Үш метрдей биіктен құлап, омыртқасы мен қабырғасы сынған: Тараздағы мектептердің бірі электрикке 1,2 млн теңге төлеп беретін болды
Фото: freepik.com
Тараз қаласындағы мектептердің бірі жұмыс үстінде ауыр жарақат алған электрикке 1,2 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жоғарғы сот таратқан мәліметке қарағанда, қаладағы мектептердің бірінің электригі директор орынбасарының тапсырмасымен ғимараттың қасбетіндегі прожекторлардағы шамдарды ауыстырып жатқан кезде құлап, зақым алған.
Шамамен үш метр биіктіктен құлау салдарынан электриктің омыртқасы мен қабырғасы сынған. Жарақаттар ауыр өндірістік жарақаттар санатына жатқызылды.
Талап арыз берген кезде жәбірленуші қомақты материалдық шығынға ұшырап, емделіп жүрген.
Осыған байланысты ол жауапкерден материалдық және моральдық шығын талап етіп, сотқа жүгінген.
Жауапкердің өкілі бұрын көрсетілген материалдық көмекті және қызметкердің жұмыста жоқтығына қарамастан еңбекақы төленгенін алға тартып, талап арызды мойындамаған.
"Істі зерттей келе, сот электриктің қызметтік міндеттерін орындау кезінде үш метрге дейінгі биіктіктен құлағанын анықтады. Жазатайым оқиғаны тергеу актісіне сәйкес жұмыс берушінің кінәсі – 100%, ал қызметкердікі – 0%. Жұмыс беруші қауіпсіздік пен бақылаудың тиісті деңгейін қамтамасыз етпеген, жұмысты ұйымдастыру қанағаттанарлықсыз деп танылды", – делінген сот хабарламасында.
Осыған байланысты мектеп әкімшілігі 1 200 000 теңге материалдық және моральдық шығынды, сондай-ақ құқықтық көмек көрсету шығындарын өтеуге міндеттелді. Шешім заңды күшіне енді.

"Кесар тілігін жасағанда баланың басын қоса тіліп жіберген": Ұлына ем іздеген алматылық әйел перзентханадағы дәрігерлерді кінәлайды
