Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жігіттер мен қыздарға бірдей талап қойылады: Әскери кафедраға қалай түсуге болады

Еліміздің бірқатар университеттерінде оқу орынының жанында әскери кафедра жұмыс істейді. Мұнда әскери міндетті бар студенттер арнайы дайындықтан өтіп, оқуды аяқтаған соң, бірден лейтенант шенін алады. Сәйкесінше, олар жауынгерлік міндеттемеден босатылады.

Әскери кафедрада оқудың артықшылықтары және лейтенант шенін әскерге бармай қалай алуға болатынын С.Асфендияров атындағы медицина университетінің әскери кафедра ұстазы, запастағы полковник Нұрлан Сыбанбекұлы айтып берді. 

Әскери кафедраға 25 жасқа дейінгі сотталмаған, тек қана оқытудың күндізгі түрінде оқитын студенттер түсе алады. Студенттер ақылы және арнайы грант негізінде білім ала алады. 

Әскери кафедрада оқыту үшін іріктеу ҚР ҚМ әскери кафедраға жыл сайын қабылдау жылының 1 наурызына дейін жолдайтын қабылдау жоспарына сәйкес конкурстық негізде жүргізіледі.

Әскери кафедраға қалай қабылдайды?

Нұрлан Сыбанбекұлының айтуынша, әскери кафедраға студенттерді қабылдау үшін арнайы комиссия құрылады. Комиссия мүшелері дауыс беру арқылы ең үздік, әрі физикалық түрде шыныққан студенттерді қабылдайды. 

“Қазақстан Республикасының қорғаныс министрлігінің 375 бұйрығы бар. Сол бұйрық негізінде әскери кафедраға студенттерді қабылдау үшін университет жанынан арнайы комиссия құрылады. Комиссия құрамында кафедра жетекшісі болады және басқа да әскери құрылымдардан адамдар тағайындалады. Дауыс беру барысында теңбе-тең болып қалмау үшін 5-7 адам комиссия бола алады”, – дейді Нұрлан Сыбанбекұлы.

Әскери кафедрада оқығысы келетін студенттер қажетті құжаттарын жинап, арнайы сынақтардан өтуі керек. Сол сынақтардан өткен студент қана кафедраға қабылданады. Маман әскери кафедраға қандай құжаттар қажеттігін айтып берді. 

“Комиссия студенттердің барлығына бұйрық бойынша талап қояды. Құжаттар тізіміне –төлқұжат, жоғарғы білім алып жатқаны туралы оқу орнының анықтамасы, сотталмағаны туралы анықтама және медициналық әскери сараптамалық анықтама қажет. Әскери билет немесе әскери билетке дейін берілетін куәлігі болса, ол да сұратылады. Қорғаныс министрлігі мен білім министрлігінің келісе отырып бекіткен әскери кафедраға құжат тапсыру кезеңі болады. Сол кезең аралығында өтініш жазып, студент құжаттарын толық тапсыруы қажет. Комиссия жұмысын бастамастан он күн бұрын, құжат қабылдау тоқтатылады”, – дейді ол. 

Университеттің әскери кафедрасы құжаттарды қабылдауды және конкурстың бірінші кезеңін өткізуді ұйымдастыру мәселелерін қадағалайды. Ал іріктеу комиссясы екінші және үшінші кезеңдерді жүзеге асырады. 

Әскери кафедраға тапсыру

Полковниктің сөзінше, әскери кафедраға студент қабылдаудың төрт кезеңі бар. Әр кезең бойынша жиналған нәтижелерді топтастырғаннан кейін ғана студентке әскери бөлімде тегін немесе ақылы оқуға мүмкіндік беріледі. 

“Әскери кафедраға түсу төрт кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – құжаттарды дайындау, өтініш жазу, үлгерімін анықтау. Екінші кезең – психологиялық тестен өту. Үшінші кезең –физикалық дайындығын анықтау. Ал төртінші кезеңде солардың барлығын қосып, жинаған балдарына қарай комиссия бірінші тегін оқуға, екінші ақылы оқу орындарын анықтайды. Әскери-дәрігерлік сараптама кезінде студенттердің әскери кафедраға қабылдануы үшін белгілі бір талап қойылады. Бірінші әрі ең маңыздысы – салмақ. Студентте салмақ жеткіліксіздігі немесе артық салмақ болмауы керек. Барлығы нормаға сәйкес келгені абзал. Оған қоса, әскери кафедрада оқитын студенттің денсаулығында кінәрат болмауы шарт. Ал физикалық дайындығы белгілі бір нормативке сай келуі керек”, – дейді Нұрлан Сыбанбекұлы.

Өтінішін ұсынған студентке медициналық куәландырудан өту тәртібі бойынша жадынамамен бірге келесі құжаттар беріледі: 

- Медициналық куәландырудан өту үшін жолдама.

- Белгіленген үлгідегі медициналық куәландыру картасы.

- Медициналық құжаттар мен медициналық зерттеулер нәтижелерінің тізімі.

Студентке қойылатын талаптар

Әскери кафедраның ұстазы студенттерге қандай талап қойылатыны туралы айтып берді. Ол бірінші кезекте студенттің білім деңгейі есепке алынатынын жеткізді. 

“Әскери кафедрада оқитын бала міндетті түрде Қазақстан Республикасының азаматы болуы шарт. Университет қабырғасында тәртібі жақсы, білім деңгейі жоғары болуы маңызды. Мықты, төзімді, физикалық дайындығы жағынан шыңдалған, жылдам болуы керек. Студенттің бойында осы қасиеттер болса, ол әскери кафедраға түсе алады”, – дейді кафедра ұстазы. 



Әскери кафедрада не оқытылады?

Еліміздегі әскери кафедраларда студенттер екі бағыт бойынша оқытылады. Кафедрада практика мен теорияны студенттерге бірге үйретіп, кез келген жағдайға дайын болу мәселесін алдыңғы қатарға қояды. 

“Әскери кафедрада екі бағыт бойынша білім беріледі. Біріншісі – теориялық, екіншісі –  тәжірибелік-практикалық. Теорияны меңгеріп болғаннан кейін, практикалық кезең полигондарда, әскери бөлімдерде, арнайы алаңдарда өткізіледі. Теориялық сабақтарда жарғылар, заңдық талаптар, ҚР қорғаныс саласындағы актілер, құқықтық-нормативтік құжаттар мен бұйрықтарды қолдана отырып оқытылады. Бастапқыда жалпы әскери білім беріледі. Әскери қызметкер деген кім, сап, соғыс дегеніміз не деген тақырыптардан бастап, қарудың, соғыстың түрлері туралы үйретеміз”, – деп қосты ол.

Бастапқыда жалпы әскери білім алған студенттер, кейін келе мамандығы бойынша бағытталады. 

“Артынша мамандығына қарай медициналық қызметті ұйымдастыру, жүргізу бойынша бағыттаймыз. Студенттерге даладағы алғашқы көмектен, госпитальда көрсетілетін сапалы кәсіби медициналық көмекке дейін үйретеміз. Өйткені студенттер оны ұйымдастыруды білуі қажет. Науқастарды қабылдап, аяққа тұрғызу сынды талаптар да екінші кезең кезінде қойылады. Оның ішінде санитарлық-гигиеналық, медициналық мүлікпен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, емдеу, профилактикалық іс шараларды ұйымдастыру сынды әскери-медициналық білім кіреді. Теориялық кезеңді тәжірибе ретінде шыңдау үшін практикалық сабақ өткізіледі. Ұл балаларға арнайы орындарды өткізілсе, қыз балалар әлдеқайда жеңіл мекемелерде дайындалады”, – дейді әскери кафедра ұстазы. 

Әскери кафедраны бітіргенен кейін қандай шен беріледі?

Студенттер әскери кафедрадан арнайы әскери шен алып шығады. Бұл олардың болашақта қорқаныс құрылымдарында қызмет етуіне мүмкіндік береді. 

“Медицина университетінің әскери кафедрасын бітірген мамандар запастағы лейтенаттар, запастағы сержанттар болып шығады. Диплом алғаннан кейін оған запастағы лейтенант атағы беріледі. Ол студент Қазақстанның қарулы күштеріне, Қазақстан бойынша қорғаныс құрылымдарының кез келгенінле жұмыс істеуге құқылы”, – дейді ол. 

Қыздар да әскери кафедрада білім ала алады

Кафедра ұстазының айтуынша, мұнда білім алғысы келетін қыздардың қатары артып келеді. Бұл салаға бойжеткендердің де қызығушылық танытуы қуантатынын жағдай, дейді Нұрлан Сыбанбекұлы. 

“Әскери кафедрада оқығысы келетін қыз балалар өте көп. Қыз балаларға ерекше талап қойылмайды. Жалпы ұл мен қыз балаларға қойылатын талап бір. Білім деңгейі, психологиялық төзімділігі, физикалық шыңдалғандығы тексеріледі. Тек физикалық дене дайындығын тапсырған кезде қыз балаларға бөлек, ұл балаларға бөлек норматив бекітіледі. Оған қоса, практика кезінде қыз балаларға жеңілірек тапсырмалар қарастырылған. Ал қалған жағдайдың барлығында ұлдар мен қыздарға бірдей талап қойылады”, – дейді Нұрлан Сыбанбекұлы. 

Еліміздегі 30 ЖОО-да әскери кафедра жұмыс жасайды. Олар: 

Алматы қаласы:

- "Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті" КАҚ жанындағы әскери кафедра;

- Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы әскери кафедра;

- С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті жанындағы әскери кафедра;

- Қазақ ұлттық аграрлық университеті жанындағы әскери кафедра;

- "Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті" КАҚ жанындағы әскери кафедра;

- "Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық хатынастар және әлем тілдері университеті" АҚ жанындағы әскери кафедра;

- "Нархоз Университеті" АҚ  жанындағы әскери кафедра;

Талдықорған қаласы: 

- І.Жансүгүров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті  жанындағы әскери кафедра;

Нұр-Сұлтан қаласы: 

- Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы әскери кафедра;

- Қазақ мемлекеттік медицина академиясының әскери кафедрасы;

- С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті жанындағы әскери кафедра;

- Қазақ гуманитарлық заң университеті жанындағы әскери кафедра;

- Қаржы академиясы" АҚ әскери кафедрасы;

Шымкент қаласы: 

- М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы әскери кафедра;

- Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының жанындағы әскери кафедра;

Тараз қаласы:

- М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті жанындағы әскери кафедра;

Қызылорда қаласы:

- Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы әскери кафедра;

Өскемен қаласы:

- Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті жанындағы әскери кафедра;

Семей қаласы:

- Семей мемлекеттік медицина академиясы жанындағы әскери кафедра;

- Қазақ гуманитарлық заң инновациялық университеті  жанындағы әскери кафедра;

Қарағанды қаласы:

- Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті жанындағы әскери кафедра;

- Қарағанды мемлекеттік медицина академиясы жанындағы әскери кафедра;

Ақтөбе қаласы:

- М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті жанындағы әскери кафедра;

Орал қаласы:

- Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік аграрлық-техникалық университеті жанындағы әскери кафедра;

Ақтау қаласы: 

- Каспий технология және инжиниринг мемлекеттік университеті  жанындағы әскери кафедра;

Атырау қаласы: 

- Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті  жанындағы әскери кафедра;

Петропавл қаласы:

- М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті  жанындағы әскери кафедра;

Көкшетау қаласы:

- А.Мырзахметов атындағы Көкшету   университеті  жанындағы әскери кафедра;

Павлодар қаласы:

- С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті  жанындағы әскери кафедра; 

Қостанай қаласы:

- Қостанай мемлекеттік университеті  жанындағы әскери кафедра.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 24 Тамыз, 2021 16:08
Талқылау