жетекшісі Жигули Дайрабаев 68 жаста.

Ал ең жас депутат "Respublica" партиясының құрамында – Динара Наумова 26 жаста. Бұл партияның жастардан құралғанын ескерсек, әрине, таңданудың орны емес.

Айтарлықтай жаңарған мәжілістің құрамында егде жастағы депутаттар да аз емес. Мысалы, Альберт Рау 62 жаста, Дүйсенбай Тұрғанов 64 жаста, Ирина Смирнова 62 жаста, Дания Еспаева 62 жаста, Қазыбек Иса 60 жаста, оппозициялық партияның жетекшісі Нұрлан Әуесбаев 60 жаста, оппозициялық журналист Ермұрат Бапи 60 жаста, Нұртай Сабильянов 60 жаста, Мұқаш Ескендіров 62 және Құдайберген Бексұлтанов 69 жаста. Ендеше мәжілісте 4 зейнеткер депутат болады деген сөз. 

Жалпы партиялардың атынан өткен депутаттардың ішінде біраз танымал тұлғалар да бар. Атап айтар болсақ, журналистер, кәсіпкерлер содай-ақ билікті ұдайы сынап жүрген азаматтардың басқарушы партияның құрамынан табылуы көпшіліктің талқысына түскен.



Айтыскер Ринат Зайытов - 2019 жылғы наразылық "көшбасшыларының" бірі болған. Сол кезде президент сайлауында жеңіске жеткен президент Қасым-Жомарт Тоқаевты сынаған. Наразылықтар кезінде қамауға алынып, қайта шыққан Зайытов көп ұзамай көпшілік алдында наразылық тақырыбынан алшақтап, кейінірек тіпті мемлекеттік мекеменің - "Алатау" дәстүрлі өнер театрын директоры болды. Айтыскер бұған дейінгі сұхбаттарында "билікті ішінен өзгерткісі келетінін" айтқан.

Ермұрат Бапи – оппозициялық журналист, "Дат" газетінің редакторы. Ұзақ жылдар бойы билікті ашық сынаған еліміздегі аз журналистің бірі болған Бапи Назарбаев (Қазақстанның тұңғыш президенті – ред.) билігінің тұсында қуғынға ұшырағанын да айтқан. Алматы қаласында сайлауға түскен ол тағы бір оппозиционер Инга Иманбаймен таласқан. Сайлау нәтижесінен кейін өзінің жеңілісін мойындамаған Иманбай сайлаудың әділетсіз өткенін айтқан. Ал Бапи өзін "халықтың таңдағанын" айтады.

Депутаттар қатарында басқа да журналистер – Мақсат Толықбай мен Нартай Аралбайұлы бар. Сондай-ақ қоғам белсендісі, спортшы Ардақ Назаров. 28 наурызда журналистердің сауалына жауап бере алмаған Назаров біраз сынға қалған. Ол парламентке "жастарды тәрбиелеуге келгенін" айтқан. Журналистің "қалай тәрбиелейсіз" деген сұрағына ол "бұрынғыдай" деп жауап берген.

Сонымен қатар депутаттар қатарында бұрын министр болған – Асхат Аймағамбетов бар. 

Тағы бір қызық жәйт, "Ауыл" партиясының құрамында президент сайлауына түскен екі депутат бар – Жигули Дайрабаев пен Қарақат Әбден. Әбден бұл партияға сайлау қарсаңында қосылған.

19 наурызда Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өткенін еске салып өтейік. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлауға барлығы 6 366 441 адам дауыс берген.



Дауыс берушілердің көрсеткіші мынадай болды: 

"АМАНАТ" партиясы – 53,90% немесе 3 341 510 сайлаушы;

"Ауыл" халықтық демократиялық партиясы – 10,90% немесе 693 938 сайлаушы;

"Respublica" партиясы – 8,59% немесе 547 154 сайлаушы;

Қазақстан халық партиясы – 6,80% немесе 432 920 сайлаушы; 

"Байтақ" жасылдар партиясы – 2,30% немесе 146 431 сайлаушы;

"Ақ жол" демократиялық партиясы – 535 139 сайлаушы немесе 8,41%;

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 5,20% немесе 331 058 сайлаушы.

"Барлығына қарсы" деген бағанды 3,90% немесе 248 291 сайлаушы таңдаған.

Партиялық тізімдерге сәйкес дауыс беру қорытындысы бойынша 6 саяси партияға депутаттық мандаттарды бөлуге рұқсат етілді: "АMANAT" партиясы, "Ауыл" ХДП, "Respublica" партиясы, Қазақстан халықтық партиясы, "Ақ жол" демократиялық партиясы және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы.

Талқылау