Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зиянды өндіріс қызметкерлерінің зейнет жасын төмендету туралы ұсыныс: Еңбек министрлігі бұл бастама не себепті қарастырылмайтынын түсіндірді

Жақында мәжіліс депутаттары зиянды әрі қауіпті еңбек жағдайында істейтін қазақстандықтардың зейнет жасын төмендетуді ұсынған болатын. Бұл бастама жайлы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі қандай пікірде? Адам денсаулығына зиянды орныдар қалай тексеріледі? Stan.kz тілшісі білді. 

металург

Депутат Ерлан Смайыловтың пікірінше, металлургтер, кеншілер, мұнайшылар, уран өнеркәсібінің жұмысшылары мен тағы басқа зиянды өндірісте істейтін адамдардың зейнетке шығу жасын төмендету орынды. 

"Қауіпті және зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істеу қызметкерлердің денсаулығына теріс әсер етеді. Статистикаға сәйкес, 2020 жылы елімізде өмір сүрудің орташа күтілетін ұзақтығы ер адамдарда 67, әйелдерде 75,5 жасты құрады. Шын мәнінде, зиянды өндірістермен айналысатын ер адамдар үшін бұл толыққанды лайықты қарттыққа өз құқығын іске асыру мүмкіндігінің жоқтығын білдіреді. 1956 жылы КСРО-ның "Зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Заңы 9-бапта жерасты жұмыстарында, зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыстарда және ыстық цехтарда жұмысшылар мен қызметкерлер үшін қарттық бойынша зейнеткерлікке жеңілдікпен шығу құқығын белгіледі: ерлер – 50 жасқа толғанда және жұмыс өтілі кемінде 20 жыл болғанда, әйелдер – 45 жасқа толғанда және жұмыс өтілі кемінде 15 жыл болғанда. Ел жойқын соғыстан енді-енді қалпына келсе де, жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қатаң сақтады", - деді Ерлан Смайлов.

Оның айтуынша, осы саладағы мемлекеттік саясатының қисыны біздің азаматтардың мүддесімен емес, бюджет шығындарын қысқарту қажеттілігімен айқындалады.

"Сонымен қатар макроэкономикалық, әлеуметтік, демографиялық факторларды талдау мен есепке алуға негізделген кешенді тәсіл зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлердің зейнетке ертерек шығуының ұтымды әрі тұтастай алғанда әлеуметтік-экономикалық сала үшін бірқатар пайдасы бар екенін дәлелдейді. Мәселен, әлемде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-демографиялық зерттеулер зейнетке шығу жасының артуы ересек тұрғындардың мүгедектігінің айтарлықтай өсуіне алып келетінін көрсетуде. Оларды медициналық және әлеуметтік қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік бюджеттің тиісті шығындары да өседі. Сол себепті зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін зейнет жасын төмендету қажет", - деді депутат.

Жұмысшылардың зейнет жасын төмендету мәселесін қазір әзірленіп жатқан Әлеуметтік кодекске енгізу керек деген ол бұл сауалды ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдайтынын жеткізді. 

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрілігінің мәліметінше, депутаттардың зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтардың зейнет жасын төмендету туралы ұсынысы қарастырылмайды. Мұның бірнеше себебі бар. 

"Қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесі кезінде зейнеткерлікке ерте шығуға байланысты зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңін қысқарту қартайғанда барабар зейнетақы төлемдерін алу үшін зейнетақы жинақтарының жеткілікті көлемін қалыптастыруға мүмкіндік бермейді. Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысудың ұзаққа созылмауына байланысты жинақтаушы және базалық зейнетақы мөлшері айтарлықтай төмендейтіні, ал 40 жасқа толған және одан кіші адамдардың ынтымақты зейнетақыға құқығы болмайтыны анық.

Осыған байланысты, мемлекеттің, жұмыс берушінің және қызметкердің зейнетақымен қамсыздандыру үшін тең жауапкершілігі қағидатына негізделген зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарға қатысты зейнетақымен қамсыздандырудың міндетті кәсіптік схемасын жасау және нығайту міндеті бірінші орынға шығады", - деп түсіндірді министрлік өкілдері.

Дәл осы мақсатта 2014 жылдан бастап жұмыс берушінің қаражаты есебінен қызметкер табысының 5% мөлшерінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) енгізілген.  Бұл санатқа шахтерлер мен металлургтер де кіреді. 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап 14 мыңнан астам жұмыс беруші өз қаражаты есебінен 560 мың қызметкердің пайдасына МКЗЖ аударады. МКЗЖ есебінен жинақталған зейнетақы қаражатының жалпы сомасы 2021 жылғы 1 сәуірге шамамен 315,9 млрд. теңгені құраған.

"Қызметкерлердің пайдасына МКЗЖ аудару оларға зейнетақы жинақтары жеткілікті болған кезде зейнетақы аннуитетін жасау арқылы 50 жасқа толғанда міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен БЖЗҚ-нан зейнетақы төлемдерін алуға құқық береді", - делінген министрліктің Stan.kz тілшісінің ресми сұратылымына деген жауабында.

Яғни: 

Біріншіден, ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төлемдердің ең төменгі мөлшері (2021 жылы – 43 272 теңге) ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 %- на дейін төмендетілді, яғни зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша бірінші жыл төлемінің ең төменгі мөлшері 24 011 теңгені (2021 жылы 34 302 теңгеден 70 %) құрады),

Екіншіден, 40 жастан бастап зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдар үшін кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетінің тетігі көзделген.

"Нәтижесінде зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін зейнетақы жинақтарының ең аз жеткіліктілік мөлшері 40 жастан бастап 45 %-ға төмендеді және 7 589 931 теңгені құрады. Баяндалғанның негізінде, зейнеткерлік жастың, оның ішінде зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарға да төмендеуін министрлікпен қарастырылмайды", - делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік мәліметіне сүйенсек, Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 17-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуына тексерулер Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес мемлекеттік еңбек инспекторлары бақылау субъектiлерiнің қызметін бақылау жоспардан тыс және  профилактикалық тексерістер жүзеге асырылады. 

Айта кетсек, 2021 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша еліміздің кәсіпорындарында еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мақсатында 1915 тексеру жүргізіліпті. Оның нәтижесінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 906 бұзушылық анықталды, осы бұзушылықтарды жою үшін жұмыс берушілерге 80 ұйғарым беріліп, жалпы сомасы 80,9 млн. теңгені құрайтын 468 әкімшілік айыппұл салынған. 

Дидар Халық
Дүйсенбі, 31 Мамыр, 2021 11:53
Талқылау