Ұстазы: Максим Арышев Отанын қатты жақсы көрді
Петербордағы жарылыста көз жұмған отандасымыз жер қойнына тапсырылды. Туған жері Алматыда Максим Арышевпен қоштасуға жиналған адамның қарасы қалың. 20 жасар жігіт метродағы жарылыс кезінде жанкештіге тым жақын тұрыпты. Тіпті, туыстары ол содырды өз денесімен жауып, жарылыс құрбандарының санын әлдеқайда азайтты дегенді айтуда, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Қанды қырғыннан 4 күн өткенде ғана Максимнің денесі туған жерге жеткізілді. Оны жақындары Петербордан ұшақпен әкелген. Ал табытқа салынған сүйек әуежайдан жедел жәрдем көлігімен әкетілді. Араға бірер сағат салып марқұммен қоштасу рәсімі басталды. Оны ақтық сапарға шығарып салуға жүз қаралы адам жиналған. Арасында, Максимнің дос-жарандары мен ұстаздарынан бөлек, оны мүлдем танымайтын жанашыр отандастастарымыз да көп.
“Байсалды жігіт болатын. Бәрімен дос болған. Ашық-жарқын адам еді”, – дейді Максим Арышевтың досы Ұлан Мырзабеков. Ал кеше Максим Арышевпен петерборлықтар қоштасқан. Жарылыс болған күннен бері оны жоқтап, көзіне жас алғандар көп. Ал жігіттің қара жамылған анасы жұртқа алғыс білдіріп, көпшілікті сабырға шақырды.
“Жаны қиналмай кетті. Балам ненің қалай болғанын білмей қалды. Сондықтан жыламаңыздар!” – Максим Арышевтың анасы Ирина Арышева.
Максим – отбасындағы 3 баланың ортаншысы. Петербор Мемлекеттік экономикалық университетінің 3-ші курсында оқып жүрген ол жазда Алматыға қайту үшін билет те алып қойыпты. Ал оқуын бітіргеннен кейін Қазақстанға оралуды ойлаған екен.
“Мақсаты зор болатын. Қазақстанға келем жұмыс істеймін деп жүрген. Өте патриот бала”, – дейді Максим Арышевтың ұстазы Светлана Серғазина.
Қанды оқиға болған күні де отандасымыз сабақтан қайтып бара жатыпты. Сөйтіп, метродағы жарылғыш затқа тым жақын тұрған. Тіпті, туыстары оның қауіпті затты жармақ болған содырды өз денесімен жауып, ерлік жасағанын айтуда. Десе де, бастапқыда Максим Арышевтың өзі жанкешті делінген еді. Кейін бұл ақпарат жоққа шығарылды. Максим – дүйсенбі күні Петербордың метросында болған лаңкестік оқиғадан қаза тапқан 14 адамның бірі. Жарылыстан тағы 50-ге тарта адам жарақаттанған. Ал өзін жарып жіберген жанкешті Ресей азаматтығын алған Қырғызстан тумасы Акбаржон Жалилов делініп отыр.
Қазір Ресейде осы оқиғаға қытысты «лаңкестік әрекет» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр. Бірнеше адам қамауға алынды. Ал бүгін жерленген қазақстандық Максим Арышевтің жақындарына Ресей билігі 2 миллион рубль көлемінде өтемақы төлейтін болыпты.
Жіберіп алмаңыз:
Алматы метросындағы жасөспірімдердің әрекеті пойыздың шұғыл тоқтауына себеп болды (видео)
Әуежайлар мен вокзалдарда намазханалар қайта ашылатын болды
18 жасында әке атанған жігіт ерте отбасын құрудың артықшылықтары туралы айтты