Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҰҚК әкімнің экс-орынбасары Қуат Ақшабаевқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растады

ҰҚК әкімнің экс-орынбасары Қуат Ақшабаевқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растадыФото: Іле ауданы әкімдігі

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облысы Іле ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Қуат Ақшабаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Әлеуметтік желіде Қуат Ақшабаевты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлері ұстағаны туралы ақпарат тарады. Тараған ақпаратқа сенсе, шенеунікке 28 миллион теңге көлемінде пара алды деген айып тағылған. Кейін экс-шенеунік алған параның сомасы шамамен 323 миллион теңге болуы мүмкін деген ақпарат пайда болды.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұрынғы шенеунікке қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растады.

“Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды”, – делінген жауапта.

Алайда ведомство өкілдері Қуат Ақшабевқа қандай айып тағылғаны және тергеудің Қылмыстық кодекстің қай бабы бойынша жүргізіліп жатқаны ашып айтпады.



Ал Іле ауданы әкімдігі Қуат Ақшабаевтың 16 қаңтар күні өз еркімен жұмыстан кеткенін мәлімдеді.

“Қуат Ақшабаев Іле ауданы әкімінің орынбасары қызметінен босатылған және қазір аталған лауазымда қызмет атқармайды”, – делінген хабарламада.

Бұған дейін Алматы облысында Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев ұсталғаны туралы жазылған еді. Кейіннен Іле ауданындағы қоқыс полигонын тексеру кезінде әкім сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінгені айтылған.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 28 Қаңтар, 2026 14:05