"Үй тазалап айына 7 миллион теңге табуға болады": Қазақстандық отбасы АҚШ-та клининг саласында жеке кәсіппен айналысады
29 жастағы алматылық Айгүл Сарбасова АҚШ-қа көшіп, үй тазалап, айына үш миллион теңгеден астам табыс тауып отыр. Ол отбасымен бірге шетелде клининг саласында кәсібін бастап, жергілікті нарыққа бейімделіп үлгерген. Айгүл Stan.kz ақпарат агенттігіне АҚШ-тағы кәсібі, табысы және жұмысының қызығы мен қиындығын айтып берді.
Алматы тұрғыны Айгүл Сарбасова АҚШ-тың Иллинойс штаты, Чикаго қаласына көшіп кеткен. Онда ол күйеуімен, анасымен және өгей әкесімен тұрады. Айгүлдің айтуынша, шетелде иммигрант болу оңай емес. Себебі экономика мен бәсеке қарқынды дамыған мемлекетке көшіп барғандар түрлі ауыр жұмысты аз қаражатқа атқарады екен. Содан Айгүл және оның отбасы клининг саласындағы жеке кәсібін қолға алуды жөн көріпті. Мұндай идеяны ата-анасы ұсыныпты.
“Жұмыстың, кәсіптің оңайы жоқ. Дегенмен жаңа жеке кәсіп ретінде клининг саласы – жақсы әрі ұтымды бастама. Себебі оған керектің бәрі – шелек, су, швабра, химия заттар қолымызда бар. Бала кезімде анам Air Astana-да бортсерік болып істеді. Анам үнем сапарда болған соң, оны көп көрмейтінмін. Дегенмен анамның арқасында әлемді тануға деген махаббатым ерекше. Ал кішкентайымнан ата-әжемнің тәрбиесінде өскендіктен, үй шаруасына ұқыптымын. Соның арқасында шетелде клининг кәсібін жүргізу қатты қиынға соқпады ”, – дейді Айгүл.
Айгүл және оның отбасы тек жеке үйлерді ғана емес, түрлі коммерциялық ғимараттарды да тазалайды. Алғашында олар нарықтағы бағаны білмей, аз ақыға қызмет көрсеткен екен. Мәселен, екі бөлмелі үйді 80 долларға (40 мың теңге) жинап жүрген. Нарықты зерттеп, тәжірибе жинаған соң, еңбекақысын көтеріп, екі бөлмелі пәтерді 170 долларға (79 мың теңге) тазалайды. Қазір олар күніне тек бір үйді жинап, орта есеппен айына 6000-7000 доллар (3-3,5 миллион теңге) табады.
“Әрине, салық, жанармай, химия заттары сияқты шығындарымыз бар. Дегенмен аса қиын мәселе емес. Қазір біз жұмыспен қарбаласып кетпес үшін күніне тек бір-екі тапсырыс аламыз. Бірақ қарқынды жұмыс істесең, күніне үш-төрт тапсырыс алып, айына 15 000 доллар (7 миллион теңгеден астам) табуға болады. Барлығы мақсатыңыз бен күш-жігеріңізге байланысты”, – дейді Айгүл Сарбасова.
АҚШ-та адамдар үй жинайтын, жөндейтін мамандарды, сантехниктерді және тағы басқаларын Thumbtack платформасы арқылы шақырады екен. Әдетте Айгүл де өз клиенттерімен сол жүйе арқылы байланысып, тапсырыс қабылдайды. Кәсіпкер клинингпен айналысатын адам тек табысқа емес, жұмысын толық әрі дұрыс орындауға назар аударуы керек екенін айтады. Сонда тұрақты түрде қомақты табыс әкеліп отыратын клиенттерге де, олар арқылы жаңа клиенттерге де ие болады.
“Бірде бір клиентіміз бізді бір компанияға ұсынды. Ол компания бір ғимаратты жөндеген екен. Сол ғимараттың ашылу рәсіміне дейін ішін – кеңселерді, қоймаларды, жүргізушілерге арналған бөлмелерді жинап беруімізді сұрады. Осы жұмысымыз үшін біз бір күнде 1250 доллар (635 мың теңге) алдық. Мұндай ауқымды тапсырыстар күнде бола бермейді. Бірақ жұмысың арқылы өзгелердің алдында өзіңді жақсы жағынан көрсете алсаң, осындай тапсырыстар түсіп тұрады. Сондықтан бұл салаға енді келгендер санға емес, сапаға жұмыс істегені жөн. Қазір клиенттеріміздің арасында тек америкалықтар емес, Қазақстаннан, Қырғызстаннан көшіп келгендер де бар. Олар Thumbtack платформасына біз туралы оң пікірлерін жазады, соның арқасында онда “Top Pro” статусындамыз және басқаларға бірінші қатарлардан көрінеміз, – дейді жеке кәсіпкер.
@usa.akoni #сша #казахстан #казахи #клинингвсша #работавсша #работавамерике #бизнесвсша #алматы #жизньвамерике #жизньвсша #буднийдень #одинденьвсша #иммиграциявсша #клининговыйбизнес #историиизжизни #чикаго #клинингвчикаго #бизнесидея ♬ оригинальный звук - Клининг в США
Айгүл клининг саласының да өз қиын тұстары бар екенін де айтады. Мәселен, оларға ағылшын тілін білмей, клиенттермен байланысу және мексикалық клининг компанияларымен бәсекелесу оңайға соқпапты.
“Әрине, ағылшын тілін білгеніңіз дұрыс. Дегенмен тіл білмей-ақ, бұл іспен айналысуға болады. Кейін АҚШ штаттарындағы, қалаларындағы колледждерден ағылшын тілін тегін үйренуге болады. Мысалы, мен басында ағылшын тіліне шорқақ болдым. Мектепте үйренгеніммен ғана сөйлейтінмін. Есесіне жұмысымды сапалы атқаруға тырыстым. Мексикалықтар да клининг кәсібімен көп айналысады. Олардың артықшылығы – жұмысты өте жылдам істеуі. Алғашында олармен бәсекелесу қиын болды. Дегенмен біз кейін жылдамдықпен емес, сапамен ұта алатынымызды түсіндік. Негізі ТМД елдерінен көшіп келгендер ісіне жауапты. Мұны америкалықтар да байқайды”, – дейді Айгүл.
Айгүлдің айтуынша, АҚШ-та клининг саласында кәсіп бастайтындарға ең бірінші керегі – сапалы шаңсорғыш, швабра және химия заттары. Қай химия қоспасын қай кезде қолдану керек екенін білген абзал. Мәселен, мәрмәрдан жасалған еденді жай ғана су немесе арнайы қоспа арқылы ғана жуу керек. Эксперимент жасаудың қажеті жоқ. Екіншіден, адамның жұмысқа ниеті, құлшынысы болуы керек. Үшіншіден, клиенттермен жақсы байланыс орнату үшін үнемі күліп тұрған жөн.
“Кейде клиенттердің жоспары, уақыты өзгеріп кетеді. Кейбір кеңсені, үйді жинау ойлағаннан да қиынға түседі. Бірақ біздің басты қағидамыз – сабыр сақтап, кез келген жағдайға позитивпен қарау және барынша клиенттің жағдайына бейімделу. Есесіне қазір еңбегіміздің жемісін жеп отырмыз”, – дейді ол.
Айгүлдің отбасы жеке кәсібін дамытқысы келеді. Қазір олар арнайы қуатты шаңсорғыш сатып алып, кілемдерді де жуумен айналысады. Болашақта тағы да қызметкерлерді жұмысқа алып, клининг қызметін кеңейткісі келеді.
“АҚШ-та тынбай еңбек етсең, жайлы өмір сүруге болады. Тіпті, қазір бұл елде көптеген қазақтардың қауымдастығы бар. Қазақтар шетелде болса да, балаларына өз мәдениетін, дәстүрін, тілін, аспабын үйрете алады. Десе де өз елімді, туыстарымды, ата-әжеммен айтатын жылы әңгімелерімді сағынамын. Қазақстан – кіндік қаным тамған жерім, ал АҚШ –мүмкіндік сыйлайтын жер. Сондықтан дәл қазір осы елде кәсібімізді дамытып, қызметкерлер алып, ісімізді кеңейтсек дейміз. Одан бөлек өзім оқып, білімімді жоғарылатқым келеді. Жолдасым екеуіміз қала сыртынын үй алып, бала сүйгіміз келеді”, – дейді Айгүл Сарбасова.

"Қазақтың ашкөздігі - ашаршылықтан": Психолог ашаршылықтың қазақтарға қалай әсер еткенін айтты
