Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтады

Ресей президенті Владимир Путин еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтады. Бұл туралы Назарбаевтың сайтында хабарланды.

Владимир Путин өз жеделхатында Қазақстанның қазіргі тарихындағы аса маңызды белестердің барлығы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екенін атап өтті. Владимир Путин Қазақстанның тұңғыш президенті өзінің ұзақ жылдар бойы атқарған мемлекеттік қызметінде отандастарының құрметіне бөленіп, халықаралық абыройға ие болғанын жеткізді. Ресей Федерациясының президенті сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың интеграциялық бастамаларды жүзеге асырудағы рөліне тоқталды.

"Елдеріміздің арасында одақтастық қатынастар мен стратегиялық ынтымақтастық орнатуға, сонымен қатар Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық процестерді ілгерілетуге Сіздің қосқан үлесіңіз зор",  – делінген Владимир Путиннің жеделхатында.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин екі ел халықтарының арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты тереңдетуге Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесіне тоқталды. Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы қазіргі мемлекетаралық қатынас тату көршіліктің үлгісі екенін атап өтті.



"Сіздің екіжақты қарым-қатынасты ілгерілету мен дамытуға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймын", деген Си Цзиньпин Қазақстанның Тұңғыш Президентін кез келген уақытта Қытай елінің құрметті мейманы ретінде қарсы алатынын жеткізді.

Жылы лебізін білдіріп жеделхат жолдаған, Нұрсұлтан Назарбаевтың ел Президенті қызметіндегі рөліне жоғары баға берген басқа да шетел мемлекеттері мен үкіметтері басшыларының қатарында  Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғыз президенті Садыр Жапаров, Ресей Федерациясы үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин және басқалары бар.

Айта кетейік, 6 шілде күні Нұрсұлтан Назарбаев 82 жасқа толды. Сондай-ақ бұл күні қазақстандықтар елорданың туған күнін тойлады.
 

Талқылау