"Ұрып-соғып қорлаған": Ақмола облысында күйеуін өлтірген әйел жазадан босатылды
Фото Depositphotos.com
63 жастағы әйел азаматтық некедегі жұбайын жан күйзелісі жағдайында өлтіргені үшін кінәлі деп танылды, алайда ол рақымшылыққа ілініп, жазадан босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Іс материалдарына сәйкес, әйел күйеуінің жұмысқа бармай, ақшасын құмар ойынына және ішімдікке жұмсайтынына наразылығын білдірген. Екеуінің арасында жанжал шығып, ер адам оған басынан және бетінен соққы жасаған. Бұған жауап ретінде әйелі көкөніс турап жатқан ас үй пышағымен оған жарақат салған, кейін жедел жәрдем шақырған. Алайда күйеуі ауруханада қан кетуден қайтыс болған.
Сот алқабилердің қатысуымен өтті. Сот анықтағандай, әйел азаматтық некедегі жұбайымен жанжал кезінде оның тарапынан көрсетілген зорлық-зомбылық пен қорлықтың салдарынан қатты жан күйзелісі жағдайында оған ас үй пышағымен дене жарақатын келтіріп, салдарынан күйеуі қаза тапқан.
Тергеу органдары әйелді ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігімен қасақана кісі өлтірді деп айыптады.
"Жаза тағайындауда сот айыпталушының жасы (63 жас), қайтыс болған ерн адамның туыстары тарапынан материалдық және моральдық шағымдардың болмауын жеңілдететін мән-жайлар деп ескерді. Сот үкімімен әйелге 1 жылға бас бостандығынан айыру тағайындалды, сонымен қатар "ҚР Конституциясының 30 жылдығына байланысты жарияланған рақымшылық туралы" заңды қолданумен ол жазадан босатылды", - делінген Ақмола облыстық соты хабарламасында.
Сот үкімі шағымданусыз, наразылықсыз заңды күшіне енді.
"Бағасы Еуропадан 10 есе төмен": Қазақстанға БАӘ, Ұлыбритания, Германиядан шетелдіктер медициналық көмек алуға келеді