Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Утильдік алым азайса да, көлік арзандамайды": Министр көліктердің бағасы утильалымға қатысты емес екенін айтты

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев утилизациялық алымның жаңа бағасы ертең 23 ақпанда белгілі болатынын айтты. Бұл дегеніміз көптен бері үміт күтіп жүрген қазақстандықтардың сұрағына ертең жауап беріледі деген сөз. Ал "Нет утильсбору" қозғалысының жетекшісі Нұраддин Садықов бұл шешімді қабылдарда билік бізбен ақылдасқан жоқ дейді. Мұнымен қатар индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев көліктің бағасы утилизациялық алымға байланысты емес екенін айтты. Бұл жайында Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

машина новая

Жалпы шетелден әкелінген көліктер үшін алынатын қосымша салық түрі соңғы жылдары қазақстандықтардың басты мәселесіне айналған. Әсіресе көлік иелері былтырдан бастап утилизация алымына қарсылықтарын ашық білдіре бастады.

"Нет утильсбору" қозғалысының жетекшісі Нұраддин Садықов министр Брекешевтің утилизация мәселесіне байланысты ертең қабылдайтын шешімінен мүлдем бейхабармыз дейді.

"Біз утилизация мөлшеріне қарсылық білдіріп жүрген қозғалыс өкілдері ертеңгі министрдің қабылдайын деп жатқан шешімінен қабарымыз жоқ яғни қандай мөлшер белгіленетіні бізбен ақылдасып, келісілген жоқ. Өткен аптадағы индустрия министрі Қайырбек Өскенбаевпен кездескенімізде министрлік тарапынан утиль алымын 50% дейін азайту туралы ұсыныс дайындалып жатқанын айтқан, бірақ біз мұнымен де келіскен жоқпыз", - дейді қозғалыс жетекшісі.

Садықовтың сөзінше, қозғалыс өкілдері тарапынан барлық сараптамалық құжаттар тиісті орынға тапсырылғанымен, мардымды жауап ала алмаған.

"Өзіміздің есептерді негіздейтін сараптама құжаттарын бердік. Бірақ ол есептерді қабылдаған индустрия министрлігі саясат комитетінің басшысы Ілияс Оспанов тарапын да, басқа жауапты тұлғалар тарапынан да кері байланыс болған жоқ. Осы күнге дейін Оспановқа жеке хабарласып утиль мөлшеріне байланысты жауап алуға тырыстым. Алайда маған жауап берген жоқ. Сол себепті егер ертең біздің қойып жүрген талаптарға маңайламайтын шешім қабылдайтын болса, біздің қозғалыстың бұған қатысы жоқ деп біліңіздер", - деп түсіндірді ол.

Садықов егер ертең утилизация мөлшерін халықтың ыңғайына келетіндей етіп қабылдамайтын болса, қозғалыс мүшелерінің келесі әрекетке көшетінін жеткізді. Сондай-ақ ол бұл әрекеттер саяси сипатқа ұласатынын ескертті.



"Нетутильсбору" қозғалысы ауылшаруашылық техникасын утилизация алымынан мүлдем босатуды талап етеді. Ал автокөліктерге қатысты утильдік алым мөлшері көліктің қозғалтқыш күшіне байланысты 0-50 теңгеден және 50-100 мың теңгеден аспауы керек.

Бүгін мұнымен қатар индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев ақпарат құралдарына берген сұхбатында "көліктің бағасы утилизация алымына байланысты емес" екенін айтқан. Осы сөзімен ол "утиль алымын алып тастаса көлік арзандайды" деген халық арасына тараған сөзді жоққа шығарған.

"Халықтың ойынша, утилизация алымын алып тастаса немесе азайтса, көлік арзандайды. Бірақ бұл олай емес, статискаға қарайықшы. Мысалы, өзімізде шыққан көліктерге бір тиын утилизация алымы төленбейді. Былтыр 105 мың жеңіл көлік сатылса, 64 пайызы отандық өнімдер. Оларға утилизация алымы төленген жоқ. Трактор бойынша 89 пайызы – өз өніміміз, автобустардың 74 пайызы өзімізде шығарылған. Яғни утилизация алымын азайтса да, көбейтсе де олардың бағасы сол күйінде қалады. Утилизация көлік бағасына әсер етпейді", - деген ол. Министр сонымен бірге шетелден келетін көліктердің де арзандамайтынын айтқан.

"Менің ойымша, шетелден келетін көліктер де арзандамайды. Себебі олар ертеңгі күні бағаны түсіретінін біліп, бағасын кемітпейді. Тек олардың өз қалтасына түсетін ақша көбейер, ал бағасы сол күйінше қалады", - деп түсіндірген Өскенбаев.

Еске салайық, елімізде болған қаңтар оқиғаларынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев утилизация алымын жинаумен жеке компания емес, мемлекеттік орган айналысуы керек деп мәлімдеп, "Оператор РОП" компаниясын жабуды тапсырған. Артынша оның функциясы "Жасыл даму" акционерлік қоғамына жүктеліп, ақпан айының басында утилизация алымын қабылдай бастаған.

Ресми деректерге сәйкес, "Оператор РОП-қа" утилизация алымын жинаудан жалпы сомасы 691,9 млрд теңге қаражат түскен. 

Талқылау