"Вагнер" әскерінің қатарында соғысқан қазақстандық сотталды
Ұлытау облысының тұрғыны Ресей жағында Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін төрт жарым жылға сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: picabay.com
Үкімді Сәтпаев қаласының соты шығарған. Бұл туралы Ұлытау облысының соты хабарлады.
Соттың ақпаратына қарағанда, Г. деген азамат 2022 жылы күзде Жезқазғаннан Ресейге барып, ЧВК "Вагнер" тобының қатарына қосылған.
"Г Қазақстан азаматы болса да, БАҚ пен интернет арқылы шетелдегі қарулы қақтығыс жайлы хабардар болып, идеологиялық мақсатты көздеп, әкесі Харков қаласының тумасы болғандықтан және шетел билігі орыс ұлтының құқықтарын шектеп жатыр деп санап, "В" жекеменшік әскери компаниясының құрамында қарулы қақтығысқа қатысу идеясын жүзеге асырмақ болған”, – делінген сот хабарламасында.
Сотта айтылғандай, "Вагнер" тобы ай сайын 2,4 мың доллар (240 мың рубль) береміз деп уәде берген. Г алдымен қару қоймасында жұмыс істеп, кейін "Вагнердің" соғысатын бөлімшесіне ауыстырылған. Ер адам 2023 жылы шілдеде Мәскеуден Астанаға оралған.
Сотта күдікті айыбын толық мойындағаны айтылды.
Еске салсақ, осыған дейін Украинаға қарсы соғысқан 22 жастағы өзбекстандық шартты түрде 5 жылға сотталған болатын.