Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлытау облысы әкімінің орынбасарлары тағайындалды

Аман Бәрікенов пен Ұлантай Үсенов Ұлытау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Бұған дейін хабарланғандай, бізде басқармалар аз және штат саны аз болады. Барлығы 18 басқарма құрылды, оларда 251 штат бірлігі бекітілді. Кейбір департаменттер біріктірілді, басқалары жеке басқармалар болып бекітілді", - деді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.

36 жастағы Аман Бәрікеновтің Ұлытау облысы әкімінің орынбасарларының бірі болғаны хабарланды.

Ол Жезқазған қаласында дүниеге келген. Бөкетов атындағы Қарағанды ​​мемлекеттік университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін, "Қаржы академиясы" АҚ бітірген. Экономика ғылымдарының магистрі.

Еңбек жолын 2008 жылы Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есеп, аудит және қаржылық бақылауды дамыту департаментінің сарапшысы болып бастады. Осы жылдары Қаржы министрлігінде, Премьер-министрдің кеңсесінде қызметтер атқарды.

2019 жылдан бастап жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Премьер-Министр Кеңсесінің экономика бөлімінің меңгерушісі болды.

Тағы бір орынбасар болып 47 жастағы Ұлантай Үсенов тағайындалды. Жаңаарқа ауданында туған. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін, Қазтұтынуодағы Қарағанды ​​экономикалық университетін бітірген.

Еңбек жолын 2000 жылы Жаңаарқа аудандық мәслихаты аппаратының маманы болып бастады, әр жылдары Жаңаарқа, Абай аудандарында, Сәтбаев қаласында қызметтер атқарды.

2018 жылдан бастап жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Қарағанды ​​облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болды.

Талқылау