Үйқамақта отырған блогер Жанәбіловтер неліктен сауда ойын-сауық орталықтарында емін-еркін жүр

Блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың адвокаты үйқамақ шарттары мен оларға қойылған шектеулерді түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Адвокат Гаухар Айтжанова блогерлердің үйден шығып, сауда ойын-сауық орталықтары мен кинотеатрларға баруы қаншалықты заңды екенін айтты. Оның сөзінше, бұл әрекеттер үйқамақ талаптарын бұзбайды.
“Бұл заңды. Үйқамақ шартына сәйкес, олар тек кешкі 22:00-ден таңғы 07:00-ге дейін үйде болуы тиіс. Қалған уақытта олардың кәмелетке толмаған балалары бар екені ескеріледі. Ата-анасы балаларына киноға, сауда ойын-сауық орталықтарына немесе мультфильм көруге апара алмайтынын түсіндіре алмайды. Сондықтан сот мұндай жағдайларда үйден шығуға рұқсат берген. Сол себепті олар еркін шыға алады”, – деді Айтжанова.
Lamborghini мен жүздеген миллион теңге: Блогерлер Ерболат Жанәбілов пен жұбайы үйқамаққа қамалды
Сонымен қатар адвокат олардың ұялы телефон қолдануына да шектеу барын айтты.
“Олар ұялы телефонды тек өз тұрғылықты жерінде пайдалана алады. Алайда іс бойынша қатысы бар адамдармен байланысуға болмайды”, – деді ол.
Гаухар Айтжанованың айтуынша, блогерлерге электронды білезік тағылмаған. Cонымен қатар қазір блогерлердің әлеуметтік желіні қолданбайтынын айтты.
“Иә, барлық мүлікке тыйым салынған. Бұл олардың қазір тұрып жатқан үйіне де қатысты”, – деді Айтжанова.
Еске салайық, бұған дейін блогер Жанәбіловтер отбасы ұйымдастырған 10 көлік ұтысы дау туғызғанын жазған едік. Қаржы мониторингі агенттігі ұтыс заңдылығын тексеруге кірісіп, материалдар туризм министрлігінің "Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетіне" жолданды. Артынша, туризм және спорт министрлігі Instagram әлеуметтік желісіндегі "Zhanabylov_e" және "elt6i" аккаунттарында өткізілген бағалы сыйлықтарды ұтысқа салуға қатысты мәлімдеме жасаған еді.
"Авиаотын бағасын көтеріп, қауіпсіздік талабын орындамау": Қазақстандық әуежайларға неге жаппай айыппұл салынды