Зеленский Ресеймен қарым-қатынасы ушыққан Әзірбайжанға қолдау көрсетті
Фото: Рresident.gov.ua
Украина президенті Владимир Зеленский сейсенбі күні Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Европейская правда” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Әңгіме барысында Зеленский Алиевке Украинаға, оның аумақтық тұтастығына және халқына көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.
"Сондай-ақ Ресей Әзірбайжан азаматтарын қорлап, Әзірбайжан Республикасына қауіп төндіріп отырғанда Украина тарапынан қолдау бар екенін жеткіздім", – деп жазды Зеленский X әлеуметтік желісінде.
Зеленский Ресей аумағында ажал құшқан Әзірбайжан азаматтарының қазасына байланысты Әзірбайжан президентіне көңіл айтты.
"Барлық факт анықталатынына сенімдімін. Әділдік қажет. Президент Алиевпен ортақ көзқарасымыз бар: әрбір адамның өмірі мен қадір-қасиеті қорғалуға тиіс", – деді Зеленский.
Екі ел басшылары екіжақты қатынастарды талқылап, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның отырысын өткізуге келісті.
Ресей мен Әзірбайжанның қарым-қатынасы 27 маусымда Екатеринбург қаласында әзірбайжан диаспорасының өкілдері жаппай ұсталғаннан кейін ушыға түсті. Шамамен 50 адам тергеу комитетіне жеткізілген, олардың 2001–2011 жылдары жасалған кісі өлтіру және қастандықтарға қатысы бар-жоғы тексеріп жатыр.
Басты күдіктілердің екеуі — ағайынды Гусейн және Зияддин Сафаров тергеу шаралары кезінде қаза тапқан. Тергеу комитетінің мәліметінше, олардың біреуі жүрек жеткіліксіздігінен көз жұмған. Екіншісінің өліміне не себеп болғаны анықталып жатыр.

"Құс үркітіп сағатына 8 200 теңге таптым": Англияда жүріп 1 миллионнан аса айлық алатын қазақстандық жұмысы туралы айтып берді
