Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екі ұлым жүргіш қыздарды зорлап сотталып кетті": Тараз тұрғыны ауыр тағдырын баяндады

Тараздың 49 жастағы тұрғыны Хадиша Шалбаева екі ұлының 11 жылға сотталып кеткенін айтты. Келіні бір жыл уақыт өтпестен өзге жанға тұрмысқа шығып кеткен. Ал, 4 немересін құдағиы мен құдасы бағып отыр. 

Бұл туралы "Кел, татуласайық" бағдарламасында айтылды. 

Хадиша Шалбаева Жамбыл облысының тұрғыны. Бес баланың анасы. Екі ұлы темір торда. Өзі бір ұл, бір қызымен тұрып жатыр.

"Мен бала күнімнен арақ деген бәледен көз ашпадым. 16 жасымда тұрмыс құрдым. Тұрмыс құрғалы бері күйеуім ішімдік ішеді. Мені ұрып-соқты. Бірақ әкемнің қас-қабағына қарап ажырасып кетпедім. Ішсе де, ұрса да, отбасын асырамаса да одан ажырасып кетпедім. Ұлым да арақтың кесірінен түрмеде отыр. Үлкен ұлым үйленген. Келініммен бірге тұрып жатты. Кіші ұлым пәтерде тұрып жатты. Бір күні келінім ауруханаға кеткен еді. Сол күні кіші ұлымның досы хабарласып, көңіл көтерейік деген. Екі қыз әкеліп үйде түнеген. Сыра ішкен. Сол күні пәтерге үлкен ұлым келген. Ол өзі мас болғандықтан не болғанын білмейді. Тек ертесі есін жиғанда қыздардың кім екенін сұрайды. Оларды апарып тастаңдар, басым бәлеге қалады деген. Кейіннен екі қыз арыз жазып, екі ұлымның да өзін зорлағанын айтқан. Солай екеуі де 11 жылға сотталып кетті", - деді ол. 

Үлкен ұлымның бұл іске қатысы болмаса да нақақтан жаза арқалап кетті деген Хадиша ана көз жасына ерік берді. Арыз жазған қыздың үйіне бір апта жатып кешірім сұрағанын айтты. Өз үйіне қонақ қылған. Келін етіп алуға уәде берген. Алайда кешірім ала алмаған. Ал, бір жылдан соң жығылғанға жұдырық болып келіні кетіп қалады. 

"Балам сотталған соң бір жылдан соң келінім тұрмысқа шығып кетті. 4 баланы өз анасына тастап кетті. Маған немерелерімді көрсетпеді. Кейін ол күйеуінен ажырасып қайтып келген. Одан кейін де қайта ұлыма қоспақшы едім. Балам түрмеде отырған жерге барып қайттық. Ұлым онымен ажыраспаймын деді. Қайта қосыламын деді. Бірақ келінім қайта кетіп қалды. Қазір қайда екенін білмеймін. Тұрмыста ма, жоқ па білмеймін. Ұлымды шығарып аламын деп үйімді саттым. Көлікті саттым. Ақшамның бәрін ұстадым. Үйсіз-күйсіз қалдық. Өзім инсульт алып, аурушаң болып қалдым. Дәрімен жүремін. Қан қысымым көтеріледі. Жас балалар осындайға ұрынбаса екен. Осындай қылмысқа бармаса екен деймін", - деді кейіпкер.

Хадиша апаймен өз туыстары да араздасып, араласпай қалған. Бәрінен кешірім сұраған ана татуласқысы келеді. Немерелерін бағып отырған құдаларына алғысын айтады. 

"Құдағиым мен құдам менің ұлымды мақтайды. Артық мінезі жоқ, еңбекқор еді деп отырады. Одан кеткен қызына ұрсады. Немерелерімді қарап отыр. Оған рахметтен басқа айтарым жоқ. Үлкен немерем 9 жаста. Нағашыларына бауыр басып қалды. Кішісі бізді танымайды да. Оларды қолыма алғым келеді", - деді Хадиша Шалбаева. 

Хадиша ананың айтуынша, екі ұлына арыз жазған қыздардың өзі жеңіл жүрісті қызар еді. Өздері хабарласып, көңіл-көтермек болған. Балалардың үйіне келіп, үйін жинап, тамақ жасап, көңіл-көтерген. Кейіннен жала жауып, соттатып жіберді деп жылады. Алайда сот шешімімен, екі ұлы мен достары кінәлі деп танылып, қамауға алынған. Ұлдары жазаның 6 жылын өтеді.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 29 Шілде, 2020 14:32
Талқылау