Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тегін баспана мен медициналық қызметтер: Қазақстанда әскери қызметкерлерге қандай әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған

Мемлекет ауыр салмақ түсетін, сондай-ақ қолайсыз климаттық жағдайда әскери қызметшілер үшін әлеуметтік қолдауды көздейді. Біздің еліміз әскери қызметшілердің өздеріне де, олардың отбасы мүшелеріне де қажетті көмек көрсетуге тырысады. Қазақстанда нормативтік құжаттарға сәйкес әскери қызметшілерге белгілі бір жеңілдіктер бар. Осы жеңілдіктер туралы Stan.kz тілшісі анықтап көрді. 

Әскери қызметшілерге тұрғын үй алу процесі қалай жүреді

Тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілер және олармен бірге тұратын отбасы мүшелері: 

– жұбайы;

– кәмелетке толмаған балалары (асырап алынған немесе тәуелді)

– 23 жасқа толған, күндізгі білім беру ұйымдарында оқитын балалары;

– 18 жасқа толмаған мүгедек балалары (асырап алған, асырауындағы немесе қамқорлығында);                           

– ата-анасы мемлекет есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету ҚР-ның “Тұрғын үй қатынастары туралы” заңында көрсетілген тәртіппен жүргізіледі.

2018 жылдан бастап әскери қызметшілер мен мемлекеттік орган қызметкерлері тұрғын үй төлемдерін үй жалдауға ғана емес, баспана сатып алуға да пайдалана алады.

Баспана алу үшін жеңілдіктердің болуы туралы анықтаманы Ұлы Отан соғысының мүгедектері және қатысушылары, Чернобыль АЭС апатын жоюшылар, интернационалист жауынгерлер онлайн ала алады. Ол үшін ЭЦҚ керек емес. Анықтама олардың жеке өзіне ғана емес, туысқандарына да беріледі.

Тұрғын үй алу үшін әскери қызметшіге бірінші кезекте рапорт жасап, оны аудандық тұрғын үй комиссиясы төрағасының атына беруі қажет. Содан кейін рапорт ол қызмет өткеретін құрылымдық бөлімшеде тіркеледі.

Рапортқа мынадай құжаттар қоса беріледі:

- отбасы құрамы туралы анықтама;

- қызмет орнынан анықтама;

- тұрғын үйдің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама;

- қызметтік тізім;

- анықтама қызметтік тұрғын үйді тапсыру туралы бұрынғы қызмет орны бойынша;

- әскери қызметшіде отбасы мүшелері болған жағдайда, әскери қызметші мен оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттардың, балалардың туу туралы куәліктерінің, неке қию (бұзу) куәліктерінің нотариалды куәландырылған көшірмелері;

- отбасында кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын мүшелердің болуы туралы мемлекеттік денсаулық сақтау мекемесінің анықтамасы;

- күндізгі бөлімде оқитын жиырма үш жасқа дейінгі отбасы мүшелеріне Білім беру ұйымынан анықтама;

- мүгедектік тобы бойынша отбасында 18 жасқа толғанға дейін мүгедек бала болған кезде халықты әлеуметтік қорғау мемлекеттік мекемесінен мүгедектігі туралы анықтама;

- балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органнан кәмелетке толмағанның қорғаншылық және қамқоршылық туралы анықтама.

Әскери қызметшілерге қызметтік тұрғын үй ретінде пәтерлер немесе жатақханалар беріледі. Үй-жайдың көлемі бір адамға 15 шаршы метрден кем емес және 15 шаршы метрден артық емес болады. 

Шетелге әскери қызмет өткеру үшін жіберілген әскери қызметшілердің тұрып жатқан тұрғынжайлары шетелде болған барлық уақытына сақталады.

Әскери қызметші тұрғын үймен қамтамасыз етілгенге дейін оған басқа үй-жайды жалға алғаны үшін ақшалай өтемақы төленеді. Өтемақы төлеу мемлекет есебінен жүзеге асырылады. Өтемақы алу үшін себебін негіздеп рапорт жасау, сондай-ақ келесі құжаттар пакетін қоса беру қажет:

- әскери қызметшінің әскери қызмет өткеру орны бойынша тұрғынжаймен қамтамасыз етілмегендігі туралы – жауапты құрылымдық бөлімшенің анықтамасы;

- отбасы құрамы туралы анықтама;

- тұрғын үйді жалдау (жалға алу) шарты.

Әскери қызметкерлерге медициналық қызмет қалай көрсетіледі

Әскери қызметшілер мемлекет есебінен әскери-медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі. Әскери қызметшілерге қызмет орны мен тұрғылықты жері бойынша әскери-медициналық мекеме, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымы, жекеменшік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдары тарапынан тегін медициналық көмек көрсетіледі.

Жекеменшік денсаулық сақтау ұйымдары және жекеменшік медициналық практикамен айналысатын адамдар әскери қызметкерлерге көмек көрсеткен жағдайда кеткен шығын ҚР Үкіметі белгілеген тәртіппен мемлекеттің бюджетінен алынады. Әскери қызметшілердің емделуіне жұмсалған қаражатты ол қызмет ететін уәкілетті орган тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде өтейді.

Әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде жараланған, контузияға ұшыраған, мертіккен немесе ауырған әскери қызметшілер ол әскери қызмет өткеретін қарулы күштер қаражаты есебінен санаторийге жіберіледі.

Мерзімді қызметтің әскери қызметшілері және әскери оқу орнының курсанттары медициналық көрсеткіштері болған кезде мемлекет есебінен санаторлық-курорттық емделуге жіберіледі.

Әскери қызметшілердің отбасыларына көмек қалай жүзеге асырылады 

Әскери қызметшілердің барлық санатына әскери қызмет міндеттерін орындағаны үшін ҚР-ның президенті бекітетін мемлекеттік бюджет есебінен ақы төленеді. Бұл – ҚР органы қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесі бойынша белгіленетін ақшалай үлес.

Ақшалай қаражат (лауазымдық және әскери атағы бойынша жалақы) қызмет өткерудің ерекше жағдайы үшін беріледі. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің лауазымдық жалақысы мемлекеттік қызмет өтілі ескеріле отырып айқындалады. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің лауазымдық шеніне және әскери атағына қарай қосымша ақы мөлшері төмендемейді.

Әскери қызметші әскери қызметте белгісіз себеппен болмаған жағдайда оған бұл күндері үшін ақшалай үлес төленбейді. Ақшалай үлесті, жәрдемақы мен басқа да төлемдерді уәкілетті органдар белгілейді.

Әскери қызметшілерге жарылу қаупі бар заттарды және өзге де жарылғыш құрылғыларды іздеу, тасымалдау, залалсыздандыру және жою сияқты жауынгерлік міндеттерді орындаған кезде уәкілетті орган белгілеген тәртіппен тәулігіне бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы төлейді.

Радиоактив материалды, иондаушы сәулелену көздерін, аса жоғары жиілікті немесе зымыран отының бөлшектерін пайдалану, сақтау бойынша қызмет істеп жүрген, сонымен қатар авария салдарын жою бойынша уақытша жұмысқа тартылатын әскери қызметшілерге жылына 12 тәулікке дейін қосымша демалыс беріледі.

Келісімшарт бойынша жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставаларында қызмет атқаратын әскери қызметшілерге ҚР “Республикалық бюджет туралы” заңында белгіленген мөлшерде ақшалай өтемақы төленеді.

Әскери қызметшілер мемлекет есебінен бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті мемлекеттік органның бірінші басшылары бекіткен норма бойынша заттай мүлікпен қамтамасыз етіледі.

ҚР уәкілетті мемлекеттік органдарының бірінші басшылары белгілейтін нормалар бойынша мынадай жағдайларда:

– жауынгерлік кезекшілікті атқарған кезде;
– қарауылдағы қызметті атқарған кезде;
– тәуліктік нарядты атқарған кезде;
– далалық шығуларға (теңізге шығуларға) қатысқан кезде;
– орналасқан орындарда дауылға қарсы әзірлік кезіндегі іс-шараларды жүзеге асырған кезде;
– маяктарда вахтада тұрған кезде;
– суасты міндеттерін (жұмыстарын) орындаған кезде;
– парашютпен секірген кезде;
– әскери эшелондарға ілесіп жүрген кезде;
– әскери-медициналық мекемелерде (ұйымдарда) стационарлық емделуде болған кезде;
– гауптвахтада ұсталған кезде;
– бітімгершілік операцияға қатысқан кезде, сонымен бірге бітімгершілік операция жүргізу аймағына (ауданына) бару және кері қайту кезінде тамақтандырумен қамтамасыз етіледі.

Ұшқыштар құрамының әскери қызметшілері әскери қызмет өткеру кезінде, авиациялық техникаға және рұқсат етілген инженерлік-техникалық құрылғыларды дайындау кезінде уақытында тамақпен қамтамасыз етіледі.

Әскери қызметшілер мемлекет есебінен қызметі бойынша ауысқан кезде немесе әскери қызметтен шығарылған жағдайда стационарлық емделуге, теміржол, әуе, су және автомобиль көлігімен жол жүруге және 10 тоннаға дейін жеке мүлікті тасымалдауға құқығы бар.

ҚР “Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы” заңында әскери қызметшілерге Қазақстан аумағы бойынша көлікте жол жүруге және пошта жөнелтімдеріне арналған басқа да шығындар өтеледі.

Келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қашықтығы 100 шақырымнан астам бір елді мекеннен басқасына қоныс аударуға байланысты қызмет бабымен ауысқан кезде (оның ішінде әскери бөлім немесе бөлімше құрамында) қызметкерге және бірге қоныс аударған әрбір отбасы мүшесіне ақшалай қаражат төленеді.

 

 

Талқылау