Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Volkswagen пайдасы 44% төмендеді: Концерн Германияда 2030 жылға дейін 50 мың жұмыс орнын қысқартады

Фото: Getty Images

Еуропадағы ең ірі автокөлік өндіруші Volkswagen Германияда 2030 жылға дейін 50 мың жұмыс орнын қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл шешімге компания пайдасының төмендеуі себеп болған. Былтыр салық төленгеннен кейінгі таза пайда 2016 жылдан бергі ең төменгі деңгейге түсіп, шамамен 44% азайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Компанияның бас директоры Оливер Блуме акционерлерге жолдаған хатында қысқарту Германияда жүзеге асатынын және бүкіл топқа қатысты болатынын айтты. Volkswagen Group құрамына Audi, Bentley, Lamborghini, Porsche, SEAT және Škoda жеңіл автокөліктері, MAN мен Scania жүк көліктері және Ducati мотоциклдері кіреді.

“Жалпы алғанда, 2030 жылға қарай Volkswagen тобы Германияда шамамен 50 мың жұмыс орнын қысқартады. Біз мүлде жаңа жағдайда жұмыс істеп жатырмыз”, – деп жазды Блуме жылдық есепте.

Концерннің мәліметінше, пайда төмендеуіне бірнеше фактор әсер еткен: АҚШ енгізген импорттық баж салығы, қытайлық өндірушілермен күшейген бәсеке және электрмобильдер өндірісіне көшуге байланысты қайта құрылымдау шығындарының өсуі.

Компания келер жылы жағдай жақсаруы мүмкін деп болжап отыр. Алайда қаржы директоры Арно Антлиц шығындарды қатаң қысқартуға назар аудару қажет екенін айтты.

Volkswagen бұған дейін кәсіподақтармен келісіп, 2030 жылға дейін Германия бойынша 35 мыңнан астам жұмыс орнын “әлеуметтік тұрғыдан жауапты түрде” қысқарту туралы келісім жасаған. Бұл шамамен 15 миллиард еуро үнемдеуге мүмкіндік береді.

Қытайдағы сұраныстың төмендеуі және тарифтер

Басқа да неміс автоконцерндері сияқты Volkswagen де бұрын негізгі нарықтардың бірі болған Қытайдағы сұраныстың төмендеуінен қатты зардап шекті. Сонымен қатар қытайлық брендтер Еуропа нарығына шығып, жергілікті өндірушілерге қысымды күшейтіп отыр.

Ал АҚШ президенті Дональд Трамптың импорттық автокөліктерге 25 пайыздық баж салығын енгізу туралы шешімі жағдайды одан әрі күрделендірді.

Volkswagen жылдық есебінде былтыр компанияның таза пайдасы 12,4 миллиард еуродан 6,9 миллиард еуроға дейін төмендегені көрсетілген.

2026 жылға арналған болжам бойынша, концерннің базалық рентабельдігі 4-5,5% деңгейінде болуы мүмкін. Бұл былтырғы 4,6% көрсеткіштен де төмен болуы ықтимал.

Антлиц топтың рентабельдігі “ұзақ мерзімде жеткіліксіз” екенін айтып, шығындарды одан әрі қысқарту қажет екенін ескертті.

“Біз бұл мақсатқа тек шығындарды қатаң қысқарту арқылы ғана жете аламыз. Келер айларда дәл осыған назар аударамыз”, – деді ол.

Германия автопромының маңызы

Автокөлік өнеркәсібі Германиядағы барлық өнеркәсіп өндірісінің шамамен 20% алады. Capital Economics деректеріне сәйкес, жеткізу тізбегін есептегенде бұл сала елдің ЖІӨ-нің 6% дейін қамтамасыз етеді.

Салада тікелей 780 мыңға жуық адам жұмыс істейді, ал оған байланысты өндірістерде миллиондаған адам еңбек етеді.

Кейінгі жылдары неміс автокөліктерінің өндірісі ғана емес, сатылымы да азайған. Компания есептеріне сәйкес, 2017–2023 жылдар аралығында:

  • Volkswagen сатылымы 10,7 миллионнан 9,2 миллионға;
  • BMW 2,46 миллионнан 2,25 миллионға;
  • Mercedes-Benz – 2,3 миллионнан 2,04 миллионға дейін төмендеген.

Volkswagen Еуропада электрмобиль сатылымы бойынша Tesla-ны басып озды

Сарапшы Volkswagen-нің Қазақстан нарығынан кететінін болжады


Дағдарыстың себептері: электрмобильдер және шығындардың өсуі

Сондықтан автоконцерндер электрмобильдер әзірлеуге және жаңа өндіріс желілерін салуға ондаған, тіпті жүздеген миллиард еуро инвестиция салуға мәжбүр.

Дегенмен электрмобильдер сатылымы күткендей қарқынмен өсіп жатқан жоқ. Ал автоконцерндерден белгілі бір үлесте электрмобиль сатуды талап ететін еуропалық заңнама қазіргі нарық жағдайында өндірушілерге қосымша қиындық туғызып жатыр.

2023 жылдың соңында Германияда электрмобиль сатып алушыларға берілетін мемлекеттік субсидиялар тоқтатылды. Салдарынан келесі жылы елде электрмобиль сатылымы 27% төмендеді.

Сонымен қатар еңбек заңнамасының ерекшеліктері мен кәсіподақтармен жасалған келісімдерге байланысты Германия автокөлік өндіру үшін әлемдегі ең қымбат елдердің бірі саналады.

Capital Economics деректері бойынша, 2023 жылы Германияның автомобиль өнеркәсібіндегі қызметкерлердің орташа негізгі жалақысы айына шамамен 5300 еуро, ал ел бойынша орташа жалақы 4300 еуро болған. Ресейдің Украинаға басып кіруі мен энергия бағасының күрт өсуі де жағдайды қиындатты. Арзан ресейлік газдан бас тарту мен атом энергетикасынан шығу нәтижесінде энергия ресурстарының бағасы айтарлықтай өсті.

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы бұл мәселені одан әрі ушықтыруы мүмкін.

Сондай-ақ герман автоконцерндері негізінен экспортқа тәуелді, оның басым бөлігі АҚШ пен Қытайға бағытталған.

АҚШ тарифтері мен Қытайдағы сұраныстың шамамен 10% төмендеуі арзан энергия мен жоғары жалақы жағдайында жұмыс істеген саланың жағдайын әлсіретті.

Айта кетейік, бұған дейін Volkswagen компаниясы 88 жыл ішінде алғаш рет Германиядағы зауытын жабатын болғаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 13 Наурыз, 2026 20:41