Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұрынғанымды үйге келген соң бір-ақ білдім": Өскеменде тегін көрсетілімге барған тұрғындар алаяққа алданып, қарызға батқан

Өскеменде денсаулыққа арналған өнімдердің тегін көрсетіліміне келген тұрғындар несиенің құрсауына түсіп қалғандарын айтады. Сөздерінше, алаяққа алданып қалған халық массажға арналған төсенішті миллион теңгеге сатып алған. Енді олар тегін массаждың құнын үлкен қарызбен өтеуге мәжбүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" жаңалықтар бөліміне сілтеме жасап.

мошенник

Көрсетілімге келген тұрғындар тегін массажға, ұтыс ойындары мен тиімді бонустар секілді жеңілдіктерге сеніп қалған. Көрсетілім кезінде телефон камерасына түсіруге тыйым салған және әр келушімен жеке жұмыс жасаған. Бұл жөнінде зардап шеккендердің өздері айтады. 51 жастағы Татьяна Ивановна (аты-жөні өзгертілген – ред.) шарадан массаж төсеніштері мен сыйлықтар алып шыққан, алайда мұны енді әйел 4 жылдық несиемен 2 млн теңге қылып қайтарады.

"Соңында олар 20 адамның бесеуі, оның ішінде мен де бармын, "сыйлықтармен" марапатталатынымызды айтты. Маған массаж креслосына 30% жеңілдік жасайтындарын айтты. Яғни оның өз бағасы 1 млн 300 тұрады, ал  маған оны 900 мыңға беретін болды. Олар телефоным арқылы несие рәсімдеп берді. Не нәрсеге ұрынғанымды үйге келген соң бір-ақ білдім",  –  дейді әйел.



Өскеменде OLX сату алаңынан массажға арналған құрылғыларды 65-110 мың теңге аралығында табуға болады. Ал фирмалар олардың әрқайсысын 917 мың теңгеден сатады. Құқық қорғау органдары мұндай жағдайда өздерінің қауқарсыз екендерін мойындады. Өйткені адамдардың заттарды өздері саналы түрде сатып алатындықтан, олар ешнәрсе істей алмайды. Мұндай жағдайларда алданғандар тек азаматтық жолмен сотқа жүгінуі керек.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Татьяна Ивановаға хабарласқан соң, компания ақшаны қайтарып берген.

"Жыл басынан бері біздің бөлімге 22-ге жуық тұтынушы жүгінген. Тамыз айында – 5 тұтынушы. Соның ішінде үш тұтынушыға 3 миллион теңге көлеміндегі массаждық құрылғыны сатып алған қаражаты қайтарылды. Сондай-ақ бұл құрылғылар мен берілетін сыйлықтардың өз құны мұндай тұрмайтынын айта кеткен жөн", – деп түсіндірді Шығыс Қазақстан облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Қанат Жеңісбекұлы.

Жалпы, бүгінде ел бойынша тұтынушыларға 60 миллион теңгеге жуық қаржыны қайтаруға мүмкіндік туды. Ал, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің мәліметінше, бұл тәжірибе елде тез етек алып барады. Бұл өнімді сатумен айналысатын фирмалардың өкілдері республика бойынша "саяхат" жасап, бұл әдіс қазір Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, 80-нен астам алданғандар белгілі болған және Ақмола облыстарында кеңінен таралған.

Талқылау