"Утильсборға жол жоқ" қозғалысының жетекшісі: Министрліктің шешімі көліктің арзандауына себеп болмайды
"Утильсборға жол жоқ" қоғамдық қозғалысының белсендісі Нұраддин Садықов ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың соңғы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, елдегі утиль алымның 50 пайызға төмендеуі аса қуанатын жаңалық емес. "Себебі бұл көлік тапшылығын шешпейді, арзандауына себеп болмайды" деп ашынды ол. Бұл туралы Нұраддин Садықов Нартай Аралбайұлына сұхбат берді.
"Көтерілмесек, бұл нәтиже де болмас еді. Бірақ біздің қалағанымыз басқа еді. Индустрия және сауда министрлігінің өкілдері бізді "лақтырып" кетті", - деп ашық мәлімдеді маман.
Айтуынша, министр Қайырбек Өскенбаев осыдан 10 күн бұрын 50 пайызға төмендету туралы ұсынысты қайта қарауға уәде беріпті.
"50 пайызды қайта қарастыруға Өскенбаевтың өзі уәде берген болатын. Егер оны орындамайтын болса, бізді әуре қылып, уақытымызды алудың қажеті жоқ еді", - дейді Садықов.
Маманның айтуынша, қазіргі уақытта әлемде көлік дефициті жоқ.
"2019-2020 жылдары пандемия кезінде болды. 2021 жылдың жартысынан бастап шешілді, ал бізде әлі жалғасып келеді. Яғни бұл қолдан жасалған әрекеттің белгісі", - деді ол.
Осы ретте қоғамдық қозғалыстың белсенді мүшесі мұнымен тоқтап қалмайтынын, соңына дейін күресетінін мәлімдеді.
"Біз соңына дейін күресеміз. Жеңіл көліктерге утиль алымды 100 мың теңгеге дейін, ал қалған ауыл шаруашылығы мен өзге техникаларға 0 теңге деген ұстанымда тұрамыз. Себебі мұның дұрыс емес екендігін және халықты қанап отырған әрекет екенін дәлелдей түсіп, көздері жетпесе тағы да басқа әрекеттерге баруға тырысамыз", - дейді Садықов.
Нұраддин Садықов осы тақырып аясында ертең күндізгі сағат 12.00-де баспасөз конференциясы өтетінін хабарлады.
Бұған дейін Қазақстанда утильдік алым мөлшері 50%-ға азайғанын жазған едік. Артынша жеңілдетілген автонесиенің шарттары жарияланды.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
