"Яндекс.Такси" тарифтердің қымбаттайтыны туралы үш күн бұрын хабарлауға міндеттелді
Фото: Pixabay
Антимонополиялық аудит нәтижесінде "Яндекс.Такси" компаниясы антимонополиялық комплаенсты сақтау туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Самбетов айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Құжатқа сәйкес, компания баға белгілеу ашықтығын арттыру және тұтынушылардың мүддесін қорғау мақсатында бірқатар міндеттемелерді өз еркімен қабылдады. Негізгі шарттардың бірі – жолақы құнының көтерілуі туралы кемінде үш күн бұрын агенттікті хабардар ету міндеттемесі болды.
"Бүгінде компания бағаны көтерген жоқ, сондықтан бізге ешқандай хабарлама түскен жоқ. Бұл хабарлау талабы жақында ғана антимонополиялық комплаенс (ұйым құрған ережелер мен этикалық нормалар жиынтығы – авт) аясында енгізілді, ал заңмен бекітілмеген", – деп түсіндірді Болат Самбетов.
Агенттік әуежай маңындағы тариф белгілеуде де заңбұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, адам көп жүретін жерлерде жол жүру құны әуежайдың өз тарифтерімен шамалас болған – яғни, кәдімгі бағадан әлдеқайда жоғары.
"Біз мұндай тәжірибені жоюды талап еттік. "Яндекс.Такси" бір апта ішінде тарифтік аймақтарға қайта талдау жасап, адам көп жүретін аймақтарды әуежайдың қымбат аймағына қоспауға міндеттелді", – деді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары.
Тұрғындар қымбат таксиге шағымданып жатыр: Қазақстанда "Яндекс.Такси" комиссиясын шектеу ұсынылды
Яндекс қолданыстағы комплаенс жүйесіне мынадай өзгерістер енгізді:
– такси тарифтерінің және жол жүрудің базалық құнының қымбаттайтыны туралы Агенттікке 3 күн бұрын хабарлау;
– әуежай маңындағы кейбір тұрғын аймақтарды әуежай тарифтік аймағынан алып тастау (1 апта ішінде);
– жол жүрудің базалық құнынан екі есе асатын сомадан комиссия ұстамау (бұл жүргізушілердің табысын арттыруға ықпал етеді);
– "Эконом" тарифіндегі комиссияны әр қалада екі жылда бір реттен жиі көтермеу (аталған тариф ең сұранысқа ие тариф);
– максималды сұраныс жағдайында тарифті үш еседен артық көтеруді шектеу (мысалы, ауа райы қолайсыз күндері немесе мереке күндері, мұндай сапарлар әр тоқсанда әр қалада барлық сапардың 5%-ынан аспауы керек, бұл талап нақты көрсетілген);
– сұранысы төмен аймақтар үшін тариф құрамындағы қосымша төлем компонентін пайдаланушы қосымшасында түсінікті көрсету;
– 2025 жылдың 30 маусымынан кешіктірмей пайдаланушыларға сапар бағасының толық құрылымын қосымшада көрсету;
– техникалық қолдау сапасын арттыру, атап айтқанда, пайдаланушылардың өтініштерін өңдеу алгоритмін оңтайландыру.
Бұдан бөлек, Яндекс.Такси "Эконом" тарифінде сұраныс өте жоғары болған кезде (мысалы, ауа райының қолайсыздығы кезінде) сынақ режимінде виртуалды кезек жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе арқылы пайдаланушы қанша адамның такси күтіп тұрғанын көре алады және таңдау жасай алады: кезекке тұру, басқа тарифті таңдау немесе қоғамдық көлікпен жүру.
Сонымен қатар егер сапардың соңғы құны бастапқы бағадан екі есе және одан да көп артық болса, жүргізушіден комиссия алынбайды, бүкіл маржа оның өзінде қалады. Бұдан бөлек, жүргізушілерге қосымша бонустар жүйесі енгізілді. Саладағы айналым мен инфляция деңгейіне байланысты 7–10 миллиард теңгеге дейін болады.

"Пәтерімді сатып, шетелге оқуға түстім": Қазақстандық қыз "Реал Мадрид" футбол клубына жұмысқа орналасты
